"ЖЕТІСУ БӨРІСІ-2019": ЖЕҢІМПАЗ АВТОКӨЛІК МІНДІ

Уақыты: 13.05.2019
Оқылды: 1907

"Жастар" спорт сарайында қазақ күресінен ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін республикалық «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы – «Жетісу бөрісі» өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға облысымыздың әр өңірінен іріктеліп келген 40 балуан қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Осыдан кейін Әлімғазы Райымбеков атамыз балуандарға ақ батасын берді.

Турнирде қазақ күресі десе жанын беретін жанкүйерлер сынға түскен балуандарды қызу қолдап отырды. Жауырыны жерге тимеген апайтөс балуандар әуелі жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Сен тұр мен атайын дейтін кіл мықтылар екі топқа бөлініп, күресті бастап кетті. Қазақы дәстүрге сай киінген, иықтарына қасқыр терісін асынған балуандар қос қапталдан бозкілемге бет алған сайын қиқу үдей түсті. Жауырынын жерге тигізгісі келмеген балуандардың сайысы тартысқа толы болды. Әсіресе, жартылай финалға шыққан спортшылардың бозкілемдегі белдесуі.

Өз топтарынан жартылай финалға білек күші мен әбжіл әдіс арқылы қарсыластарын қоғадай жапырған Кербұлақ ауданынан Мұхит Қойшыман мен Алакөл ауданынан Ернар Қабдолдаев шықты. Финалға шыққан балуан «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алады. Сондықтан қос саңлақ барынша абайлап күресіп, жеңістің желкенін көтеру үшін барын салды. Бұл сында айласы басым Ернар жеңіске жетіп, ақтық сынға жолдама алды. Екінші топтан үздік шыққан талдықорғандық Жәнібек Дүйсенбаев пен текелілік Нұрсұлтан Аманжолұлы белдесті. Бұл бәсекеде Жәнібектің жұлдызы жанып, қарсыласының жауырынын жер иіскетті.

Ақтық бәсекеге шыққан Ернар мен Жәнібек қазақ күресінің озық үлгісін көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. Нағыз алыптар айқасы. Екеуі де барысқа лайық балуан! Бірақ жеңімпаз болуы керек. Белдесудің басынан ұпай санымен ұтып келе жатқан Ернар Қабдолдаев соңғы минутта әбжіл әдісімен дараланып, таза жеңіске жетті. Сөйтіп, 2019 жылдың «Жетісу бөрісі» атағын иеленді. Ал Нұрсұлтан Аманжолұлы тұғырдың үшінші сатысынан көрінді. Ол Мұхит Қойшыманнан басым түсті.

Жарыс соңында жеңімпазға алтын белбеу мен автокөліктің кілті, күміс жүлдегер Жәнібек Дүйсенбаевқа 1 миллион теңгенің сертификаты, қола жүлдегер Нұрсұлтан Аманжолұлына 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ақтық сында белдескен қос балуан Елордада өтетін республикалық турнирде Жетісу жерінің намысын қорғайды.

Айдар ҚАЛИЕВ