ҚАЙТЕР ЕДІМ ӨМІРГЕ КЕЛМЕГЕНДЕ?

Уақыты: 03.03.2019
Оқылды: 1355

Өмірде тағдырдың тауқыметін тартса да басына түскен алуан түрлі қиындықтарды жеңген, тағдыры өзгелерге өнеге болатын жандар жетерлік. Солардың бірі – өмірдің ағысына қарсы жүзіп, қиындығына төтеп берген, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Гүлбану Әбдіхалықова. Өмірдің қиындығын басынан өткерсе де мүжілмей, керісінше, он екі мүшесі сау адамның қолынан келмейтін іспен айналысқан қайратты қыздың ішкі жан дүниесіне бір үңіліп көрейікші. Тілімен емес, жүрегімен үн қатады. Олай болса, өжет жанның  әңгімесіне құлақ түрейік.

– Мен 1972 жылғы  15 қыркүйекте Балпық би ауылында дүниеге келдім. Отбасында төртеуміз. Екі ұл, екі қыз. Асқар тау әкем Құлмұхамбет Әбдіхалықов өмірден ерте озды. Анам Гүлзада Сыдықбекова төрт баланы бағып-қақты. Кейін анам екінші рет тұрмыс құрды. Екінші әкем – Асан Елубаев. Отбасым қалада тұрды.  Мен ауылда апамның қолында өстім. Мұқыры орта мектебінде оқыдым. Оқуда озат, өте зерек болдым. Әсіресе, спорт десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Сиқырлы өнерді жаныма серік етіп, салауатты өмір салтын ұстандым. Мектепті тамамдағаннан кейін есепші мамандығын оқыдым. Аяқ- киім фабрикасына жұмысқа орналасып, еңбек еттім. Алға қойған арманым көп еді. Бірақ 1994 жылдың маусым айында ауыр жарақат алып, екі аяқтан жүруден қалдым. Бұл мен үшін ауыр соққы болды. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықтан оңалту орталықтарына бара алмадым. Өйткені бәрі қымбат болатын. Осы кезде барлық дүниеге қызығушылығым болмады. Ештеңе көргім келмеді, ешқайда барғым келмеді. Жүрек солқылын баса алмай, күні-түні жылаумен болдым. Екі жыл үйден шықпадым. 4 рет ота жасады. Менің қиын жағ­дайда жатқаным, жанымның қиналғаны сияқты бүкіл ауыртпалық анама түсті.  Анам қолдау көрсетіп, өмірге деген көзқарасымды өзгерту, жаңа орта тауып беру үшін барын салды. Мен де қамшының сабындай қысқа ғұмырдың күреске толы екенін түсіндім. Басыңа салған қиындыққа төтеп беруің керек. Өмірге келмегенде қайтер едім? Жігерімді жанып, әлі талай биіктерді бағындырамын деп көшкен жұрттай құлазып бара жатқан көңілімді жібіттім. Бұл да Алланың берген сынағы болар деп ағынға қарсы жүздім. Ата-анам мен туған-туыстың қолдауының арқасында жігерленіп, сынақты еңсердім.
Иә, Гүлбану Әбдіхалықова жүректі жаншылаған мұңын, басына салған тағдырдың қиындығын жеңе білді. Соның арқасында ол сау адамдардың қатарына қосылды. Ал енді қайсар қыздың спортқа қалай келгендігін, тағы қандай ерлігі барын әпкеміздің өз аузынан ары қарай естиік. 
– 1997 жылы анам спорт мектебіне бар деп көндірді. Розамен таныстырды. Анамның сөзіне құлақ асып, жаттығуға бардым. Залда спортпен шұғылданып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарды көріп, менің де қызығушылығым артты. Сөйтіп, арбамен жарысу спортын қолға алдым. Жаттығуға барғанда арбамды көтеріп, жанымда көмектесіп інілерім Мәулен мен Дәулен жүреді.  Тамағымды жасайтын сіңлім Шолпан. Отбасым – қорғаным. Солардың арқасында мен тынбай жаттығып, жақсы нәтижелер көрсеттім. Араға бір жыл салып, алғаш рет дүбірлі додада жүлдегер атандым. Жеңіс  алға жетеледі. 
Әйтсе де көрген қиындықтарым да аз болмады. Мен жарыстарда жүргенде бөтелкемен жүретінмін. Бапкерлерім егер емделмесең, спорттан шеттетуге мәжбүр екендерін айтты. Анам мені емдету үшін Алматыға алып кетті. Ақыры 2004 жылы Ресейдің дәрігеріне қаралатын болып шештік. Наурыз айында емделуге бардым. Мамыр айында өмірімдегі ең ауыр болған отаны жасады. Алғашында дәрігерлер анама: «Қыздарыңызды алып кетіңіздер, ол отаға шыдамайды. Отадан кейін 2 жыл ғана өмір сүреді», – деді.  Анам қорыққанынан мені ота жасатпауға көндіруге тырысты. Мен айтқанымнан қайтпай тұрып алдым. Бұл менің мына жарық дүниедегі ең соңғы күнім шығар деп ойладым. Дәрігерге: «Мен сізге сенемін», – дегенімде ол да: «Мен де саған сенемін», – деп жауап қайырды. Келесі күні ота жасады. Бір апта ес-түссіз жаттым. Жетінші күн дегенде ояндым. Содан бері 15 жыл өтті. Қанша қиындықтар көрсем де күресіп келемін. 
Гүлбану Әбдіхалықова шудадай бұйраланған нөпір тасқынға ұқсас қара дүлей үрейді жеңді. Қилы тағдырдың қиындығына төтеп берді. Енді қара терге малшынып, күні-түні жаттығу жасап, абырой-беделге тек қана мехнатты еңбекпен жеткен қайсар қыздың спорттағы жеңісіне құлақ түрейік. 
– Отадан кейін бір жыл­дан соң жаттығу залына қайта оралдым. Өйткені, менің арманым халықаралық жарыстарда жүлде алып, ел абыройын асқақтату еді. Бірақ арбамен жарыста қанша тырыссам да өзге елде жүлденің жалына жабыса алмадым. Басқалар жүлдегер болғанда мен де жеңістің желкенін көтерсем ғой деп армандайтынмын. Сондықтан, спорт түрін: ауыстырып, пауэрлифтингтен чемпион боламын, мықты екенімді дәлелдеймін деп алдыма мақсат қойдым. Владимир Дмитриевич деген кісінің залына барып жаттығып, қыркүйек айында Алматыда өткен спартакиадада бақ сынадым. Жарысқа келген күні Инна Николаевна деген тренер маған: «арбамен жарысқа қатысасың ба?» деді. Мен ойланбастан пауэрлифтингке баратынымды айттым. Жарыстан орын ала алмай қалсам не болады деп қатты уайымдадым. Дүбірлі додада алтыннан алқа тақтым. Бірден ел чемпионы атану мен үшін үлкен бақыт болды. Мақтау қағазын алған сәт әлі есімнен кетпейді. Қуанышымда шек жоқ. Медальді беріп жатқанда қуанғаннан көзімнен жас шықты. Неше жылдан бергі арманым орындалды. Тіпті, қуанғанымнан анама хабарласқаныммен чемпион болғанымды  айта алмадым. Бапкерім келіп құттықтап «сен өзіңнің мықты екеніңді дәлелдедің» деді. Осы жеңістен кейін спортпен айналыспайтын шығармын деп ойладым. Алайда бапкерім сенің жеңісті күндерің алда, әлі талай байрақты бәсекелерде топ жаруың керек деп үміт отын жақты. Сөйтіп, Малайзияда өткен жарысқа бардым. 
2008 жылы спорт шебері атағына қол жеткіздім. 2010 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Қазақстанның әлденеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері болдым. Азия параойындарында 2010-2011 жылдары қола медаль, 2012 жылы күміс медальді иелендім. Алдағы арманым – Олимпиада чемпионы атану. Бар өмірімді спортқа арнадым. Себебі, уақытымның барлығы жаттығуда өтті. Сондықтан болар, әлі отбасын құрмадым.

Ол күңгірт ойды көңілге қорек еткен жоқ. Керісінше, нәзік жүрек бар құсаны көтерді, кеудесіне тығылған құйынқорқынышымен күресті. Соның арқасында биік белестерді бағындырды. Қайсар қыз өмірдің ағысына қарсы жүзіп, тағдырдың басына салған қиындықтарын жеңді. Оның ерлігі көпке үлгі. Байрақты бәсекеде Көк туымызды желбіретіп, қазақ деген кеңқолтық халыққа жеңіс сыйлап жүрген білекті нәзік жанға алар асуыңыз биік болсын демекпіз.

Айдар ҚАЛИЕВ​