Айбарлы арыстар

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 1691

Кеңес өкіметі тұсында солақай саясаттың кесірінен қазақтың спортшылары Олимпиада ойындарынан қағылып, жүлделі орындардан көрінсе де, қолдағы алтын КСРО құрамасының қоржынына түсіп жатты. Сыңаржақ қоғамның қиындығына қарамай қазақ өрендері  биіктен көрінген болатын. Тәуел­сіздік алғалы  спортымыз қарыштап дамып келеді. Бүгінгі күнге дейін еліміз 6 жаз­ғы және 5 қысқы олимпиада ойындарында өнер көрсетті.

Қазақстан ұлттық құ­рамасы тұңғыш рет 1996 жылы Атлантада өткен жаз­ғы олимпиада ойындарына қатысып, өз қоржынына 3 ал­тын, 4 күміс және 4 қола медальді салды. АҚШ-та қоланы қанағат тұтқан Ермахан Ыбрайымов Сидней төрінде сенімді өнер көрсетіп, алтыннан алқа тақса, жасындай жарқылдаған Бекзат Саттарханов та бас жүлдені қанжығасына байлап, ел абыройын асқақтатты. Қазақстанның ұлттық комитеті бастап барған Афина олимпиадасында Бахтияр Артаев жеңіс тұғырынан көрінсе, Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаевтің бағы жанды. Тұманды Альбионда қазақ жұрты күллі әлемді таңғалдырып, айды аспанға шығарып тастады десек те болады. Еліміз 7 алтын, 1 кү­міс, 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Бұл додада Серік Сәпиевтің алтыны ел мерейін үстем етті. 
Биылғы төрткүл дүние көз тіккен Рио-де-Жанейрода қазақ спортшыларының мысы басым болды. Данияр Елеусінов, Жазира Жаппарқұлова, Елдос Сметов сынды қазақ спортшылары байрақты бәсекеде намысты қолдан бермей, қазақ жұртының үкілеген үмітін ақтап берді. Қазақстан жалпы есепте 17 медаль алып, бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді.
Тәуелсіздікте жеткен жетістіктеріміздің санын жіпке тізер болсақ толағай табыстарымыз жетіп артылады. Бұның барлығы дербес мемлекет болып қалыптас­қан жылдардағы жарқын жеңісіміз.
Бүгінгі күні елімізде спортқа ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар төл спортымыз­ды да дамытып келеміз. Елбасының «Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстан халқына елімізде ұлттық спортымызды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбилеу, халықтар арасындағы достық пен татулықты нығайту және ауыл, аудан, облыстардағы ең мықты спортшыларды анықтау, тәуелсіздік жылын бүкілхалықтық спорт мерекесі етіп өткізу керек дейді. Елбасының тікелей тапсыр­масымен қазір әр облыс орталығында салынып жатқан  Спорт сарайлары байрақты бәсекелерде топ жаратын небір саңылақтарымызды даярлап жатыр. Бұқаралық спортқа осындай қолдау көрсетіп отырса, рухты қазақ жұртынан әлі талай чемпиондар шығарына сенімім мол!

Айдар ҚАЛИЕВ.