МАҚСАТ - ҮЗДІК БЕСТІККЕ КІРУ

Уақыты: 07.03.2019
Оқылды: 1035

Жаңа маусым алдында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Жетісу» футбол клубының ойыншыларын қабылдады. Кездесуге команданы бапкер Дмитрий Огай бастап келді.

 

Шарада 38 жылдық тарихы бар «Жетісу» футбол клубы жайлы түсірілген бейнебаян көрсетілді. Осыдан кейін облыс әкімі командадағы өзгерістер, алдағы маусымнан не күтуге болатыны жайлы сұрап,  облыс спортындағы жағымды жаңалықтар мен өткен жылдың нәтижесіне тоқталды.

– Былтыр  премьер-лига ойындарын  командамыз алтыншы орынмен аяқтап, алға қойған жоспарды орындады. Бұл – ойыншылар мен білікті бапкерлердің еңбегі. Атап айтсақ, Андрей Шабанов, Мантас Куклис, Сабырхан  Ыбыраев және Руслан Степанюк сынды футболшылар жанкүйерлердің сүйікті ойыншысына айналды. Санаулы күндерден кейін ел біріншілігі жалауын желбіретеді. Биыл үздік бестіктің қатарынан көрінуіміз керек. Төртінші орын алсақ, Еуропа лигасында өнер көрсетеміз. Сондықтан  аянып қалмау керек. Жанкүйерлерді жеңіспен қуантыңыздар, – деп ізгі тілегін білдірді. 

Өз кезегінде сөз алған «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огай: «Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында жолдастық кездесулер өткізіп, аяқдопшылардың шеберлігін байқап, негізгі құрамды анықтадық. Командамыз еліміздегі мықты деген ойыншылармен толықтырылды. Сондай-ақ, Белоруссия, Болгария елдерінен талантты ойыншыларды алдық. Енді жеңістің желкенін көтеру үшін барымызды салып, жоспарды орындауға тырысамыз», – деді.

Бұдан кейін ортаға шыққан «Жетісу» футбол клубының капитаны Мантас Куклис: 
– Әр ойын біз үшін маңызды. Сондықтан барымызды салып ойнаймыз. Биылғы жоспарды орындап, жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Командаға барлық жағдай жасалған. Бізге тек ойнау керек. Қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз, – дей келе аймақ басшысына жетінші нөмірлі футбол жейдесі мен  былғары доп  тарту етті.   Кездесу соңында облыс басшысы жаңа ойыншылармен жеке-жеке танысып, оларға жеңісті ойындар көрсетуді тапсырды.  

Айдар ҚАЛИЕВ.