ҰЙҒЫР ОРТАЛЫҒЫ БІЛЕКТІ ЖАСТАРДЫ ЖИНАДЫ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1145

Панфилов ауылындағы жабық спорт кешенінде грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында республикалық жарыс жалауын көтерді.

Облыстық спорт басқармасы, «Гүлдала» спорт клубы мен аудандық ұйғыр этно-мәдени орталығы еліміздің әр түкпірінен, облыс аудандарынан келген 400-ден астам білекті де жүректі жасты жинап, балуандарды белдестірді.

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының спорт шебері, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұркен Нұратов, Қазақстан Республикасы ұйғыр этно-мәдени орталығы облыстық филиалының төрағасы, профессор, «Алтын скальп» сыйлығының лауреаты Абайдулла Жапаров, грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратовтар қатысып, жалындаған жастардың тартысты жарыста топ жаруларына тілектестіктерін білдірді. Сондай-ақ, тамыры тереңде жатқан халықтар достығын нығайтып, тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын жігерлі жастар қатарының арта түсуіне аталық ақ баталарын берді.

Салтанатты шарада республикалық турнирге арнайы атбасын бұрған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР ұйғыр жастары одағының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рустам Қайыров ауданның белсенді спортшыларын Алғыс хатпен марапаттады. Грек-рим күресінен спорт шебері, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының шеф-редакторы Жандос Аянбек Гүлдала ауылындағы этно-мәдени орталық жастары мен достық пен татулықты дәріптеп жүрген бір топ азаматтың кеудесіне «Халықтар достығы» белгісін тақты.

Екі күнге ұласқан белдесудің қорытындысы бойынша бас жүлдені Гүлдала ауылының жас балуаны Болатбек Әлихан иеленсе, 32 келі салмақ дәрежесі бойынша «Шаңырақ» спорт мектебінің үздігі Шамжанды Дәулет, 35 келі салмақта Ақтөбеден келген Нағашыбай Дамир жеңімпаздар көшін бастады.

Республикалық турнирдің қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілер тағайындаған қаржылай сыйлық пен медальдар, марапат қағаздары салтанатты түрде табыс етілді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Сурет ғаламтор беттерінен алынды

Талғар ауданы