БАЛҒЫН БАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

Уақыты: 04.08.2018
Оқылды: 2589

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында қолға алынып, жүргізіліп келе жатқан іс-шаралар аз емес. Оның бәрі көңіл түкпірін нұрландыра түседі.

 

   Кеген ауданындағы Шырғанақ ауылында грек-рим күресінен 2003-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында еңбек ардагері Молдәлім Нұрмұханбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ашық біріншілік өтті. Аталған біріншілікке Алматы, Қапшағай, Талғар қалаларынан және Кеген, Райымбек аудандарынан келген балғын палуандар қатысты. Ауыл спортын дамытуға арналған игі шараға Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұрбақыт Теңізбаев, облыс бойынша грек-рим күресінен аға бапкер, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Азамат Көкебаев, Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Қоңыратов ортақтасты.
   Жарыстың ашылу салтанатында Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Шырғанақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ермахан  Құрманғалиев, Ысқақ Молдәлімұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас палуандарға сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт комитетінің қолдауымен, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналы редакциясының ұйғарымымен аудан спортына қосқан елеулі еңбектері үшін  Боранбай Кебекбаев, Шеризат Мекебаев, Әбіш Өміржановтар «Спорт ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Сол сияқты  дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлестері үшін Бақытбек Ақжігітов, Нұрбол Өмірзақов арнайы төсбелгіге ие болды. 
   Бір күнге созылған жарыс қорытындысында әртүрлі салмақ бойынша Базарбек Данияр, Әділет Нұрбосынов, Бақберген Арсен,  Е. Әлиасқарұлы, Ермек Ералы, Кемелбек Нұрлан, Әсет Тұңғатаров, Асқар Аубакиров бірінші орынды жеңіп алды. Болат Едіге, Данияр Дәулетияр, Ермек Ерсұлтан, Бақыт Әлішер, Жайдар Серікбол, Аян Жазықбек, Нұрзат Дүйсенхан секілді жас палуандар да жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаз палуандарды Ысқақ Молдәлімұлы мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гайдар Мұқанғожаев   арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Қанат БІРЖАНСАЛ.