Өз отына өзі күйген футболшы

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 1524

Олег Литвиненконы өз отына өзі күйіп кеткен адам деп қарауға болатын шығар…
Жаратушы соншама мол талант бергенмен, сол талантты орнымен пайдалана алмаған жан бірте-бірте өзін жеп тынатын сияқты. Оның өмірі қым-қуыт оқиғаларға толы болады, бірақ соңына қарай таразы басы пендеуи әлсіздік жағына басылып кетеді. Литвиненконың ғұмыры дәл солай болды. Сөз жоқ, қазақ футболының өлара кезеңі дерлік 15 жылда ол аңызға бергісіз қаһарман бола алды.

Жарқын қадамдар
Олегтің жарқылдай бастаған кезі біздің студенттік шағымызға тап келді. Ол әуелі Л. Остроушко жаттықтырған «Динамо» (Алматы) командасында мергендігімен танылды. Сосын өзін тәрбиелеген «Тараз» командасында (ол кезде «Фосфор») ауысып, 1994 жылы Қазақстан чемпионатының бас мергені атанды, қарсыластар қақпасына 20 гол соқты. 21 жастағы жігіт сол кездің өзінде еркіндігімен, доптың қалауынша үйіретін шеберлігімен, екі аяғының да мықты соққысымен ерекшеленген-ді. Әлі есімде, дәл сол жылы ол «Спорт» газетінің орысша нұсқасына сұхбат беріп: «Я – профессионал!» – деп мәлімдеген-ді. 20-дан жаңа асқан жігіттің бұл сөзінен өзіне деген шексіз сенімі байқалып тұрғаны айдан анық еді.
Біз Литвиненконы 1995 жылы нағыз мерген деп таныдық. Қазақстан олимпиялық құрамасы Атланта олимпиадасының іріктеу кезеңінде Қырғыз­стан, Тәжікстан, Өзбекстан құрамаларымен бір топқа түскен-ді. Әуелі отандастарымыз 20 мамыр күні сырт алаңда Тәжікстанды 3:0 есебімен ойсырата ұтты. 1990 жылдардың ортасы дәл қазіргідей ақпарат базары қайнап жатқан кезең емес еді, сондықтан бұл жаңалықты ертеңіне естіген біздер бақытқа мас болып қалдық. Есепті 22-минутта Олег Литвиненко ашыпты. Ойыннан соң, қазақстандықтардың қимылына тәнті болған тәжік жанкүйерлері тік тұрып қол соқты деседі. Тіпті біреуі Олегті арнайы тоқтатып, гүл де ұсынған. Не десек те, бұл топта басты қарсылас Өзбекстан олимпияшылары еді. Көршілермен ойынды асыға күттік. 24 маусым күні Ташкенттен тағы да қуанышты хабар жетті: Қазақстан олимпиялық құрамасы алаң иелерін 2:1 есебімен жеңді. Екі голды да Литвиненко енгізген!
Бұдан кейін Олегті көруге қатты құмарттық. Қазақстан олимпиялық құрамасының Бішкекте Қырғызстанмен 2:2 есебімен тең ойнағанын, Тәжікстанды Алматыда 3:1 есебімен (екі голдың авторы – Литвиненко) ұтуын заңдылық ретінде қабылдадық. 2 қыркүйекте Сергей Гороховодацкийдің шәкірттері Алматыда қырғыз ағайындарды 6:0 есебімен тұқыртты, Олег хет-трик жасады! Келесі ойын 7 қазанға жоспарланған-ды. Таяған сайын бізден де тағат кетті. Сабақтан шыға салып, Орталық стадионға тартамыз. Литвиненко бастаған жігіттердің жаттығуын көруге асықпыз. К. Гальченко, Р. Лучкин, К. Котов, Р. Гумар, Ә. Нысанбаев,                С. Жейлетбаевтар допты гүрс-гүрс соғады, қос қақпашы А. Ненашев пен А. Екторов жанталаса қайтарады. Бәрібір олардың арасында Литваның қимылы алабөтен. Өзі ешқашан езуін жимайды. Бір жолы жаттығу барысында бапкер С. Гороховодацкиймен бәстесіп қалды. Ұстаз бен шәкірт айып алаңының сыртынан айып доптарын кезек тебуге кірісті. Байқауымызша, доптың дәл «тоғыздыққа» енуі шарт! Ұстаз озып кетті! Литваның еңсесі түсе қойған жоқ, бапкерін шын ниетімен құттықтады, тіпті алаң шетіне дейін арқасына да мінгізіп алды. Біз қолтаңба алуға асықтық. «Литвиненко 10» деп шиіре жазды ол қағаз бетіне. Сол қолтаңба менде әлі бар… Иә, ол шынында да таланты ең жоғары – 10 балмен бағаланатын жігіт еді, әттең, өзі 5 балын ғана пайдалана алған сияқ­ты.
7 қазан күні стадионға ерте жиналдық. Ашып айтпасақ та көңілімізде күдік бар. Ташкентте есе жіберген өзбектер бүгін қаһарына мінсе қайтеміз? Олар жеңсе, олимпиадаға іріктеудің екінші кезеңіне жолдаманы иеленіп кетеді… Жоқ, Литва бізді бірден-ақ бақытқа кенелтті. Иә, сол гол әлі көз алдымда. 8-минутта қорғаныстың оң қапталынан доп алған Руслан Гумар оны бірден алға, түу алыстағы Литвиненкоға асырды. Олег өзін матай ұстаған қорғаушыдан тез сытылды да доп түсетін нүктеге құйын-перен жүгірді. Өзбек қақпашысы да айып алаңын тастай бере, допқа өлермендене ұмтылған. Міне, екеуі допқа бір мезетте жетті! Екеуі де допқа аяқпен ұмтылды! Әй, Олег-ай, қандай құйтыр­қы едің! Доп жерге түсе қалған сәтте ол оң аяғын сәл көтеріп, доп тез тоқтайтындай ғана қимыл жасады да өзі сол жаққа бұлт ете түсті. Қақпашы ауа қармап, айдалада қалды. Доп сиқырланғандай Литвиненконың алдына келді. Гол! Гол!! 70-минутта Олег тағы бір гол енгізді, Лучкин тағы бір доп үстеді. Өзбектер жалғыз голмен жауап қайыра алды – 3:1.
Сол жылы Литвиненко «Елім-айдың» сапында Қазақстан чемпионы атанды, қазан айында Азия футбол  конфедерациясының (АФК) шешімімен құрлықтың ең үздік ойыншысы болып танылды!

сәтсіздік жолы
Бұдан әрі Литвиненконың қарама-қайшылыққа толы жолы басталды. Қазақстан ұлттық құрамасы Азия чемпионатының іріктеу кезеңінде Қатар және Сирия командаларымен бір топқа түсті де, Олег Литвиненко оның сапындағы тұңғыш кездесуін 1996 жылдың 14 маусымында Қатарға қарсы өткізді. Бұдан соң күзде ол құрама сапынан біраз уақытқа аластатылды. Тіпті 1997 жылдың алғашқы жартысындағы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына да қатысқан жоқ.
Оның себебі кейінірек белгілі болды. Литвиненко режим бұзған, яғни, құрама жиыны кезінде ішімдік ішіп, бапкерлер көзіне түсіп қалған. Ол құрамаға 1997 жылдың күзінде оралды. Бірақ 4 қазан күні Жапониямен ойында оң аяғын қатты жарақаттап, маусым соңына дейін алаңға шыға алған жоқ. Келесі жылы ол «Елім-ай» сапында екінші рет ел чемпио­ны атанды.
Олегті бұл кезде тағдырдың тағы бір тосын сынағы күтіп тұрған-ды. 1998 жылдың күзінде «Ертіс» командасы Азия чемпиондары кубогының алғашқы іріктеу кезеңінде, бірінші матчта Түркіменстанның «Копет-Даг» командасынан 1:4 есебімен жеңілді. Қазақстандықтар келесі кезеңге өту үшін қарсыласын 3:0 есебімен ұтуы керек еді. Өзге жұрт аңғармай қалады деді ме, павлодарлықтар сол кездегі ҚР футбол  қауымдастығы біле тұрса да қарымта матчқа Литвиненконы «Ертістің» ойыншысы ретінде тіркеп, алаңға шығарып жіберді. «Ертіс» «Копет-Дагты» 3:0-мен жеңді, бірақ қулығы көп өтпей-ақ ашылып қалды. Бұл оқиғада қатты зардап шеккен Литва ғана болды. АФК оны бір жылға айыптап жіберді. 25 жастағы жігіт үшін бұдан өткен жаза болар ма? Мүмкін, осы оқиға да жұрт алақанында жүрген Олегті іштей мүжіп, қажырын кемітіп кеткен шығар… Кім біледі… Оңашада ол күйігін алкогольмен басып жүргенін мамандар да, жанкүйерлер де, футболшылар да жақсы білетін.
Бір жылдық айыбын өтеп оралған Олегті «Қайрат» командасы бауырына басты. Литва да алматылықтардың сенімін жақсы ақтады. Бұл команда сапында ол Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Финалдық ойын тұңғыш рет Астана қаласында өтті. «Қайраттың» қарсыласы «Аксесс-Голден-Грейн» (Петропавл) командасы еді. 5:0 есебімен аяқталған матчта Литвиненко 20 және 90-минуттарда қос гол енгізді.

Көмегі болмаған 
супергол
2001 жылы Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне екінші рет қатысты. Литвиненко бапкер Вахид Масудов жаттықтырған бұл құраманың белді шабуылшыларының бірі еді. Непал, Макао және Ирак құрамаларымен бір топқа түскен отандастарымыз Бағдат қаласында өткен алғашқы айналымды өте жақсы көрсеткішпен аяқтады, ең бастысы, негізгі қарсылас ирактықтармен 1:1 есебімен тең ойнады. Сәуір айының соңына қарай 4 құрама Алматыда тоқайласты. Әлсіз екі қарсыласты еркін еңсерген Қазақстан құрамасы Иракты да бірден шеңгеліне ілгендей болып еді…
Ойынның 30-минутында Олег Литвиненко Орталық стадионға жиналған жанкүйерлерді естен тандырды. Айып алаңына жақын тұста Асқат Қадырқұлов өзіне сырғыта салған допты алған ол бір қадам жасады да айналдыра соқты. Қарсы алдында тұрған қос қорғау­шы да, қақпашы да допты тек көзбен ұзатып салды. Теңбіл доп дәл «тоғыздыққа» сүңгіді де кетті! Гол!!!
Иә, мұндай әдемі голды көру де бақыт еді!
Бірақ ирактықтар 40-минутта есеп теңестіріп кетті. Біздің құрама доп айырмасының кемдігінен келесі кезең жолдамасынан айырылды…

Тағдырмен бетпе-бет
Бұдан соң Литваны Кипр дәмі күтіп тұрды. Ол ортаңқол «Эрмис» командасының құрамында 9 ойын өткізді, бірақ гол соғып көзге түскен жоқ. Қалай дегенмен, бұл сәтсіздік те Олегтің нәзік жанына қамшы болып тигені сөзсіз. Литвиненко жүрген жерінде ел ықыласына бөленуге үйреніп қалған-ды. Кипрде болса да, ол Еуропа футболында еш ерлік жасай алмағанына қатты қапаланған сияқты. Кім біледі, ол Кипрде бір жарқырап алып, ары қарай бәсі одан жоғарырақ лигаларда өнер көрсетуді армандаған шығар.
Олегтің әкесі Федор ұлының осы сапардан оралған соң қатты түсіп кеткенін, ішімдікке жиі үйірсектей бергенін айтады. Елге оралған соң, «Жеңіс» пен «Елім-ай» сапында голдарымен қайта табысса да, біз білетін Литва баяғы өмірге құштарлығымен, алаңдағы ақылға сыймайтын қимылдарымен көріне алмады. Дәл осы кезде оны әйелі мен ұлы да тастап кетті.
2004 жылы Олег «Ақтөбе-Ленто» командасымен келісімшарт жасасты. Ақтөбелік клубтың жаңа еңсе түзей бастаған кезіне тап келген мерген жаңа команда құрамында 5 ойын өткізіп, 1 гол соқты да… жұрт назарынан таса болды. «Ақтөбе» бір ай бойы із-түзсіз кеткен шабуылшыны сыртынан трансферге қойып, шартты үзді.
Жұрт қуанышы болған Литваның футболдағы ғұмыры осымен тамам болғандай еді… Өзін тауып алып, түсініктеме алуға тырысқан журналис­терді ол: «Мені мазаламаңдар! Ештеңе айтқым келмейді!» – деп қайтарып та тастаған.
2005 жылы күтпеген жерден ол футболға оралды. Оған «Алматы» клубы сенім артты. Көргендердің айтуынша, «Алматының» базасына келген Олегтің түрі тым аянышты болған. Үстіндегі күртесі қатты тозған, шашы ұйысып кеткен, қолы қап-қара күс… Адамшылықтың есігінен шығып бара жатқандай көрінген «экс-қаһарманды» өмірге оралтқан Сергей Тимофеев еді. Бірақ Тимофеевтің өзі «Алматыда» тұрақтап қала алмады, сөйтсе де, Литвиненконың жаңа клубтан кетпеуін тапсырған да осы бапкер болды.
Литва «Алматы» сапында өткізген 22 матчта 7 голдың авторы атанды. 1 жылдай допқа аяқ тигізбеген футболшы үшін бұл өте жақсы көрсеткіш еді. Әсіресе, 2005 жылдың 25 маусымында оның «Ақтөбе» қақпасына соққан хет-тригі естен кетпейді. Бұрынғы бейнесін мүлде өзгертіп, шашын тықырлап алып тастаған мерген әр гол сайын иығын түртіп шоқынып, аспанға қарап күбірлеп, рахмет айтумен болды…
Сол жылы Тимофеев оны ұлттық құрамаға қайта шақырды. Дания, Грекия, Албания, Түркия құрамаларына қарсы Олег өте жақсы ойнады. Гректермен Алматыдағы кездесуде ол 2 метр жерден гол соға алмай қалды. Жанын сала жүгіріп жүргенмен, оның шамасы 90 минутқа толық жетпейтінін жанкүйерлер де жақсы шамалап отырды.
2006 жылы Олег тағы да өз тағдырына қырын кетті. Жыл басында «Астана» командасына ауысып, құраманың жаңа бапкері Арно Пайперстің басшылығымен Иордания, КХДР және Финляндия құрамасына қарсы жолдастық кездесуге қатысқан соң, тағы да із суытты. Жыл ортасынан ауғанда аты да, заты да өзгерген «Семей» командасынан табылды. Өзінің бұрынғы командаласы Андрей Мирошниченконың қанаты астынан пана іздеді. Бірақ көп ұзамай, «бұл команда жоғары лигаға шығуды мақсат етпейді» деп одан да кетті.
2007 жылы, өмірінің соңғы жылы ол «Таразға» оралып, 4 ойында 1 гол соқты. Сосын тағы да футболдан қол үзді.

Арғы әлемде 
кездесеміз, әке…
2007 жылдың 18 қарашасында Тараз қаласындағы зираттардың бірінен Олег Литвиненконың мүрдесі табылды. Азамат өзін-өзі өлімге қиыпты… Әкесі Федор: «Мұның себебі ұлымның жеке өміріндегі сәтсіздіктерінде жатыр. Ол бір қызбен танысып, өмірін жаңа арнаға қайта салғандай еді. «Тараз» командасымен келісімшарт жасасқан соң, ол ықшамаудандардың бірінен 1 бөлмелі пәтер сатып алды. Әскери билетіне байланысты қиындықтар туындаған соң, үйін қалыңдығының атына жаздырды. Бұл кезде оның бұрынғы әйелі мен ұлы Шымкент қаласында тұрып жатқан еді. Ұлымен жиі сөйлесіп, ара-тұра жолығып жүрген Олегтің баяғы ерке қалпы қайта оралғандай көрінген. Бірақ келе-келе оның өз үйіне қонбай жүргені белгілі бола бастады. Күндердің күні қалыңдығы үйін сатып, басқа қалаға кетіп қалыпты. Ұлым содан кейін еңсе түзеген жоқ. Жұртқа берген қомақты қарыздарын да қайтара алмай қиналды. Соңғы жолыққанымыз­да: «Енді қашан кездесеміз?» – деп сұрап едім, ол : «Арғы әлемде, әке…» – дей салды. Мән бермеппін сөзіне…» – деп еске алады.
Олег өзінің отыз төртінші туған күніне 5 күн қалғанда көз жұмды.
Олег Литвиненко – тәуелсіз қазақ футболының бас мергені. Ол А. Мирошниченкодан кейін екінші болып Қазақстан чемпионаттарында 100 гол соққан ойыншы болды (барлығы 148 гол). Оның бұл жетістігі 2015 жылы ғана жаңарды. Ұлттық құрама сапындағы, Қазақстан кубоктарындағы және түрлі құрлықтық сындардағы нәтижелерін қоса есептегенде, Олег Қазақстанның мергендер көшінде Нұрбол Жұмасқалиевтен кейінгі екінші орында тұр (182 гол).
Тағдыры қанша ауыр болса да, дәм-тұзы ерте таусылса да, қазақ жанкүйерлері Олег Литвиненконы мәңгі жадында ұстайды. Оның қазақ футболына қосқан үлесі өлшеусіз. Оның Ирак қақпасына соққан голы қазақ футболының ең ғажайып 10 голының қатарынан орын алатыны еш күмәнсіз.
Қазақстан премьер-лигасының бас мергеніне жыл сайын Олег Литвиненко атындағы жүлде ұсынылатын болса, ешкім де артық демес еді.

Есей Жеңісұлы.