Бағы жанған Маргарита

Уақыты: 21.11.2016
Оқылды: 1590

Ер мінезді қыздарымыз ел мәртебесін көтеріп жүр. Еліміздің түкпір-түкпірінде спорттың әр түрінен жастарымыз өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Сол жастардың бірі аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі экономика және құқық колледжінің студенті Маргарита Агамбаева. Аудан мақтанышына айналған қаршадай қыз жақында ғана Иран мемлекетінде өткен жастар арасындағы шыңға өрмелеуден Азия чемпионатында  жүлделі 2-орынды алып келді. 

Жүлдегер қызымыз: «Бірінші рет шығып жатқан жоқпын. Қарсыластар да оңай болмады. Десек те, сәттілік менімен бірге болды. Азия мемлекеттері арасында 2-орын алу үлкен мәртебе», – дейді.
Маргарита 6-сынып оқып жүрген жерінде Чапай ауылдық округіндегі «Альпийская роза» туристік клубында жаттықтырушы Алексей Сапроновтан тәлім алған. Алғашқы жаттығудан-ақ осы спорт түрі ұнап қалған соң қызығып, жиі әуестене бастайды. Көп ұзамай-ақ алты айдан кейін  алғашқы жетістігін Талдықорған қаласында облыс бойынша жастар арасындағы шыңға өрмелеу жарысында көзге түсіп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Альпинизм және шыңға өрмелеу федерациясына арнайы шақырту алады. Онда ол альпинизм және шыңға өрмелеуден халықаралық спорт шебері Тамара Кузнецованың қарамағына түседі. 
Міне, содан бері Алматы облысы және  республика бойынша алыс-жақын шетелдерде шыңға жылдам өрмелеуден тамаша жетістікке қол жеткізіп жүр. Өзі Қараой ауылында тұратынына қарамастан  70 шақырымды артқа тастап, Алматы қаласындағы аталмыш федерацияға жаттығуға келіп-кетіп дайындалады. 
Жақында Иран мемлекетінде өткен үлкен жарыстан келе сала Шымкент қаласындағы ел кубогы үшін өтіп жатқан жарыстан  үшінші орынды алып қайтты. Маргаританың айтуы бойынша бұл нағыз бәсекеге апарар жолдағы сатылық деңгейлер ғана. 
Небәрі 17 жасар Қазақстанның Абсалюттік чемпионы, ҚР спорт шебері, ересектер арасындағы Азия және Орта Азияның күміс жүлдегері Маргарита спорт жолында бағындырар белестері әлі де көп екенін айтады. Соның бірі үстіміздегі жылы қарашада Қытай Халық Республикасында өтетін әлем чемпионатында алтын алқаны ұтсам деген мақсаты да бар.

М. ТӘЖМАҒАМБЕТОВА.
Іле ауданы.