ВОЛЕЙБОЛ: АЛТЫН "АЛТАЙҒА" КЕТТІ

Уақыты: 07.04.2019
Оқылды: 1188

Апта бойы Талдықорған қаласын дүбірге бөлеген əйелдер арасында волейболдан ел чемпионаты өз мəресіне жетті. Бəсекенің соңғы үш күні тіпті тартысқа толы болды. Финалға шыққан "Жетісуы" мен Өскеменнің "Алтайы" жанкүйерлердің делебесін қоздырып, нағыз чемпионға лайықты өнер көрсетті.

Шиеленісті өткен кездесудің бірінші кезеңінде жарыс қожайындары жеңіске жетсе, екінші күні қонақтар ұтты. Ал алтын жүлденің тағдыры үшінші күні анықталды. Нағыз бабына келіп, бар күшін салған алтайлықтар жеңісті жұлып алды. "Жетісу" командасы қанша қарсылық танытқанымен өскемендік командаға шамалары жетпеді. Есеп 0-3. Екі команданың да ойыны тамаша болды.

"Алтайда" шабуылшы Сана Анарқұлованың соққысы зеңбіректің оғындай ұшып, діттеген жеріне түсіп жатты. Тіпті, тосқауылды бұзып-жарып, əр соққысы ұпайға айналды. Ал "Жетісуды" Сара Лозо алға сүйреді. Алаңның кез келген нүктесінен ұратын шынашақтай қыз көптің көңілінен шықты. Бір өзі бір командадай ойын көрсетіп, сойқан соққысымен ерекшеленді. Өкінішке қарай алтынды уысынан шығарып алды. Бір сөзбен айтқанда, Сара мен Сана волейболдың ханшайымы деген атқа толық лайықты болды.

Чемпионаттың үшінші орнын "Ертіс" командасы жеңіп алса, алтын "Алтайға" кетті. Күміспен күптелген "Жетісу" келер жылғы чемпионатта алтынға ілініп қалар деген үмітпен тарқасты жергілікті жанкүйерлер. Сонымен қатар, үздік ойыншы мен төрешілер де марапатталды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды Алматы облысының əкімі, Алматы жəне Алматы облысы волейбол федерациясының президенті Амандық Баталов марапаттады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы