АЛТЫН ТҰҒЫРДА – 60 РЕТ

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 958

Сан қырлы спорт саласының адамды өзінің сиқырымен баурап, миллиондаған жанкүйерді жанына жинайтынын барлығымыз да жақсы білеміз. Дүбірлі додасының арбауына шырмап, өзіне тартып алатын спорттың, әлемнің елшісіне айналғаны қашан.

Міне, сол сиқырлы өнердің майталмандары Жетісу жерінде де жетерлік. Ішкі біріншіліктерді былай қойғанда, әлемдік сында атой салған ұл-қыздарымыз еліміздің туын көтеріп, абыройымызды асырып келеді. Сондай жарқын жеңістерге жетіп жүрген біздің  Алматы облысының спортшылары қатарластарынан оқ бойы озық келеді. 
Ия, келер жылы Токио Олимпиадасының ойындары. Оған әлемнің «сен тұр, мен атайын» деген спортшылары тастүйін дайын. Әйтсе де дүбірлі додаға қатысу үшін жолдамаға таласып жатыр. Олимпиадада жеңіп шығу бір бөлек болса, оған қатысу бір басқа. Мықтының мықтысы ғана қатысуға мүмікіндік алады. Сол үшін де жетісулық спортшылар аталған жарысқа барын салып, үздіктер қатарынан көрінуге тырысып жатыр. Оның нақты дәлелі – Алматы облысының үш садақшысы Олимпиада ойындарына қатысуға төрт жолдаманы жеңіп алды. Осылайша тарихта тұңғыш рет садақ атудан төрт жолдамаға қол жеткізілді. 
Бұдан басқа да спорт түрінен жолдамаға таласатын спортшыларымыз бар. Мәселен, қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында жалауын желбірететін күрестен әлем чемпионатында жолдамамен қоса әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізіп қалуымыз бек мүмкін. 1998 жылдан бері грек-рим күресінен әлем чемпионы деген қазақты көре алмай келеміз. Сол секілді еркін күресте де чемпионды құшағымызға қыспағанымызға талай жылдың жүзі болды. Осындай олқылықтар бар. Бірақ оның орны толады деп сенемін. 
Ал енді Алматы облысының спортына келетін болсам, біздің сайыпқырандар байрақты бәсекелерден олжамен оралып жүр. Төрт жылда бір рет жалауын көтеретін спартакиада ойындары жуырда ғана жалауын түсірді. Жыл басынан бері спорттың бірнеше түрінен сынға түскен спортшылар жан алып, жан берісті. Маңдай тердің өтеуі деп осыны айтуға болады. Міне, осымен бесінші рет өткен спартакиада ойындарында Алматы облысы жалпыкомандалық есепте тұңғыш рет қола медальға қол жеткізді. Мұнда бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Шымкент қаласы алса, үздік үштікке 60 алтын, 44 күміс, 61 қола медальмен Алматы облысы жайғасты. Бұл үлкен жетістік деп білемін. Осы орайда Алматы облысының әкімі мен әкімдігіне шын жүректен алғыс айтқым келеді. Спортқа жасалған жанды қамқорлықтың арқасында, аудандарда дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін ашудың арқасында осындай жетістікке қол жеткізіп отырмыз деп толық сеніммен айта аламын. 
Спартакиада ойындары кезінде алтынды уыстап алған спорт түрі – садақ ату. Құралайды көзге атқан мергендер 11 алтынға қол жеткізді. Одан кейін ауыр атлетика. Біздің толағайлар қоржынымызға 10 алтын медаль салды. Үздік үштікте тректегі велоспорт жарысы. Олар жарқыраған бес алтынға қол жеткізсе, қыздар күресі 4 алтынды еншіледі. 
Жалпы Жетісу спортшылары спорттың 28 түрінен сынға түсті. Оның тек алтауынан ғана алтынға қол жетпеді. Қалған жиырма екі спорт түрінен алтынды еншіледік. 
Ендігі мақсат – әлемдік сында атой салу. Қазіргі уақытта спортшыларымыз оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Төрт жылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарында өнер көрсету кез келген спортшының арманы. Міне, сол армандарына қол жеткізу үшін облыстың мықтылары жатпай-тұрмай дайындық үстінде. Оған барлық жағдай жасалған. Таулы аймақтағы спорттық нысандарға, қала ортасындағы «Жастар» спорт сарайына, тіпті сырт мемлекеттерге де барып, дайындық жұмыстарын өткізіп жүр. Осы ретте мен Алматы облысының барлық спортшыларын 18 тамыз – Спорт күнімен құттықтаймын! Елдің намысы мен туын желбіреткен спортшыларымыз көп болсын!

Нұрбақыт Теңізбаев, 
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы