ЖЕКПЕ-ЖЕКТІҢ ЖАҢА ОРДАСЫ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1086

   Бүгінде жекпе-жек спорты елімізде ғана емес, әлемдік аренада үлкен беделге ие! Қызығушылар қатары күннен-күнге артып келеді. Осының бір дәлелі – Талдықорғанда «JFC» (Jetysu Fighting Championship) ММА кәсіби турнирлерін ұйымдастыратын, қолдау көрсететін промоутерлік топ құрылды. Олардың алғашқы ресми турнирді ұйымдастыратын сәті де жақын.

 

JFC ұйымдастырған турнирде тек чемпиондар болады. Яғни, жекпе-жекке қатысатындар Қазақстанда өткен кез келген турнирде чемпион, не жүлдегер болуы шарт. Міне, турнирді әсерлі етіп, айшықтап тұрған жері де осы.

Ал JFC-дің бірінші жекпе-жекке толы топтамасы 17-желтоқсанда Талдықорғандағы «Космос» клубында өтеді. Оған еліміздің сегіз қаласынан он клубтың мүшелері қатысады. Жалпы он төрт кездесудің куәсі боламыз (13 кездесу – ерлер, 1 кездесу – қыздар). Ерлер бойынша жеті салмақтың (57 келі, 62 келі, 66 келі, 71 келі, 77 келі, 84 келі, 92 келі) ал қыздар арасында бір салмақтың (57 келі) жеңімпазы анықталады. Оларға келісім-шарт бойынша қаражат беріліп, қосымша сыйақы беру де қарастырылған.

Промоутерлік ұжымның мүшесі айтқандай, келешекте арнайы чемпиондық белдік жасалады. Ал бірінші турнир тек рейтинг түзбек.

Серік ҚАНТАЙ.