АРУЖАН БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕС

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 1759

Жақында Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов ауданымыздың мақтанышы Аружан Мұхтарды кезекті жеңісімен құттықтап, спортшыға сый-сияпат табыстады.

 

   Иорданияның астанасы Амманда каратэ-до WKF тұжырымы бойынша ересектер арасында Азияның ХV-ші чемпионаты өткен. Байрақты бәсекеге Азияның 30 мемлекетінен 384 спортшы қатысты. Токио 2020 Олимпиадасының биылғы жылғы  алғашқы  лицензиялық жарысында жерлесіміз Аружан Мұхтар жекелей сында 55 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп, қола медальді жеңіп алды. Осы жарыстың қорытындысы бойынша Аружан Олимпиадалық  лицензияға қажетті 385 ұпай жинады. Жарыстың келесі күні командалық сайыста Аружан бастаған қыздар командасы Оңтүстік Корея, Тайпей, Индонезия және Қытай командаларын жеңіп,  ақтық сайыста  Жапония командасынан ұтылып, жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. 
   Қазақстан құрама командасынан қатысқан  алты қыздың ішінен  Аружан жалғыз өзі қос бірдей медальді жеңіп алғанын мақтанышпен айтамыз. Осы жарыстың қорытындысымен Аружан «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды.
   Аружан Мұхтар қыркүйек  айында Берлин Премьер-лигасы, қазан  айында  Италияда әлем чемпионаты, қараша  айында Токио Премьер-лигасы, желтоқсан  айында Шанхайда оқу-жаттығу жиынына қатысады деп жоспарлануда. Біз Аружанға алдағы болатын жарыстарда да жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сеніммен қарап, үлкен жеңіспен оралуына тілектеспіз. 



Алтынай СЕЙТКЕН
Балқаш ауданы