АЛҒАШҚЫ КҮНІ 4 АЛТЫН

Уақыты: 06.08.2019
Оқылды: 1032

Талдықорған қаласында «Жастар» спорт сарайында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының 5-ші жазғы спартакиадасы жалауын желбіретті.

Қазақ елінің барлық аймағынан зілтеміршілердің басын қосқан жарысқа он төрт облыс, үш қаланың ауыр атлеттері келіп ел чемпиондығын сарапқа салуда. Доданың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жетісу жері толағайлардың мекені десек артық айтпағанымыз. Бұған дейінгі байрақты бәсекеде Алматы облысының зілтеміршілері намысты қолдан бермей жеңіс туын желбіреткен. Олардың арасында Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Альбер Линдер секілді сайыпқырандар бар. Жұлдызды спортшылардың ізін басқан жас жеткіншектер де өсіп келеді. Бүгінгі таңда атақтары алысқа кетіп, жас болса да әлемдік сында атойлап жүрген жастарымыз жетерлік. Сондай жастың бірі Сайрамкез Сайлаукезұлы, Игорь Сон, Ольга Пастухова секілді мықтыларымыз бар. Аталған спортшылардың барлығы осы жарыста өнер көрсетіп, өз шеберліктерін байқамақ.
Жарыстың бірінші күні тартысқа толы болды. Түске дейін тайталасқа ерлер шықты. Бірінші болып жарысты 55 келі салмақтағы өнер көрсететін ауыр атлеттер бастады. Сынға түскен он атлеттің ішінен суырылып алға шығатын екі спортшының атағы жер жарып тұр. Жанкүйерлердің болжамы бойынша шымкенттік атлет чемпион болады деп топшылаған. Ол Олимпиада ойындарына қатысушы, өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері  Арли Чонтей болатын. Бірақ оған нағыз қарсылас ретінде жетісулық Игорь Сонды да ерекше атау керек. Осылайша бәсеке басталды. Жанкүйерлер айтқандай нағыз тартыс екі атлеттің арасында болды. Жұлқа көтеруде жарыс қожайыны Игорь Сон 118 келіні бағындырса, Чонтей 118 келіге шамасы келмей 115 келімен шектеліп қалды. Серпе көтеруде Игорь 142 келіні басынан асырды. Ал, шымкенттік спортшы болса 135 келімен ғана шамасы жетті. Осылайша қос сайыс қорытындысы бойынша жетісулық Игорь Сон 260 келіні көтеріп чемпион атанды. Арли Чотей 250 келімен күміске қол жеткізсе, қоланы тағы бір жетісулық Алексей Драздов 235 келіні еншіледі.
61 келі салмақта өнер көрсеткендердің ішінен жерлесіміз Тимур Хасаров алтын тұғырдан қол бұлғады. Ол екі сайыстың қорытындысы бойынша 260 келіні еңсерді. Күміске 241 келіні қызылордалық Азамат Төлеген қол жеткізсе, үздік үштікті 240 келені ақмолалық Виктор Надворный құрады.
Қыздар арасында 45 келі салмақта өнер көрсеткен талдықорғандық Юлия Потасова алтын медальді мойына тақты. Ол 145 келіні бағындырды. Күміске 129 келімен жамбылдық Айнұр Абдықалықова қол созса, қоланы ақмолалық Айым Мұхамеджанова (121 кг. ) қоржынға тоғытты. 
49 келі салмақтың алтыны да Алматы облысына тиесілі болды. Наталья Бедрик (150кг.) алтын алса, күміс Нұр-Сұлтан қаласының бұрымдысы  Алтыншаш Оразбектің (150кг) еншісінде кетті. Қола Ақмола облысының спортшысы Диана Серебрякова (140кг.)  бұйырды.  Осылайша жарыстың бірінші күні Алматы облысы төрт алтынға қол жеткізді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ