СЕРБИЯДА СЕҢ БҰЗДЫ

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 977

Сербияның Сомбор қаласында әйелдер арасында бокстан «Ұлттар Кубогы» халықаралық турнирі өтті. Байрақты бәсекеге әлемнің 20 елінен 170 спортшы қатысты.

Дүбірлі додада Қазақстан әйелдер құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды. Атап айтсақ, Алуа Балқыбекова (48 келі),  Дина Жоламан (54 келі), Римма Волосенко (60 келі) және Ләззат Күнгейбаевалар (+81 келі) чемпион атанды. 
51 келідегі финалдық жекпе-жекте әлем чемпионы Назым Қызайбай өзінің отандасы Ангелина Лукасқа есе жіберді. Ақтық сында Алуа Балқыбекова ресейлік Юлия Чумгалакованы жеңсе, Дина Жоламан төрешілер шешімімен венгриялық Сабина Шуцстан басым түсті. Турнирдің үздік боксшысы атанған Римма Волосенко хорватиялық Сара Берамнан басым түсті. Аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева ресейлік боксшы Александра Дмитриевадан айласын асырды. Осылайша, 5 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленген бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы жалпы есепте көш басында. Екінші орында Ресей, үшінші сатыда Сербия құрамалары орналасқан. Қазақстандық боксшылар ересектермен қатар, жастар мен жасөспірімдер арасында да топ жарып, Супер кубокты иеленді.

А. НАЗАРҰЛЫ