ҚОЛ КҮРЕС ЧЕМПИОНЫ

Уақыты: 07.04.2019
Оқылды: 1637

Талдықорған қаласында қол күрестен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Чемпионатқа, әрине, сыннан өткен кіл мықтылар келді. 
Армреслингтен есімдері спортсүйер қауымға етене таныс, әлем чемпионаттарында білек күшімен ерекшеленген, жеңіс тұғырына көтерілген, жасындай жарқырай тартыстың додаларында дараланған саңлақтар 3 күн бойы күш сынасты. Бұлшық еттері білеуленген, есімдері елге белгілі сайыскерлерімен болған жекпе-жектерде Сарқан ауданы ардагерлері командасының бағы жанды. Жас кезінде жалын атып, ел намысы жолында биік белестерден көрінген білекті жерлесіміз Қуаныш Қадырбаев 80 кг салмақта топ жарып, І орынды жеңіп алды. Бүгінгі таңда өзі шыңдаған шәкірттерінің жетістігімен мерейленетін Қуаныш бапкер елуді еңсеріп қалса да әлі бабында екендігін жанкүйерлерге дәлелдеді. 
Осы чемпионатта сарқандық ардагерлер командасы намысты қолдан бермеді. 70 кг салмақ дәрежесінде ІІ орынды еншілеген Айдын Есіркеевті, 80 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орыннан көрінген Мұхтар Исабеков пен Еділ Рысбаевты айта кетуіміз керек. Қазақстанда жүлде алған ардагерлер маусым айында Қырғызстанда өтетін Азия чемпионатына және Польшада қыркүйек айында ұйымдастырылатын Әлем чемпионатына жолдама алды. 

Суретте: жүлдегер сарқандық Қуаныш Қадырбаев топ жарды, ІІ орын иегері Павлодар қаласынан Мұрат Исабеков, 
ІІІ орын иегері Сарқан қаласынан Мұхтар Исабаев.


Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы