СЕГІЗ ЖАСАР ШАХМАТШЫ: ТАҒЫ БІР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ШЫҚТЫ

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1664

Түркияның Анталия қаласында шахматтан өткен әлем біріншілігі еліміз үшін аса сәтті болды. Ақыл-ой жарысында балғын спортшыларымыз шеберліктерімен шахматтағы маңдайалды мамандарды таңдай қақтырды. Солардың ішінде өз санатында қарсылас шақ келтірмей әлем чемпионы атанған Елназ ҚАЛИАХМЕТ те бар. Жуырда ойы ұшқыр шахматшы қызбен әңгімелесудің сәті түскен еді. Ендеше, алтын қыздың әңгімесіне құлақ түрейік.

– Елназ, әлем біріншілігіндегі алтының құтты болсын! Шахматқа қалай және қай жасыңда келдің?

– Рахмет! Мен шахматпен бес жасымнан бері айналысып келемін. Алғаш шахматты әкем үйретті. Үйде әкем мен әпкем үнемі шахмат ойнайды. Оларды көрген мен де қызығушылық танытып, ақыл-ой ойынын ойнап үйрендім. Әпкем Елдана түрлі жарыстарға қатысып, жүлдемен оралғанда мен де мықты шахматшы боламын деп армандадым. Ол 2015 жылы Грекияда өткен әлем чемпионатына жолдама алғанда қызығушылығым тіптен арта түсті. Бес жасымда шахмат үйірмесіне бардым. Білікті бапкерлерден дәріс алып сайысқа қатыса бастадым.

Әрине, алғашқы қатысқан жарыстарымда қобалжу мен қорқыныш көп болды. Әр ойын мен жарыс сайын тәжірибе жинадым. Мықты ойыншы болу үшін көп дайындық және ойын өткізу керек. Сондықтан, демалыс уақытында әкем, әпкем Елдана, інім Елсұлтан және мен төртеуміз үйде шахматтан жарыс өткіземіз. Ал анамыз әр ойынымызға бас төреші болады. Бұл да үлкен тәжірибе.

– Жарысқа жиі барасың? Бұл сабағыңа кедергі келтірмейді ме?

– Жоқ. Мен бірінші кезекке сабақты қоямын. Сабағымды толық орындап болған соң ғана дайындыққа барамын. Ал жарыстан келген соң сынып жетекшім өткен тақырыптарды түсіндіреді, қосымша тапсырмалар береді.

– Екі-үш жыл аралығында шахматта жеткен нәтижең қандай?

– Таиландтың Чиангмай қаласында өткен жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында, Минск қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Рапид пен блицтен әлем чемпионатына, Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өткен Д.Дербишев атындағы халықаралық жарысқа, Испанияның Сантьяго қаласында өткен жасөсіпірмдер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысып, блицтен Азия чемпионы, классикалық шахматтан Батыс Азия чемпионы атандым. Сонымен қатар, спорт шеберлігіне үміткер атағына да ие болдым.

– Әлем біріншілігі қалай өтті?

– Оқушылар арасында өткен турнирге отыз үш елден төрт жүзге жуық спортшы қатысты. Әлем біріншілігі болған соң әр елден кіл мықтылар келетіні анық. Барлығы сен тұр мен атайын дейтін шахматшылар. Әйтсе де ел үмітін арқалап барған соң жеңістің желкенін көтеру үшін барымды салдым. Бұл жарыста мен Грузия мен Түркияның мықты ойыншыларымен кездестім. Тақта үстіндегі әр ойыным тартысты болды. Тынбай дайындығымның арқасында алтын жүлдеге ие болып, шахматтан әлем чемпионы атандым.

– Алдағы мақсатың қандай?

– Әр спортшының мақсаты әлемдік ареналарда биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтату. Қазақ елінің мықты шахматшысы болып, дүбірлі додаларда Әнұранымызды шырқатсам деймін. Шахматтан қазақ елін әлемге танытқым келеді.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Айдар ҚАЛИЕВ