АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СПАРТАКИАДА ӨТТІ

Уақыты: 16.01.2019
Оқылды: 1203

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессор-оқытушылары арасында «Денсаулық – 2019» спартакиадасы өткізілді. Спартакиаданың салтанатты ашылуында университет ректоры Такир БАЛЫҚБАЕВ футзал, волейбол, үстел теннисі, шахмат, арқан тарту, шаңғы мен коньки тебу сияқты спорт түрлерінен жарысқа қатысқалы отырған командаларға табыс тіледі.

Спартакиадаға  барлығы 500-ге жуық ұстаз бен қызметкер қатысып, бақ сынасты. Олимпиаданың екі күнінде әуесқой спортшылардың жүлделер үшін тартысы қарқынды әрі өте қызықты болды. Барлық командалар ойын барысында белсенділік танытып, өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Спорттық жарыс нәтижесінде ең жоғары 44 ұпай жинаған "Өнер, мәдениет және спорт институты" командасы І орынды иеленді. "Ректорат" командасы 37 ұпаймен ІІ орынға, "Филология және көптілді білім беру институты" командасы 34 ұпаймен ІІІ орынға ие болды.

«Денсаулық-2019» спартакиадасының жеңімпаздары арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақымен марапатталды. Спорттық жарыс барысында үздік ойындарымен ерекшеленген 1 команда және 9 ойыншы түрлі номинациялар бойынша ректор грамотасы мен ақшалай сыйлықтар алды.

Қысқы спартакиада қатысушылардың ұжымдық бірлігін нығайтып, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсті. Айта кетейік, Абай атындағы ҚазҰПУ-ға Такир Балықбаев ректор болып келген 2017 жылдан бері мұнда дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2017-2018 жылы күзде, қыста, көктемде өткізілген «Денсаулық күні» аясында спорттың жазғы және қысқы түрлерінен көптеген жарыс болып, оларға 6 мыңнан астам студент пен профессор-оқытушылар, қызметкерлер қатысты. Университетіміздің 90 жылдығы аясында академик Т.Садықовтың құрметіне арналған республикалық футбол турнирі де - бұл саладағы игі істеріміздің бірі. Оған еліміздің жиырмаға тарта жоғары оқу орнының командалары қатысып, 3 күн бойы Алматыны дүбірге бөледі. «Денсаулық күнінің» дәстүр сабақтастығы бүгін де өз жалғасын табуда.

Мырзахан АХМЕТОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

Алматы