САЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ САЙЫСТЫ

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 955

Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері арасында спартакиада өтті.

Аталған жарыс мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылды. «Болашақ» стадионында өткен спорттық сайысқа аудандық бөлімшелерден он команда қатысты. Бірнеше спорт түрлерін қамтыған бәсекенің ашылу салтанатында  Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Данияр Мәулетов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Салтанатты шарадан кейін жарысқа келген командалар өзара бақ сынап, кім мықтыны анықтады. Ойын өте тартысты өтті. Додаға келгендердің осалы жоқ. Барлығы да жүлдеден үмітті. Әйтсе де шағын футболдан үздік ойын көрсетіп, бірінші орынды қанжығасына байлаған Сарқан ауданының  «Достық» құрамасы жеңімпаз атанды. Жүлделі екінші орынға  Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары, «Алтынкөл» кеден бекетінің «Жетісу» құрамасы ие болды. Тамаша ойын көрсеткен Панфилов ауданы, «Нұр жолы» кеден бекетінің топтық  құрамасы «Жаркент» үшінші орынды жеңіп алды. Ойын соңында Шыңғыс Жадранов «Ең үздік қорғаушы» атанса, «Ең үздік қақпашы» номинациясы «Алтынкөл» кеден бекетінің жетекші маманы Алтай Сақановқа бұйырды. «Нұр жолы» кеден бекетінің бас маманы Құлжабек Түстебаев «Ең үздік шабуылдаушы» деген атақпен марапатталды.
Ал үстел  теннисінен бірінші орынға мыңнан оза шауып, көзге түскен «Нұр жолы» кеден бекетінің бас маманы Марат Сыздықов ие болды. Екінші орынды үздік ойын көрсеткен Қапшағай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Айбол Қыбыраев алды. Қола жүлде Алакөл ауданының қызметкері Қайрат Садуақасовтың қанжығасында кетті.
Нәзік жанды аруларымыздың арасында  үстел теннисінен бірінші орынды өзінің шапшаңдығымен көзге түскен Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Жұлдыз Ахметжанова алды. Кербұлақ ауданынан келген бас маман Жанар Қойайдарова күміспен күптелсе, қола медаль әдемі ойын көрсеткен сұлуымыз Көксу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ардақ Әлімбаеваға бұйырды.
Бильярд ойыны да өте қызықты өтті.  Мұнда еңбекшіқазақтың Көпжасар Сұлтанбеков жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Сәл ғана сәттілік жетіспеген  кербұлақтық Болат Байшығашев күміс жүлдегер атанды. Үшінші орынды «Нұр жолы» кеден бекетінің бас маманы Нұрлан Жұмағұлов иеленді.
Шахмат ойынынан жүлделі бірінші орынға «Достық» кеден бекетінің шахматшысы Өмірсерік Зәуренбеков қол жеткізді. Қарсыласынан қалыспай мықтылығын танытып екінші орынды иемденген Руслан Важитов болды. Үшінші орынға Қапшағай қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы жайғасты.

Мадина Нұғманова