ТАЛҒАРДА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 27.12.2018
Оқылды: 1748

Бүгін Талғар ауданы екі бірдей қуаныштың куəсі болды. Бірі - қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің ашылуы, екіншісі - Талғар аудандық балалар мен жасөспірімдерге арналған "Алмалы" дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің пайдалануға берілуі. Кешеннің ашылу салтанатына облыс əкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Облыс әкімі өз сөзінде Елбасының нақты тапсырмаларының бірі бұқаралық спортты дамыту екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, биылғы халыққа арнаған Жолдауында 100 спорт кешенін ашу тапсырылғанын атап өтті. "Соның нақты дəлелі ретінде Жетісу жерінде жаңа спорттық кешен ашылып отыр. 2019 - Жастар жылы табалдырығымызды аттағалы тұр. Олай болса, жастарымыз шыңдалып, салауатты ұрпағымыз көп болсын! Жаңа чемпиондар тəрбиеленсін", - деді А. Баталов.

Өңір басшысынан кейін Мəскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз алып, жастарға ақ батасын арнады. Салтанатты шарадан кейін "Алмалы" балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дəурен Үшкемпіровке жаңа кешеннің кілті табысталды. Мектептің лентасын қос чемпион - Жақсылық Үшкемпіров пен Ермахан Ибраимов қиды. Спорт кешені 180 орынға арналған. Есігін айқара ашқан сауықтыру кешенінде спорттың 15 түрімен шұғылданады. 56 штаттық вакансия берілген. Күрес, бокс жəне волейбол, баскетбол залымен қоса сыртта жасанды төсеніші төселген футбол алаңы бар.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Талғар ауданы