"ЖЕТІСУ" ТЕЛЕАРНАСЫ-20: "ХАБАР" ҚАРА ҮЗДІ

Уақыты: 04.05.2019
Оқылды: 2151

«Жетісу» телеарнасының 20 жылдығына орай журналистер арасында шағын футболдан жарыс өтті. Байрақты бәсекеге Талдықорғаннан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларынан жеті команда қатысты.

Доданың салтанатты ашылуында «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек сөз алып, мерейтой шараларына мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасына шынайы алғысын айтты. Алматы қаласынан журналистер командасын бастап келген «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан «Өлке тынысы» ЖШС директоры, Қазақстанның Құрметті журналисі Мейрам Жанәділовті 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Футболда жартылай финалға «Апорт», «Алматы», «Тұран Талдықорған» және «Хабар» командалары шықты. Бұл сында «Алматы» «Апорттан» басым түссе, «Хабар» ойыншылары «Тұранды» жолда қалдырып, финалға жолдама алды. Осыдан кейін «Тұран Талдықорған» мен «Апорт» командасы үшінші орынды сарапқа салды. Тартысқа толы бәсекеде 2:1 есебімен «тұрандықтар» жеңіске жетті.

Ал жарыс барасында барлық командаларды қапыда қалдырған «Хабар» мен «Алматы» финалда кездесті. Ақтық сында қос команданың ойыншылары шебер ойын өрнегін көрсетті. Матчтың бірінші бөлігінде «Хабар» пенальтиден гол кіргізіп, бірінші есеп ашты. Екінші кезеңде алматылықтардың қақпасына қатарынан 2 гол салған «Хабардың» жігіттері турнирдің бас жүлдесіне қол жеткізді: Есеп 3:0 болып тіркелді.

Жарысқа келген командалардың барлығы қатаң тексеруден өтті. Қатарында журналистикаға қатысы жоқ ойыншылар анықталып, олар жарыстан шеттетілді. Жарыстың топтық кезеңінде «БАҚ Жетісу» командасы үшінші орынға табан тіреді. Газет тілшілерінен құралған «БАҚ Жетісу» «Жетісу» телеарнасының командасын 3:1 есебімен ұтты. Ал «Тұран Түркістан» командасы топтық кезеңде «Хабар» мен «Алматыға» есе жіберіп алды.

Жарыста бірінші орын алған «Хабар» командасына 500 мың, екінші орын иегері – «Алматы» командасына 300 мың теңге берілді. Үздік үштікті 200 мың теңгенің сертификатымен «Тұран Талдықорған» командасы иеленді. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік ардагер ойыншы» аталымы бойынша бірнеше журналист марапатталды. Сайысқа белсенділік танытып қатысқан командаларға сый-сыяпаттар мен Алғыс хат табысталды.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»