Өрендер өрлеп келеді

Уақыты: 19.10.2018
Оқылды: 1061

Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасы жалғасуда. Додада бақ сынап жатқан ұлттық құраманың спортшылары жанкүйерлерін қуантып жатыр. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, жетісулық велошабандоздар бөркімізді аспанға атқызды. Ұлттық құраманың сапында өнер көрсететін Талғар қаласындағы А. Кивилев атындағы велоспорт мектебінің спортшысы Евгений Фёдоров алтын медальға қол жеткізді. 

Ескек есушілер арасындағы сайыс Қазақстан үшін екі медальмен аяқталды. Кешегі жарыс күнінде есу слаломынан сынға түскен Эльнұра Нұрланова мен Михаил Яковлев жүлдеге таласа алмады. Яковлев ширек финалдан сырт қалса, Э. Нұрланова кезекті айналымда жеңіліс тапты.
Садақ атуда ел намысын қорғаған Александра Воропаева 1/8 айналымға өте алған жоқ. Ол қытайлық Жанг Менгяоға 1:7 есебімен жол берді.
Қазіргі бессайыстан халықаралық команда сапында өнер көрсеткен Әділ Ибрагимов алтыншы орын иеленді. Ол белоруссиялық Катерина Етсинамен жұптасып, 1115 ұпай жинады. Ресейлік Дмитрий Громадскиймен бір командада сынға түскен Софья Приженникова 23-орында.
Үш қарғып секіруден бақ сынаған Анастасия Глухареваның көрсеткіші – 12-орын. Оның үздік көрсеткіші – 12.49 метр.
Спорттық жүрісте Кристина Морозова үздіктер қатарына ене алған жоқ, 15-орын.
Велоспорттан кешенді жарыста Қазақстан ерлер командасы көш басында келеді. Кросс-кантри (маунтинбайк) бәсекесінде Евгений Федоров мәреге екінші болып келді. Федоровтың бұл көрсеткіші   80 ұпайға тең екенін айта кеткен жөн. Глеб Брусенский 11-орын иеленіп, 8 ұпайды еншісіне жазды. Осылайша, қазақстандық велоспортшылар 308 ұпаймен көш бастап тұр.
Велоспортшы қыздардың да көрсеткіші жаман емес. Олар жалпы есепте әзірге бесінші орында.
Қазақ боксшылары жеңіліссіз келеді. Дамир Тойбай жартылай финалда канадалық Тетлуа Чуолоны жеңді. Финалда ол өзінің әккі қарсыласы, әлем чемпионатының финалында кездескен ресейлік Алексей Дроновпен жұдырықтасады.
Сондай-ақ, 64 келідегі Талғат Шайкен мен 91 келідегі Айбек Оралбай да финалда бақ сынайды. Талғаттың қарсыласы – ресейлік Илья Попов. Ал Айбек алжирлік Мохаммед Хадиске қарсы шығады.
Өкінішке қарай, Надежда Рябец жартылай финалда жеңіліс тапты. Ол алжирлік боксшымен бірге үшінші орынға таласады.

Дереккөз: Olympic.kz, Аламан. кз