ТАЛҒАР – ТАЛАНТТАР МЕКЕНІ

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 1431

Табиғаты көркем, ауасы таза, суы тұнық Талғар ауданында салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортты дамытуға мол мүмкіндіктің бары анық. Оған соңғы жылдарда өтіп жатқан спорттық іс-шаралар тізбегі де дәлел болса керек. Адамның ұзақ жасауы мен денінің саулығының басты кепілі – спорт мерекесін кең көлемде атап өтуге ауданның спортсүйер қауымының жұдырықтай жұмыла атсалысқандығын айрықша атамақпыз.

Қазіргі таңда ауданда жалпы халық саны 213136 адам болса, оның 29 пайызы спортпен шұғылданатындар қатарында. Ал жасөспірімдердің арасында 20 мыңға жуығы, яғни, 9,1 пайызы спортпен айналысады. 
Ауданда 3 стадион, 2 спорттық сауықтыру кешені, 9 жүзу бассейні, 63 спорт залы, 56 спорт алаңы, 57 футбол алаңы, 12 соңғы үлгіде жасалынған шағын футбол алаңы, 6 теннис корты, 4 тау-шаңғы трассалары, 1 жабық хоккей алаңы, 5 спорт мектебі және 24 спорттық нысан жұмыс істейді. Бұл салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортпен шұғылдануда аудан халқына жасалынған үлкен қамқорлық деуге болады.
Бұл орайда велоспорттан облыстық олимпиада ізбасарларын дайындауға арналған Андрей Кивилев атындағы арнаулы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мерейі үстем. Мұнда бас-аяғы 577 оқушы жаттығады. Осылардың арасында ел намысын қорғауда әлемге таныла бастағандары бар. 
Ауданда қысқы спорт түрлері үздіксіз дамып келеді. Атап айтсақ, қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 8 бөлім бойынша 1000-нан аса оқушы жаттығады. Сондай-ақ, «Ұлттық және ат спорты түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» 2017 жылдан бері жұмыс істеп, ұлттық ат спорт түрлері – көкпар, аударыспақ, жамбы ату сынды ойын түрлерін меңгертуде. Бұл ат спортына қызығушылар қатары да өсіп келеді. Бүгінде бұл сала бойынша 243 бала жаттығады. 
Талғарлықтар үшін «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің іске қосылуы спорттың дамуына тың серпін бергені хақ. Мұнда спорттың 15 түрі бойынша 1000-ға тарта жасөспірім оқу-жаттығу сабақтарына қатысады. Олардың арасында 11 спортшы спорт шеберлігіне үміткерлер санатында.      
Талғар төріндегі «Алмалы» спорт кешенінің ауласына 200-ден аса спортшылар жиылып, кәсіби мерекені есте қаларлықтай етіп, жоғары деңгейде атап өтуге бар күш-жігерлерін жұмылдырды. Салтанатты шара алдында аудан әкімі Рыскелді Сатбаев  олармен бірге жаттығу жасап, мерейлі мерекенің шымылдығын ашты.
 – Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Бұл – денсаулық, күш-жігер, шыдамдылық пен сергектік мерекесі. «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту аса маңызды. Елбасы Жолдауында бұқаралық спортпен айналысатындардың қатарын 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған болатын.
Сондықтан да елімізде, оның ішінде ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт ғимараттарының жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде денешынықтырумен шұғылданушылар қатары көбейіп келеді. 
Өткен жылы ауданымызда 180 орынды денешынықтыру-сауықтыру кешені, «Ой-қарағай» демалыс орнында таулы велоспорт трассасы және Талғар қаласында әлемдік стандарттарға сай ВМХ трассасы ашылды, – деген аудан әкімі бүгінгі күні ауданда барлығы 242 спорттық нысанның халыққа қызмет етіп, спортпен шұғылданушылар санының 61 мың 809 адамға жетіп отырғандығын ерекше атады. Бұл жалпы халық санының 29 пайызын құрайды екен.
Осы көрсеткішті жақсартып, салауатты өмір салтын барынша насихаттау – біздің басты мақсатымыз, – деген аудан әкімі Рыскелді Сатбаев салтанатты шарада спортты дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында Бағжан Ұзақов, Ербол Камалиев, Владимир Клепиков, Әсет Дүйсенов, Алдияр Нұрғазиев, Ербол Нарұл, Стаинслав Третьяков, Анастасия Шаповалова, Алексей Гроза, Дарья Плужникова, Дәурен Үшкемпіров, Ержан Баймолда сынды мықтылар бар.
Спорттық мереке соңында отбасылық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. 

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы