Мұз айдынының мұзбалағы

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1920

Сарай іші қараңғы. Иін тіресе толған халық іш тартып, тыныштық сақтауда. Мұз айдыннан суық леп келеді. Мұз деген аты ызғар болғанымен көңілімізге бір жылу толтыратындай күй кешудеміз. Кенет жарық жанды. Мұз айдынының орта тұсынан сұлу да сымбатты шынашақтай бір бала қалқып келеді. Таң сәріде ұясынан шыққан  күннің шапағына шомылып, көл бетіне қонған аққудай сұлу бейне бұрала келіп тең ортаға тоқтады. Сол сәтте Көкшенің кербез әуені «Япыр-ай» ойнап сала беріп еді, біз көрген әсем бейне мұз үстінде әуезді әнмен ырғалып, қалықтап кете барды. Қазақы нақыш, маңдайында кестеленген оюы бар орамал. Құдды бір шабандоздай мұз үстін тілгілеп келеді. Айдарынан жел есіп, қос иығына ілген қырдың қызыл түлкісінің терісі желмен бірге желпілдеп, бидің ажарын одан ары ашып жібергендей. Стиль, хорезм, техника, киім, дене бітімі, тулуп, аксель, барлығы үйлесіп-ақ келеді. Қандай әсем, жанға ләззат сыйлағандай рахатқа бөленесің. Билей түс, сайын даланың көк майса шөбіндей ырғала түс, әлемдік классиканың биік шыңына «Япыр-айды» да жетеле деген тілегіміз басылар емес. Таңдайымыз кеуіп әбден шөлдеген біздің шөліміз басылып, сарайымыз ашылғандай күй кештік. Көк айна мұздың үстінде құстай зулаған шынашақтай бала ортаға кеп тізесін мұзға тіреп, оң қолымен жүрек тұсын ұстап, әдемі биін аяқтады. Осы сәтте диктор мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен деп хабарлады. Қаршадай бала қалың ормандай халықтың ортасында жарқ етіп шыққаннан-ақ ыстық ықыласқа бөленген еді. Бұл жолы тіптен көкке көтерді. Өнерімен қазақтың өлеңін өрге сүйреген Денис Тен қазақ халқының көзқуанышына айналды. 
Иә, бұл күні кеше ғана мұз үстінде қазаққа жылу сыйлаған Денис Тен еді. «Еді» деп өткен шақпен сөйлеу қандай қиын. Күллі әлемнің алдында қазақты таныстырған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен енді жоқ... Жоқ деген сөз барлығымызға да ауыр тиіп тұрғанын білемін. Біле тұрсам да айтуға тура келіп тұр. Алып шаһардың ортасында қаныпезер қарақшының қолынан қаза тапты дегенде қабырғам сөгіліп, жүрегім қақ айырылғандай күй кештім. Кешегі өзің кескілеген мұз айдыны бүгін суық. Бұрынғыдай айдыннан жылу леп емес, ызғар соғып тұр. Өзің барда әдемі биіңмен айналаңдағы ағайынның жан жүрегін жылытып өтуші ең. Бүгін мұздатып барасың. Өзің өнер көрсеткен «Балуан шолақ», «Халық арена», «Алматы арена» бүгін жетімсіреп тұр. Сенің шығар тауың әлі алда еді. Ел саған сенім артты, сенді, сол сенімді сен ақтадың. Оған күллі қазақ жұрты куә болды. Саған сүйсінді, сүйінді, сүйкімділігіңе тамсанды. Азиада мен Универсиаданың алтынын былай қойғанда Сочидің күмісінің салмағы да ауыр еді. Ол қазақ тарихында тұңғыш медаль. Сен онымен қанағаттанбадың. Алдағы Олимп шыңына тағы ұмтылдың. Қайтсем қазаққа алтын сыйлаймын деп талпындың. Ол арманыңа да жетер едің. Егер қандықол қарақшылардың қолына тап болмағанда. Олар сенің халықтың баласы екеніңді біле ме екен? Әй, білмейді. Білсе мұндай жауыздыққа бармас еді. Мұз үстіндегі  ләззатқа бір өзің ғана рахаттанып қоймадың. Соңыңнан шәкірт ерттің. Ол аз дегендей, әлемдегі барша достарыңды ертіп, қазақ даласына әкелдің. Жай ғана қонақ етпей қазақтың мұз айдынында мәнерлеп сырғанаттың. Менің елімді көр, салтымды сүй, асымды тат дедің. Сол арқылы өзіңнің абыройың мен еліңнің мәртебесін көтердің. Осы ерлігің үшін қазақ халқы саған қарыздар. Мұндай ерлік жуық арада қайталана қоймас. Қайталанса да дәл сенікіндей болмайтыны анық. Бұғанаң қатпай жатып, он бес, он алты жасыңда күллі әлемді аузыңа қараттың. Атағынан ат үркетін Патрик Чен мен Плющенколарың сенімен санасатын күйге жетті. Бұл сенің ұлтжандылығың еді. Бар асыл қасиетті бойыңа жинап, бергеніңнен берерің көп болса да, тым ерте арамыздан кете бардың. Амал нешік, көнеміз.
Кенет жарық сығырайды. Ызғар жел соқты. Бұрынғыдай емес, тым суық. Өңменімнен өтіп барады. Сығырайған жарықпен бірге қаршадай бала да көз ұшында сөніп барады. Ақ моншақ жылт-жылт етіп, япыр-ай, жерге тамар-ай. Жалған-ау...  Қош, мұз айдынының мұзбалағы!   

Ришад Тұрғанбаев