ҮМБЕТӘЛІ КӘРІБАЕВ-130: ТҰЛҒАНЫ ТУРНИРМЕН ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 14.05.2019
Оқылды: 2968

Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтің туғанына биыл 130 жыл. Мерейлі жылға арналған игі шараның бірі Шолаққарғалы елді мекенінде жалғасты. Ақынның 130 жылдығына орай ауыл стадионында футболдан аудандық турнир өтті.

2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы тартысты ойын Қарақыстақ, Аққайнар, Жамбыл, Ақсеңгір, Жайсаң, Қасымбек, Үмбетәлі және Шолаққарғалы ауылдарының мектеп оқушыларынан құралған сегіз команда арасында өрбіді.

Қыр астындағы кішкене ауыл Шолаққарғалының шағын ғана мектебінің алды мерекеге сай безендіріліп, күмбірлеген күй ойнады. Жарыстың салтанатты ашылуында Шолаққарғалы селолық округі ақсақалдар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Бақыт Әбдібаев, «Үмбетәлі» шаруашылығының директоры Әуесбай Тәжібаев, Ауған соғысы ардагерлерінің «Бача» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Жақыпбеков құттықтау лебіздерін білдірді.

Оқушылар Ақмарал, Мәншүк, Жансая, Ақжол ақын жырларын мәнерлеп оқыды. Аяқдоп додасын ұйымдастырушы, осы мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, білім беру саласында 39 жыл жемісті қызмет етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз, спорт ардагері Жөкен Тотыбаевтың шәкірт тәрбиелеудегі нәтижелі еңбегі атап өтіліп, бұл күнде алпыс жасқа толған оған Республикалық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы атынан «Құрметті ұстаз» төсбелгісі тапсырылды.

Дүбірлі жарыс ауыл перзенті, спорт жанашыры, Ауған соғысының ардагері Сапар Сүйенішевтің бастамасымен ұйымдастырылып, оны ауыл-ауылдан келген қарулас достары Жұмабай Рысмендиев, Қанат Рахымбаев, Еркебай Тұрысов, Рашид Мұхамедшин, Сәлім Ибрагимов бірге тамашалады. Сегіз команда арасында қызған бәсеке кеш батқанша жалғасып, бекітілген ойын тәртібінің қатаң сақталуын білікті төрешілер қалт жібермей қадағалады. Допты қарсылас қақпасына барынша көп салған топтар іріктеле келе ақтық сындарда күштінің күштілері сайысқа түсті.

Қорытындысында бірінші жүлдені алаң иелері - шолаққарғалылық өрендер жеңіп алды. Екінші орынға Жамбыл орта мектебінің оқушылары ие болды. Қасымбек орта мектебінің командасы үшінші бәйгені ұтты. Ептілігімен көзге түскен жекелеген аяқдопшылардан Құрманбек Тастүлек, Болат Заңғар сияқты ұландар «Үздік ойыншы» дипломымен марапатталды. Көктемнің мамыражай сәтінде аяқдоп алаңында алыс-жақын ауыл балаларының басын қосу мұнда он жылдан бері дәстүрге енген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы