Мектеп құрметіне марафон

Уақыты: 02.06.2016
Оқылды: 2001

Шиен орта мектебінің қазіргі ғимараты осыдан 35 жыл бұ­рын пайдалануға берілгенде, ашылу салтанатына Қазақ­станның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қа­тысып, лентасын қиған еді. ұлт тұлғасы өзі іске қосқан ал­тын ұя содан бері де мыңдаған шәкіртті білім нәрімен су­сындатып, талай түлекті үлкен өмірге аттандырды.

Жуырда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және мектеп үйінің 35 жылдық мерейтойына арнап Шиен ауылында 250 адам жүгірген марафон өтті. Көше бойы мерекеге сай безендіріліп, қалың көрермен жиналған шарада Шиен селолық округінің әкімі Еркін Иманбаев көпшілікті құттықтап, ардагер ұстаз Сағынтай Шортанбаев желаяқтарға сәттілік тіледі. Сол 1981 жылы дәл осы мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, білім алумен бірге бойындағы өнерін қатар ұштаған белгілі жыршы-термеші Ақан Әбдуәлі жүрекжарды лебізін білдірді. Он жасар баладан, алпыстағы тұрғынға дейін қатысқан жаяу жарыс мектеп жанынан басталып, алты шақырым жердегі Қоғамшыл ауылына дейін барып қайтты. Салауатты өмір салтын ұстанушылар жас мөлшеріне қарай 4, 6 және 12 шақырымға сынға түсті.

Қорытындысында 12 шақырым қашықтық бойынша мектеп түлегі, ұҚК шекара қызметі академиясының 3-курс студенті Абылай Шәкіров алдымен келді. Мәрені екінші, үшінші болып мектеп оқушылары Ілияс Ералы, Асхат өрке қиды. Жарыстың 6 шақырымдық сынында 1-орынды Бекжан Малдыбай, 2-орынды Саят Қапас, 3-орынды Тоқтар Қалықбаев жеңіп алды. Ал төрт шақырымда алғашқы үштікте келген өрендер – Елнұр Шәмке, Алшын Жақыпбай және Нұркелді өрке. Жеңімпаздарға демеуші азаматтар тағайындаған ақшалай сыйлық берілді. Белгіленген қашықтықты жастардан қалыспай жүгіріп өткен алпыс жастағы Тұрсынбай Ахметов, қырықтың қырқасындағы Ерлан Нақысбеков  және барлық қатысушылар әртүрлі сыйлықтармен, Алғыс хатпен марапат­талды. Соңынан ауыл өнерпаздарының концерті тамашаланды.

Денсаулық мерекесін әкімшілік пен мектеп ұжымының  қолдауымен, үнемі өзінің тың ұсыныс-ойларымен тәнті етіп, қоғамдық істерде бел­сенділік танытатын тарих пәнінің мұғалімі Лаура Хамытқожаева ұйым­дас­тырды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне спорт нұсқаушы Бауыржан Қожахметов, мектеп кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзада Сатыбалдиева сияқты мамандар атсалысты.

С. ӘШІМБЕКұЛЫ.

Шиен ауылы,

Жамбыл ауданы.