ТАЛҒАРДА ВЕЛОЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Уақыты: 02.05.2019
Оқылды: 1504

Бүгінгі ауа райының жауын-шашынды болғанына қарамастан Талғар қаласындағы "Жастар" стадионында КСРО чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Николай Бондаренконы еске алуға арналған дәстүрлі веложарыс басталды.

Талғардың тумасы Николай Бондаренко 1975 жылы Швейцарияның Лозанн қаласында өткен веложарыста әлем чемпионы атанған. Бұл күнде талантты спортшының кіндік қаны тамған топырақта мыңға тарта жас велоспорттың көрігін қыздырып келеді. Олардың алды Азия чемпионатының жүлдегері атануды мақсат етіп қойған. Даңқты спортшыны жерлестері зор мақтан тұтады.

Салтанатты шараның ашылуында Талғар ауданы әкімінің орынбасары Дарменияр Алғатбекұлы, А.Кивилев атындағы спорт мектебінің директоры Сергей Третьяков, жарыстың бас төрешісі Александр Антышев сөз алып, велоспортшыларға сәттілік тіледі. Әртүрлі қашықтықта бақ сынасатын, 120 велошабандоз қатысатын спорттық жарыс Жеңіс күні қорытындыланатын болады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - автордыкі

Талғар ауданы