АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КАРАТЭДЕН ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

Уақыты: 06.11.2018
Оқылды: 1059

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Кёкушинкай Каратэден балалар арасындағы Алматы облысының IV чемпионаты өткізілді. «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымы Алматы облыстық филиалының мұрындық болуымен өткен турнирде 20 клубта жаттығатын 4-17 жас аралығындағы 315 ұл мен қыз татамиде бақ сынады.

- "Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналыққа сүйенсек, қазір бұқаралық спортты, оның ішінде, балалар спортын дамытуға қолдау көрсетіліп жатыр. Балалар турнирге мұқият дайындалған. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Үш жүзден астам спортшы 35 санатта сынға түсті. Турнирге барлық аудандардан, Текелі, Үштөбе сынды қалалардан қатысушылар бар. Ұл-қыздардың көзіндегі отты көріп, қазақ спортының алар асулары биік екеніне көз жеткіземіз. Осы турнирді өз деңгейінде ұйымдастыруға көмектескен «Жастар» спорт кешеніне филиал атынан алғысымды білдіремін, - деді «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымы Алматы облыстық филиалының директоры сэнсей Сания Қасабаева.

Турнирдің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Мағжан Қасабаев жаттықтыратын «Кумитэ» клубы 7 алтын алып, топ бастады. Ұйымдастырушылар таратқан ақпаратқа сәйкес, «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» 1997 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде шығыс жекпе-жегінің қыр сырын үйретумен айналысады. Бүгінгі таңда жиырма мыңнан астам ұл мен қыз татамиде тәлім алып, өзін-өзі қорғаумен қатар, шығыс мәдениетінің қыр-сырын үйренуде.

Айта кетейік, Қазақстан, Еуропа және әлем чемпионы Сания  Қасабаева Алматы облысының филиалына басшылық еткен 4 жыл ішінде Жетісу өлкесінен балалар, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екі жүлдегері, еуразиялық және қазақстандық жарыстардың жеңімпаздары шықты. Жастар Жапонияда өткен  ашық чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, «Кёкушинкай Каратэ бүкілқазақстандық ұйымы» қоғамдық ұйымы Алматы облыстық филиалының әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан көпбалалы отбасылармен, тәрбиесі қиын балалармен жұмыс жүргізіп, жеңілдіктер қарастыратынын атап өту қажет. Ел чемпионаттарында үздік өнер көрсеткен жасөспірімдерді әлемдік додаларға тегін, яғни, ұйым есебінен алып барады. Мұны болашақ ұрпақ тәрбиесіне қосқан сүбелі үлес деп білген жөн.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"