Жүзден жүйрік ЖҰМАХАН

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2047

Төрт жыл бұрын редакцияға алтын, күміс, қоласын арқалап жетісулық ардагер спортшы жиі келіп тұрушы еді. Есімін әзірге жұмбақтай тұрайын. Жасы жетпістен асса да, жарыс біткеннің жүлдесін алып, жанкүйерлерін қуант­қанды әдетке айналдырғаны қашан?! Байрақты доданың  дүбірі естілсе болды, асай-мүсейін жинап жолға шығатын. Біз де әдетімізше, бәсекеге кеткен атамыз­дың жолына үмітпен қарап, жүлде сыңғыры естіле ме деп елеңдеуші едік. Көп ұзамай, Мұқыры жота­сының басынан қара көрінетін. Жотаға түскен күннің нұрына шағы­лысып, жарқырап алтын көрінетін. Біреу емес, уыстап әкеп алдымызға жайып салатын. Ол Гиннестің кітабы­на енген, рекордты бірнеше рет  жаңартқан Әмірбай Рысқұлов еді.

Өмірінің соңына дейін гір көтеру спортымен шұғылданып, Жетісуды жеңіс­пен қуантқан атамыздың бұл өмірден өт­кеніне де екі жылдың жүзі болды. Мұны неге айтып отырмыз? Атамыз соңғы уақыт­та шәкірт тәрбиелеуге көшкен еді. өзі қа­тысқан жарысқа шәкірті Жұмахан Күз­баев­ты ертіп баратын. ұстаздан шәкірт озады демекші, Жұмахан аға да қатысқан жарыс­тан жүлде алмай қайтпайтын болды. Тіпті ұстазының көзінің тірісінде жемісін беріп, алғашқы жүлдесін де Әмірбай атаның мойына таққан еді. Көксудан шыққан ар­дагер спортшылар тоқтап қалмады. Әмір­бай атаның көзі жоқ болса да, соңы­нан ерген Жұмахан аға жеңісті жолын жалғап келеді. Сол ұстаздың тастап кеткен гір тасын ышқына көтеріп, әлемнің мықты­ла­рын артқа тастады. Талай мәрте Жетісу жерінің намысын ел ішінде танытса, елдің атын әлемдік аренада паш етті. Айдарынан жел ескен Жұмахан ағаға қызғана да, қы­зы­ға да қарайтындар көп болды. Әлемнің бес дүркін чемпионы атанды. үш мәрте Гин­нестің кітабына еніп, ұстаз артқан сенімді то­лы­ғымен ақтады. «Халықаралық дәреже­дегі спорт шебері» деген атақты да қанжы­ға­сына байлады. Ресейдің «Қанатты арыс­тан» ме­далінің иегері атанды. Гір спортының мық­тылары Ресейде өтетін доданың ең мықты сыйлығы Бабушкин, Г. Кощеев атындағы жүл­де «Алтын кір» болатын. Дәл осы сый­лықты, Әмірбай атамыз да арқалап, ре­дак­цияға келген еді. Бар­лығымыз салмағы екі-үш келі тартатын алтын гірді ұстап көріп, қы­зыққан едік. Саф алтынды құшақ­та­ған­дай, жыл­тыраған сары гір бүгінде Әмірбай атаның үйінде жүлде­лердің төресі болып тұр. Ал сол атаның алған сыйлығын Жұма­хан аға­мыз да ен­шіледі. Ресейдің Киров қа­ла­сын­да өткен әлем чемпионатында 55-59 жас спорт­шы­лар арасында сынға түсіп, 24 келі гір та­сын 60 минутта 1300 рет кө­тер­ді. Осы­лай­ша рекорд жаңартып, әлемнің үз­дік спорт­шысы алатын Алтын гірді қор­жынға то­ғыт­ты. Сонымен қатар алтын медальді де мойны­­на тағып, елге абыроймен оралды. ұс­таз­дың жемісті жолын жалғаған Жұма­хан аға әлі де жеңіспен қуанатынына сенімді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ