ДЕНІ САУДЫҢ - ЖАНЫ САУ

Уақыты: 16.08.2019
Оқылды: 1112

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат МАНЗОРОВ Талдықорған қаласындағы спорттық нысандарды аралауды талай дүбірлі доданы өткізіп, жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болып жүрген «Жастар» спорт сарайынан бастады.  

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Бағдат Сайланбайұлына Спорт сарайының жұмысын таныстырды. Спорттың он екі түрімен айналысуға мүмкіндік беретін  «Жастар» спорт сарайының мүмкіндігі мол. Аталған кешеннің ішінде облыстың спорттық үш мектебі отыр. Спортпен шұғылданам деген адамға барлық жағдай жасалған. Мекеменің басшысы Талғат Өмірбеков Спорт сарайының жұмыс кестесінен бастап әр спорттың түріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар Бағдат Сайланбайұлына «Жастар» спорт сарайының проблемалық тұстарын да айтып өтті. Мұнда көп жылдан бері спорт кешенінің жылу мен желдету жүйесінің жөндеу көрмегенін айтып, ұсыныс, тілегін жеткізді.
Одан кейін спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжін аралап көрді. Талай чемпионның қанатын қатайтқан спорт мектебі талапқа сай жабдықталып, жас чемпиондардың шыңдалып шығуына қолайлы екенін өз көзімен көріп, жаттығу залдары мен жататын орындарды аралап шықты. Өз кезегінде спортшылардың оқу-жаттығуына және дұрыс демалуына әлі де болса көңіл бөлу керектігін Бағдат Сайланбайұлы қадап айтып, жатақхананың жағдайын одан әрі жақсартуды тапсырды. Ол үшін мектеп директоры Бақтияр Қасымовқа ұсыныс хат пен жобалық жоспар жасауды жүктеді. 
«Жетісу» орталық стадионының жұмысы да көңіл көншітерлік. Мекеме басшысы Серік Мұқанов бірқатар проблеманы алға тартып, әлемдік талаптарға сай стадионға қосымша жұмыс жүргізу керектігін айтты. Оған облыс әкімінің орынбасары арнайы жобалық- сметалық құжаттаманы тез арада дайындап, тиісті орынға ұсынуды тапсырды. «Болашақ» футбол алаңын да аралаған Бағдат Сайланбай- ұлы басқарма басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа бұқаралық спортты дамытуды және қала тұрғындарымен спорттық жарысты жиі өткізіп тұруды жүктеді. Сонымен қатар балалардың спортқа келуін мейлінше кеңінен қамтамасыз етіп, оларға толық мүмкіндік жасауды қадап айтты.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ