ДЕНІ САУДЫҢ - ЖАНЫ САУ

Уақыты: 10.12.2018
Оқылды: 1175

Тәуелсіздік күніне орай Алматы облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері  Қаскелең қаласында «Бір – команда, бір – мақсат» атты спорттық ойындардан жарыс өткізді. 
Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Іле ауданы мен Талдықорған қаласынан келген  кіл мықтылар жиналған сайыста волейбол, кір тасын көтеру, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.
- «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтылмаған. Мақсатымыз – жарыстыру емес, барлықтарыңызды спортпен шұғылдануға шақыру. Әркім өзі үшін, болашағы үшін  ағзасын жаман әдеттерден аулақ ұстау керек, – деп сөз бастаған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы облыстық филиалының директоры Ермек Бекжүнісов қатысушыларға сәттілік тіледі.
Әріптестер арасындағы жарыс қызу да қызықты өтті. Волейбол ойынында талдықорғандықтар алдына жан салмады. Ал арқан тартыста қарасайлықтардың күшіне ешкім төтеп бере алмады. Командалық есеп бойынша Гран-при Талдықорған қаласына бұйырды. 1-орынды Қарасай ауданы, 2-орынды Жамбыл ауданы, 3- орынды Талғар ауданы еншіледі.

Гүлден Жылкелдінова,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының
Алматы облысы бойынша баспасөз қызметінің жетекшісі