ҮЗДІК СПОРТШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 01.03.2019
Оқылды: 1089

Бикен Римова атындағы жаңа театр ғимаратында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ өткен жылдың үздік спортшыларын, бапкерлерді және осы саланы жазып жүрген журналистерді марапаттады.

Былтырғы жылдың үздік спортшыларын марапаттау рәсіміне Еңбек Ері атанған алған жалғыз спортшы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіров, сондай-ақ, Мәулен Мамыров, Ермахан Ыбырайымов, Ардақ Назаров, Қанат Ислам қатысты.

Мінберге шығып, құттықтау сөз сөйлеген Амандық Ғаббасұлы: "Тәуелсіздік алғаннан бері әлемдік ареналарда сан мәрте Гимніміз ойнап, Көк туымыз желбіреді. Оған жетісулықтардың қосқан үлесі мол. Облысымыз спортқа көңіл бөліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жағдай жасап келеді. Жаңа спорттық нысандарды салып жатырмыз, әлі де жоспарда тұрғаны бар. Мәселен, облыс орталығында әлемдік стандартқа сай бассейннің құрылысы 3-4 күнде басталады", – деді.

Алматы облысы спорт саласын алдыңғы қатарға қойып келеді. Оған дәлел – жыл сайын салынып жатқан кешендер мен сарайлар, спортшыларымыздың жетістігі. Бүгінде Жетісу жерінде 3544 спорттық құрылым жұмыс істейді. Былтыр Талғар, Қарасай, Алакөл аудандарында денешынықтыру, сауықтыру кешендері ашылса, Көксу ауданындағы Батыржан Оңғаров атындағы стадион мен Талдықорғандағы «Өркен» спорт кешені күрделі жөндеуден өтті. Биыл денешынықтыру мен сауықтыру кешендері салынатын аймақтардың тізімінде Кеген, Ақсу, Қарасай және Райымбек аудандары бар.

2018 жылы облыс спортшылары Халықаралық және республикалық жарыстарда жалпы 1779 медаль (637 алтын, 529 күміс, 613 қола) алды. Ұлттық құрамаға 1076 спортшы мүше. Өткен жылы 19 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 111 адам спорт шебері және 818 адам спорт шеберлігінен үміткер болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда үлкен көрсеткіш.

Өткен жылы ел намысын жаһандық жарыстарда абыроймен қорғап, жүлдеге іліккен Ділдаш Құрышбаева, Нұрмахан Тінәлиев, Раушан Қойшыбаева, Рахметжан Хамаев, Гүлбану Әбдіхалықова, Мерей Сүйінов, Демеу Жадыраев, Жандос Исмайлов, Әнел Құдайберген, Гүлнұр Ерболова аймақ басшысынан ақшалай сыйлықтың сертификатын алды. Сондай-ақ, облыс әкімінен марапат алған бапкерлер қатарында Азамат Көкебаев, Махаббат Туғанбекова, Вячеслав Шапран, Виктор Юрайтис, Болат Қожахметов, Әділет Ермаков, Бақыт Жазыбаев бар.

Спорт саласын жанына серік еткен журналистер де марапаттан тыс қалған жоқ. Газетіміздің тілшілері Ришад Тұрғанбай мен Серік Қантай, фототілшіміз Жұмабай Мұсабеков пен фотограф Жеңіс Ысқабай, сондай-ақ, «Жетісу» талеарнасының қызметкері Жарқын Шынтаев сынды БАҚ өкілдері өткен жылы айрықша есте қалған материалдары үшін қаржылай сыйлық алды.

Қуанышты сәтте сөз алған Жақсылық Үшкемпіров өз ойын: "Дәл осындай қолдау, құрметтен кейін Жетісу спортшылары тек жақсы нәтиже көрсетуі керек. Кезінде біз қандай залда жаттықтық, бүгінгілер қандай жерде шынығады? Бойда қуат, азаматтардан қолдау барда чемпион болу қажет", – деп түйіндеді.

Келер, яғни, 2020 жылы Токио Олимпиадасы өтетінін ескерсек, биыл сол төрт жылдықтың басты додасына жолдама үлестіретін турнирлер жиі ұйымдастырылады. Осы лицензия үшін болатын жарыстарда жетісулықтардың бабы келісіп, бағы жансын деген тілектеміз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"