КӨКСУ АУДАНЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Уақыты: 12.03.2019
Оқылды: 1901

Көксу ауданында құны 300 миллион теңгені құрайтын 180 орынды дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Кешен аудан орталығы - Балпық би ауылында бой көтереді. Құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың жаз айында аяқтау жоспарлануда.

Жалпы ауданы 2 гектар болатын кешенде күрес, бокс, жаттығу залы және командалық ойындар алаңы ашылады. Одан бөлек, кешен аумағында хоккей алаңы мен скалодром салынады. Сонымен қатар, волейбол, баскетбол, гандбол, шағын футбол, бадбинтон, теннис, бокс, күрес сияқты спорт түрлерінен өз ісінің шеберлері дәріс оқымақ.

Өткен жылдың қазан айында аудан орталығында 840 орынға арналған Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген еді. Бүгінде жүгіру жолы мен баскетбол, футбол, волейбол, үстел теннисі, гимнастикамен шұғылдану, ұзындыққа секіру алаңы тұрғындар игілігі үшін жұмыс жасауда. Сондай-ақ, спорттың дзюдо, еркін күрес, грек-рим, самбо және қолкүрес (армрестлинг) түрінен 284 бала жаттығуда.

Орталық стадионның оң жағында бой көтеретін кешен мен бассейн құрылысы ойдағыдай жүргізілуде. Нәтижесінде, толыққанды спорттық нысан қалыптасады деп күтілуде.

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы