Ержүрек сақшыға арналды

Уақыты: 14.11.2016
Оқылды: 1457

Қоғамдық тәртіпті сақтау және адамдардың өмірін қауіптен қорғау жолында қызмет бабында жүріп қаза тапқан тәртіп сақшыларының ерліктерін жерлестері ешқашан ұмытпайды. Солардың бірі талдықорғандық милиция сержанты Бауыржан Ақылбеков бауырымыз. Ержүрек жігіттің тілсіз тажалмен тайталаста батыл қимылдап, қып-қызыл от жалынының құшағынан адамдарды құтқару кезінде, өкінішке қарай, өзі мерт болған күніне де отыз жыл толыпты.

Сол жолғы жанқиярлық ерлігі үшін марқұм «Қоғамдық тәртіпті қорғау кезіндегі үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған болатын. Осы датаның құрметіне Алматы облысы ішкі істер департаменті басшылығының бастамасымен қызмет бабында қаза болған полиция қызметкері Бауыржан Ақылбековты еске алуға арналған шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында жұртшылықтың алдында Бауыржан Ақылбековтың өмірбаяны мен жоғарыдағы ерлігі жайында тілге тиек етілді. Еске алушылар оның адамдарды ажалдан аман алып қалу үшін өзінің қыршын өмірін қиғандығы жайлы, оның ерлігі кейінгі жастарға үлгі болатыны туралы тілге тиек етті.
Бұл турнирге облыстың барлық өңірлерінен полиция бөлімшелері мен төтенше жағдай мекемелерінің өкілдерінен жасақталған 20 команда қатысты. Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша Панфилов ауданының тәртіп сақшылары топ жарып, бас бәйгеге ие болды. Аталмыш ұжымға бұл турнирдің ауыспалы кубогы тапсырылды. Облыстық ішкі істер департаментінің аяқдопшылары тек ақтық ойында ғана жаркенттіктерге есе жіберіп, жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасты. Үшінші жүлделі орын өңіріміздің төтенше жағдайлар мекемелері ұжымына бұйырды.
Жарысты ұйымдастырушылар тағайындаған үздік ойыншыларға арналған арнайы жүлделер де өз иелерін тапты. Турнир барысында тамаша шеберліктерімен көзге түскен қақпашы Руслан Құсайынов, қорғаушы Айдын Дакиров және шабуылшы Медет Исанов ноутбук, теледидар және фотоаппарат сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аталмыш турнир дәстүрлі түрде жылда өткізіліп тұратын болды.

Шора БАТЫРБАЕВ.