ТАСЖАРҒАН: БІР АЯҚПЕН ЗІЛТЕМІР КӨТЕРЕДІ

Уақыты: 30.04.2019
Оқылды: 1614

Өмірде барлық сәтсіздіктерді бақытсыздық деп қабылдап, басына түскен қиындықтармен күресе алмай жатқан жандар қаншама?! Қатал тағдырдың сынағына шыдамай жалғаннан баз кешіп, болашағынан күдер үзгендер де жетерлік. Ал бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған Арлан Атейбеков мүмкіндігі шектеулі болса да қилы тағдырдың бұралаң жолында морт сынбай, өмірдің ағысына қарсы жүзіп, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Олай болса, тағдыры өзгелерге өнеге болатын Арланның әңгімесіне құлақ түрелік.

– Мен 1990 жылы 24 сәуірде Кербұлақ ауданы, Алтынемел ауылдық округінің Байғазы ауылында дүниеге келдім. Отбасымызда төрт ағайындымыз. Ағам, қарындасым және інім бар. Дүние есігін он екі мүшем сау болып ашқаныммен былдырлаған балдырған шағымда бір аяғымнан айрылдым. Ол кезде небәрі 3 жаста болатынмын. Ауылды жер, ойын баласы болғаннан кейін бір орында тұрмайсың. Көшеге шықтым. Трактор үлкен ағашты сүйреп бара жатыр екен. Қызығып қарап тұрғанымда ағаштың бір бұтағы аяғымды іліп кетті. Ата-анам жедел ауруханаға жеткізді. Алдымен Талдықорғанға, содан кейін Алматыға барып қаралдым. Ол жылдары дамыған медицина жоқ. Екі аралықта жүргенімде ауруым асқынып кетті. Дәрігерлер алған жарақатым ауыр болғанын айтып, ота жасап, жасанды аяқ салды. Балалық па, жарақатым жайлы ойламадым, қиналмадым.  Жалғаннан күдер үзіп отбасымды қайғыға салмадым. Бірақ, бұл ата-анам үшін ауыр соққы екенін сеземін. Мені қарату үшін олардың талай ауруханаға барғанын білемін. Бәлкім, есейгенде жарақат алғанымда мен үшін де қайғы болар еді. Алғашында аяғымды зорға қозғап, ілбіп басып, аяңдап жүрдім. Бірақ тез-ақ үйреніп кеттім. Қарап тұрсам, бұл қиындықты жеңуге де таусылмас табандылық пен жасымас жігер керек екен. Ата-анам мен туыстарымның қолдауының арқасында бала күнімде алған жарақатым жетістікке жетуіме еш кедергі болмады. Ауылдағы он екі мүшесі сау балалармен тай-құлындай тебісіп өстім. Олармен бірге доп ойнап, спортты жаныма серік еттім. Оның үстіне ауылда тұрған соң отын жару, қора тазалау, мал бағу сияқты үйдің қара жұмысы менің мойнымда болды. Қазақ болып жаратылғаннан кейін аттың құлағында ойнау міндетіміз. Мен атқа мініп шапқанда ауылдың балалары таң қалатын. Ауырдым десең, төрт қабырғада дел-сал болып жата бересің. Бұл да Тәңірдің берген сынағы болар. Өмір – өзен. Өз арнасымен ағады. Жүзе білген оған батпайды. Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғұмырды еңбекке деген құлшыныспен сүру керек. Сонда ғана алға қойған мақсатың жүзеге асып, арманың орындалады. Мен басыма салған қиындықтарды жеңе білдім. Арманыма қарай қадам бастым. 

Міне, бұл Арланның өмірге келген күннен бастап, балалық шақтағы жеткен жетістігі. Ол сау адамдардың қатарына қосылды. Енді оның үлкен спорттағы жеңісін тағы да Арланның өз аузынан естиік.

– Байғазы ауылында тоғызыншы сыныпқа дейін оқыдым. Одан кейін Талдықорған қаласындағы Темірқазық колледжіне оқуға түстім. Колледжді тамамдаған соң Қапшағай қаласына келіп, мамандығыма байланысты іс-тәжірибеден өттім. 2009 жылы жұмысқа орналастым. 2011 жылы үйлендім. Шүкір, отбасым бар, байлығым.

Жұмыс істеп жүргенімде паралимпиада спорты жайлы жазылған хатты көзім шалып қалды. Ойланбастан қатысамын деп шештім. Ауылдың қара жұмысын істеп өскеннен кейін зілтемір көтеруге барамын деп шештім. Көкейімде сан сауал. Мені кім дайындайды? Қапшағайда мүмкіндігі шектеулі жандар дайындалатын ауыр атлетика залы бар ма? Ақыры күрес залына барып, Әлібек Түсіпбеков деген жаттықтырушымен сөйлесіп, спортқа қызығатынымды, ауыр атлетші болғым келетінін айттым. Ол кісі де бірден келісті. Бір жылдай жаттығып, 2010 жылы Талдықорған қаласында өткен облыстық жарысқа қатыстым. Алғашқы жарыс болған соң бойымда жеңіске деген желпіністен гөрі қорқыныш пен үрей басымырақ болды. Оның үстіне көзге үйренбегендікі ме, жарысқа келген қарақұрым халықтың шуы мені қатты шаршатты. Жұртшылықтың қолдауын ақтай алмаймын ба деп те алаңдадым. Әйтсе де жігерімді жанып, қорқынышымды жеңіп, алғашқы жарысымда-ақ алтыннан алқа тақтым.  Осыдан кейін спортқа деген құлшынысым артып, тынбай жаттығу жасадым. Сол жылы ел біріншілігінде тұғырдың екінші сатысынан көріндім. 2012 жылы пауэрлифтингтен 52 келі салмақта тірек-қимыл қозғалыс аппараттары зақымдалған мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында ҚР кубогында топ жарып, қола жүлдегер атандым.  Араға бір жыл салып 54 келіде Талдықорғанда өткен ҚР кубогында қола жүлдегер атанып, ел біріншілігінде күміспен күптелдім. 2014  жылы ҚР кубогында жүлделі екінші орынды еншіледім. Ал ел біріншілігінде алтын жүлдені қанжығама байладым.  2015 жылы 54 келі салмақта Қазақстан чемпионы атандым. 2016 жылы Көкшетау қаласында өткен ел біріншілігінде тұғырдың екінші сатысынан көріндім. 2017 жылы Атырау қаласында өткен ҚР 5-ші спартакиадасында чемпион атандым. 

Әзірге менің рекордтық көрсеткішім 127 келі. Оны Алматы қаласында өткен республикалық жарыста, 59 келі салмақ дәрежесінде орындадым. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмаймын. Алдағы уақытта дайындықты күшейтіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамын. Дүбірлі додаларда ел намысын асқақтатып, Көк туымызды көкте желбіретуге барымды саламын. 

Иә, Арландай қайсар жігіттің жеткен жетістігін ерлік деп бағаласақ та болады. Енді өмірі замандастарына үлгі болған спортшымыздың тағы қандай ерлігі мен алға қойған мақсаты барын тыңдайық.

– Кейде аяғым ауырып, шаршап, өз-өзіме көңілім толмайтын кездер болады. Дайындықтағы көрсеткіштерді жарыста қайталай алмайтын жағдайлар да кездеседі. Сол сәтте бұдан да қиын жағдайды бастан кештім емес пе деп өзімді-өзім жұбатып, босаңсымауға тырысамын. Өйткені, өмір адамды мәңгі сүріндірмейді, қайта тұрып жүгіруге қақың бар. Бүгінге дейін қаншама қиындықты жеңдім, жағдайым жақсарып, жетістікке жетемін дегенде жатып қалғаным жарамас деп залға барып, қара терге малшынып зілтемір көтеремін. Міне, осындай толассыз жаттығудың арқасында күш-жігер жинаймын. 

Қазір, шүкір, денсаулығым жақсы. Алда жоспарым көп. Республикалық, халықаралық жарыстарға қызу дайындалудамын. Соның бірі – жаз айында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет өтетін әлем біріншілігі. Бақ пен баптың сыналатын шағында барымды салып, байрағымызды көкте желбіретуге, елімнің сенімін ақтауға тырысамын.

Ол кеудесін батпан қайғы нығырлай басса да, көңілдің тулақ төскейінде тебіндеген жасыл өскінді сезді. Алдампаз тағдырдың сынағына бағынбады. Толқын көңілін тоқыратпады. Керісінше, жас жыңғылдай шымыр шағында спортты серік етіп, көшкен жұрттай құлазып бара жатқан көңілін жібітті. Соның арқасында әлемдік ареналарда атой салып, ел намысын жоғары ұстауда. Бұл тағдырдың басына салған қиындығын жеңген түз тағысындай жүректі, құрыш білекті Арлан Атейбековтың жеңісі. Олай болса, жұмыр жердің жарыстарында Туымызды көкте желбіреткен жаны да, ойы да қазақ деп өріліп, жүрегі қазақ деп соққан батырымызға алар асуыңыз биік болсын демекпіз.

Айдар ҚАЛИЕВ