АРГЕНТИНАДА АБЫРОЙЫМЫЗ АСҚАҚТАДЫ

Уақыты: 26.10.2018
Оқылды: 1215

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен ІІІ жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасына  58 жас спортшы аттанса, олардың 12-сі жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық спортшылар 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медальді қанжығаларына байлап, ел мерейін тасытты. Дүбірлі додадан оралған жеңімпаздарымызды  Алматы әуежайынан дүйім жұрт зор қошеметпен қарсы алды.

Жүздерінен қуаныштың лебі ескен жас спортшыларымыздың құшағы гүлге, құлағы ыстық лебізге қанықты десек, еш артық айтқандық емес. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, Көк байрағымызды көкте желбіреткен велошабандоз Евгений Феодров пен дзюдошы Бекарыс Сәдуақасқа айрықша құрмет көрсетілді.

Аргентина астанасында өткен жарыста Жетісу өңірінің тумасы, жас дзюдошы Бекарыс Сәдуақас Чемпион атанғаны туралы сүйінші хабар алғанда қуанбаған жан қалмаған. Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекеде 100 келі салмақ дәрежесінде өзіне қарсылас шақ келтірмеген кербұлақтық өрен финалда грузиялық дзюдошы Илиа Сулманидзені уақытынан бұрын айқын басымдықпен жеңіп, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Жас дзюдошы Бекарыс Сәдуақас татамидегі алғашқы белдесуде Аболфазл Бахтиари Шожаиді «иппонмен» ұтса, жартылай финалда Вег Цомбордан басым түсті.

- Қазіргі көңіл-күйім өте жақсы. Отаныма жеңіспен оралғаныма қуаныштымын. Олимпиаданың ақтық сынында грузиндік қарсыласым оңай шағылмайтын жаңғақ екенін көрсетті. Бірақ қосымша берілген 2 минуттық күресте қарсыласымды «ваззари» әдісімен тізе бүктірдім. Бұл менің жарқын болашағыма айқын жол ашқан Олимпиада болды, – дейді қуанышын жасыра алмаған жас чемпион Бекарыс Сәдуақас.

Бекарыс Сәдуақас дзюдомен 2009 жылдан бері үзбей айналысады. Төккен тері ақталып, осы уақыттан бері екі мәрте әлем чемпионы атанған ол түрлі додаларда топ жарды. «Күш атасын танымас» демекші, әлемде талай қарсыласты тізе бүктірген жас балуан қазір олимпиадалық резерві республикалық мектеп-интернат колледжінде білім алуда. Осындағы жергілікті жаттықтырушылар мен шетелдік мамандардан тәлім алып, шеберлігін жетілдіріп жатыр.

- Бекарыстың Олимпиадалық бәсекедегі нәтижесін көріп отырсыздар. Ол әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Қазіргі уақытта бүкіл әлемдегі ең бірінші жас дзюдошы деуге болады. Біз Бекарыспен мақтанамыз және болашағынан зор үміт күтеміз, – дейді К. Ахметов атындағы олимпиадалық резерв республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры Сейілхан Қарақов.

Жасөспірімдер Олимпиадасына аттанған қазақстандық екінші дзюдошы, 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Маргарита Гриценко болса шешуші кездесуде неміс спортшысы Рафаэлла Иглдан жеңіліс тауып, күміс медальді еншіледі.

Жасөспірімдердің ІІІ  жазғы Олимпиада ойындарында велоспорттан Қазақстан ерлер командасы мүшелері Евгений Феодров пен Глеб Брусенский командалық есепте топ жарды. Олардың бұл жеңісі тарихи жеңіс саналады. Өйткені, осы спорт түрінен  жасөспірімдер арасында Қазақстан тарихында ел қоржынына алғышқы алтын медаль салып, рекордтық көрсеткішті жаңартқан жерлестеріміз 5 кезеңге жоспарланған сайыста алдына жан салған жоқ. Қос велошабандоз 418 ұпаймен Олимпиада чемпионы атанды.

Елге абыроймен оралған Евгений Феодровты туған-туыстары мен достары құшақ жая қарсы алды.

- Бізді осылай қуана қарсы алғандарыңызға үлкен рахмет. Мұндай қошеметті күтпеген едік. Мен Аргентинаға барар алдында Испанияда оқу-жаттығуға қатыстым. Ол өзінің пайдасын берді. Біз жарыс басталғаннан топ басында болдық. Қарқынымызды бәсеңдетпестен соңына дейін сақтап қалдық, – дейді велоспорттан Олимпиада чемпионы Евгений Феодров.

БАҚ өкілеріне берген сұхбатында Евгений спорт жолында жеткен жетістігіне ата-анасының ықпалы зор екендігін тілге тиек етті. Бұл күнде «Жетісу» телеарнасында оператор боп қызмет ететін әкесі Василий Феодров баласын 12 жасынан велоспортқа беріп, анасы Евгения екеуі бар жағдайды жасап, баптағандарын айтады. Осының нәтижесінде жас велошабандоз бірнеше мәрте облыс және Қазақстан чемпионы атанған. Жасөспірімнің алға қойған арманы да алдамай, әлемдік Олимпиадада топ жарды. "Ұлымыз жас күнінен еңбекқор болып өсті. Алдына мақсат қойса, оны орындамайынша тыным таппайтын. Осы Олимпиадаға бару үшін де тынбай дайындалды. Ерен еңбегі ақталып, чемпион боп оралды. Баламның әлі де үлкен жарыстарда еліміздің туын жоғары көтеріп, жанкүйерлерін қуантатынына сенімдімін", – дейді ағынан жарылған анасы.

Ендігі жерде Евгений Феодров пен Бекарыс Сәдуақастың басты мақсаты – ересектер арасындағы Олимп шыңын бағындыру. Олай болса, биікке қанат қаққан жас чемпиондарымыздың әлі талай асуды бағындыратынына біз де бек сенімдіміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы