ӘКІМ КӨКПАРШЫ ЖІГІТТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 25.05.2019
Оқылды: 1830

Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылынан Бақдәулет Серікжан атты көкпаршы жігіт шығып, көрген жанды тамсандырып жүрген жайы бар. Ат құлағында ойнайды.

Көкпар десе, делебесі қозып кетеді. Небәрі 19 жастағы шымыр, қайратты жігіт бүгінде көкпардан Азия чемпионы. Аталған ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі. Қазақстанның спорт шебері. Ол қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті спорт және туризм факультетінің 1-курсында оқып жүр. Алдағы уақытта көкпардан Моңғолияда өтетін әлем біріншілігіне дайындық үстінде.

Ұлтымыздың қыз қуу деп аталатын тамаша ойынында бір-бірімен танысып, кейін отау құрған Серікжан мен Бағдагүлдің шаңырағынан шыққан атсүйер, жылқыны құрметтеп, ұлттық көкпарымызды жанындай жақсы көрер Бақдәулеттің шығар биігі, алар асуы алда.

Көкпаршы жігіттің өнеріне, жеткен жетістіктеріне сырттай қанық болып жүрген Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов Бақдәулетті арнайы қабылдады. Жүрекжарды лебізін жеткізіп, әр қадамына сәттілік тіледі. Өңірдің мәртебесін көтеріп, ауданның мерейін өсіріп жүрген азаматқа лайықты сый-құрметін көрсетті.

Осынау ұмытылмас сәтке ортақ болған аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков ақ батасын берді. «Нұр Отан» партиясы Кеген аудандық филиалы төрағасының орынбасары Алмас Мұқаев, аудандық жастар ресурстары орталығының жетекшісі Тоғжан Қанатқызы ізгі тілектерін жеткізді.

Жүздесуде сөз алған көкпардан Азия чемпионы, Қазақстанның спорт шебері Бақдәулет Серікжан өзіне көрсетілген құрмет үшін аудан әкіміне алғысын айтты. Бұдан былай да ел сенімін ақтау үшін, Қазақстанның Көк байрағын желбірету үшін додаларға түсе беретінін алға тартты. Ұлттық спортымызды ұлықтаған Бақдәулеттің жортқанда жолы болсын!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы