«ҚЫСҚЫ АРМАН МЕН МАХАББАТ»

Уақыты: 13.02.2025
Оқылды: 447

Бұл – екінші рет қысқы Азия ойындарын қабылдап жатқан (осыған дейін 1996 жылы өтті) Қытайдың Харбин қаласында бастау алған жарыстағы негізгі ұран сөз. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 6 күміс,  4 қоламен (барлығы 13 медаль) жалпы кестеде 4-орында келеді. Қытай (І орын; 21 алтын,  23 күміс, 20 қола), Оңтүстік Корея  (ІІ орын; 12 алтын, 12 күміс, 11 қола) 35 медальмен және Жапония (ІІІ орын; 5 алтын, 6 күміс, 10 қола) 21 медальмен алдымызда тұр.

Харбиндегі қысқы Азия ойындары ел құрамасы үшін тарихи, айтулы жетістіктермен өрілді. Мәселен, шорт-тректен 5000 метр эстафетада ел намысын қорғаған команда (құрамында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Ажғалиев және Глеб Ивченко) алтын алды. Жарысты көріп, спортшыларымыздың нәтижесін бақылап жүрген ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов: «Бұл жүлденің біз үшін маңызы зор. Өйткені Қазақстанның шорт-трек спорты тарихындағы қысқы Азия ойындарында жеңіп алған алғашқы алтын медаль. Жеңіс жолында еңбек еткен жаттықтырушылар құрамына да ерекше алғысымды білдіремін» деді.

Оған дейін күміс те, қола да алған еді. Ал биылғы жарыста екінші алтынды сыйлаған – Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов (фристайл-акробатика). Синхронды секіруде үздік атанған фристайлшыларымыз 97,92 ұпай жинап, Азия рекордын тіркеді. Күміс медаль алған Қытай жұбы (Ху Ген мен Юхэн Ян) бір ай бұрын Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын және күміс медаль алған еді. Ал үздік үштікті түйіндеген Ци Гуанпу Бейжің Олимпиадасында жекелей сында алтын, миксте күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар ол – 2 дүркін әлем чемпионы.

Үшінші алтынның иесі – Владислав Киреев. Отандасымыз ІХ қысқы Азия ойындарында биатлоннан  10 шақырым спринтте чемпион атанды. Ол жарыс жолын 29 минут, 47.4 секундта жүріп өтті. Харбиндегі жарыс жалғасып жатыр. Сынға түскен әр спортшының ел мерейін өсіріп, тамаша нәтиже көрсеткенін қалаймыз.

Қали АСҚАР