ЖЕРЛЕСТЕР КӨШ БАСТАП ТҰР

Уақыты: 04.12.2018
Оқылды: 1276

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында волейболдан жоғарғы лигадағы ерлер командалары арасында Қазақстан Республикасының XXVII чемпионатының I тур ойындары аяқталды. Жарыста Шымкент қаласынан келген «Динамо-Қазығұрт», Қостанай облысынан «Динамо-Қостанай», Ақтөбе облысынан «Ақтөбе», Қызылорда облысынан «Қайсар», Батыс Қазақстан облысынан «Жайық» және  облысымыздың «Жетісу-Жастар» командалары бақ сынасты. 

Шара облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің алғысөзімен бастау алды. 
– Бүгінгі дүбірлі доданың Жетісу жерінде өткізілуі біз үшін үлкен мәртебе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне ерекше тоқталып, ұлт денсаулығын сақтаудағы рөліне баса назар аударды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірімізде көптеген халықаралық, республикалық жарыстар өткізілуде, – дей келе жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, волейболдан жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында өткен  Қазақстан Республикасының күзгі чемпионатында жүлделі орын алған облысымыздың спортшыларын марапаттады. 
Айта кетейік, волейболдан Теміртау қаласында өткен күзгі чемпионатта жасөспірім қыздарымыз жүлделі 1-орынды жеңіп алса, Қызылорда облысында өткен додада ұлдар командасы тұғырдың екінші сатысынан көрінді.
Осыдан кейін дүбірлі дода басталып кетті. Волейболшылар барын салып әдемі ойын өрнегін көрсетті. Әуе добының шеберлері бірде жойқын соққыларымен ала допты ұршықша иірсе, енді бірде қорғаушылардың желкесінен асыра салып та ұпай жинады. Асқан шеберлік пен тактиканы паш еткен спортшылар нағыз классикалық ойын үлгісін көрсетті. 
Алғашқы турдың қорытындысы бойынша «Ақтөбе» командасы көш бастап тұр. Тек алаң қожайындарынан жеңілген ұжым 12 ұпай жинаса, жергілікті «Жетісу- Жастар» мен «Динамо-Қазығұрт» еншісінде 10 ұпай. «Қайсар»  9, «Жайық» 4 ұпайды еншілесе, «Динамо-Қостанай» бұл турда ұпай ала алмады.
Өскеменде Ұлттық Лигадағы әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасының XXVII чемпионатының I тур ойындарында облысымыздың намысын қорғаған «Жетісу» командасы 1-орынды жеңіп алды. 2-орын Шығыс Қазақстан облысынан «Алтай», 3-орын Павлодар облысынан «Ертіс-Казхром» командасына бұйырды. 

 

Айдар ҚАЛИЕВ