ЖЕТІ АВТОКӨЛІК ТІГІЛДІ: ШИЫРШЫҚ АТҚАН ШЫН ЖҮЙРІКТЕР

Уақыты: 02.09.2019
Оқылды: 1759

«Көкбастау» ипподромында Конституция күніне орай Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Кубогі үшін ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Ұшқан құстың қанатын талдырып, тұлпардың тұяғын тоздыратын байтақ еліміздің төрт қиырынан атбегілер жүйрік әкелді. Тіпті, көршілес қырғыз елінен де ат қосылып, желмен жарысқан 200-ге жуық сәйгүліктің бабы сыналды. Дүбірлі доданы тамашалауға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Атшабарға келген көрермен қарасы биыл да қалың. Ұлттық ат спортын ұлықтаудың жарқын шарасы мұнда жыл сайын өтеді. Ұлы Далаға дабысы тараған Көкбастау жазығындағы атжарыс 1998 жылы Қарасай батырдың 400 жылдығында бастау алған болатын. Содан бері бұл бәйгенің дәстүрге енгеніне биыл 21 жыл. Халқымыздың ұлттық құндылыққа деген ықыласы ерекше екені бұл жолы да анық байқалды. Атшабар алаңы мерекеге сай безендірілген. Аспанында ән-жыр қалықтап, төбеде түрлі-түсті жарыс жалауы желбірейді. Алаң ортасында кілең ақ түсті «Уаз Патриот», «Лада Гранта», «Нива» маркалы су жаңа жеті автокөлік қаздай тізіліп тұр. Бағы жанған жеңімпаздарға тағайындалған жүлде қорының басы осы. Бұған қоса үш миллион теңгеден аса ақшалай сыйлық тағы бар. Жылқыға жаны құмар жұрттың баласы кімдердің жұлдызы жанатынын тағатсыздана күтті. Бәйге десе бас, көкпар десе дес бермейтін атам қазақтың асыл мұрасын дамытуға осындай жарыстың ықпалы зор.

Мерекелік шараның салтанатты ашылуында жарыстың бас төрешісі, ҚР Еңбек сіңірген бапкері Орынтай Әмірғалиев бастаған шабандоздар бабы келіскен сәйгүліктермен сап түзеп, Мемлекеттік Гимн орындалды. Облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікті еліміздің өркендеуі мен қоғамдық келісімнің берік кепілі болып табылатын Конституция күнімен құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде ат спортына қызығушылық артып, жақсы нәтижелерге қол жеткенін, жыл сайын жалауын көтеретін дәстүрлі ат жарыстың ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейге көтерілгенін  атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылығымызды дәріптеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда осындай шаралардың алар орны зор екенін айтып, атбегілердің еңбегіне табыс, шабандоздарға сәттілік тіледі.

«Бәйдібек баба» республикалық корының президенті, «Құрмет» орденінің иегері, академик-жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Нағашыбек Қапалбекұлы бата берді. Ат спорты ойындарының ережеге сай өтуін ұлттық дәрежедегі төрешілер қалт жібермей қадағалады.

Алдымен тай жарысы болды. Бес шақырымға топырласа шапқан елу тай бір-бірімен тайталасқа түсті. «Тай – атқа жеткізер, ат – мұратқа жеткізер», – деген. Бірінші болып Жамбыл облысынан Жәнібек Әлібековтің «Шөңкер» деп атаған қаракері келіп, үстіндегі шабандоз Нұрсұлтан Ілебайдың мерейі үстем болды. Екінші болып Талғар ауданынан Мерхат Бұлғыновтың «Кәусары», үшінші орында Қырғызстанның «Асанбек ата» жылқы шаруашылығының «Берекесі», төртінші Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың «Ауысы», бесінші болып Тараз өңірінен Мұрат Сүлейменовтің «Жауынгері» келді. Одан кейін аш күзендей шиыршық атқан тағы да 50 құнан 11 шақырымға тізгін босатты. Бірінен-бірі оза шапқан қылқұйрықтардың арасы айналым асқан сайын ұзай берді. Соңғы айналымда мәре сызығын бірінші болып қарасайлық Әлнұр Назарбаевтың «Қарлығашы» қиды. Артынша Жамбыл облысынан Диас Мырзаханның «Әлқиссасы», одан кейін Алматы қаласынан Әділбек есімді азаматтың күреңі «Мұзбалақ» жетті. Төртінші орында алматылық Ерлан Байбатыровтың қаракері «Қайнар», бесінші болып қырғыз елінен ат арытып келген Тұрсыналы Мамбетайтовтың «Хансұлуы», алтыншы Әлнұр Назарбаевтың  «Бақторы» атты тағы бір құнаны, жетінші талғарлық Мерхат Бұлғыновтың «Ханзадасы», сегізінші Қарасай ауданынан Жанқойлықтар әулетінің «Адмиралы» келіп, тиісті жүлделерді еншіледі.

Құйрық-жалы сүзілген қырыққа жуық тұлпардың топ бәйгеде 16 шақырымға қолтық жазуы да жанкүйердің қиқу салуымен қызықталды. Топтаса шапқан аттар соңғы айналымға келгенде жеті жүйрік құйрық тістесе жүйткіп, олардың соңынан үш ат ілесті. Мәреге жарты айналым қалғанда жетеудің ішінен екі жүйрік суырылып алға шығып, тура жолға түскенде оқ бойы ұзай берді. Қиқулаған көрерменге жақындағанда біреуі екіншісіне құйрық тістетпей дара келді. Осылайша Алакөл ауданынан Ерасыл Балтабектің асығы алшысынан түсіп, шабандоз Ринат Сарқұловтың тақымында жұлдыздай аққан «Шымбұлақ» күрең иесіне  темір тұлпардың бірін сыйлатты. Нұрболат есімді балақай тізгінін тартқан «Ғасыр» екінші келіп, ат иесі талғарлық Мерхат Бұлғынов топ бәйгеге тігілген екінші автокөлікті ұтты. Үшінші орынды  қарасайлық «Қарабай» шаруашылығының торы бестісі жеңіп алды. Жамбыл ауданынан Ерсұлтан Серіковтің «Болашағы» төртінші, сонау Қарағандыдан ат қосқан Нұрлыбек Мұхамадияровтың «Арғымағы» бесінші болып келіп, ақшалай бәйге алды.

Төрт аяғы тайпалған жорға десе желпінбейтін қазақ бар ма, сірә?! Сусылдап ала жөнелгенде үстінде су төгілмес жорғаның жүрісі аса жайлылығымен ерекшеленеді. Атшабарда 32 жорғаның аяқ алысы 9 шақырымдық қашықтықта сыналды. Қорытындысында, қойы қоралас жатқан қырғыз жұртының «Асанбек ата» шаруашылығының «Қабылан» атты төрт жасар қаракер жорғасының жылдамдығы мен жүрісі бәрінен басым түсті. Тік отырып тізгін тартқан шабандозы – Бекжан Атанқұлов. Бәйгеге батыстағы ағайынның намысын жанып келген атыраулық Жандарбек Жанбалаевтың алты жастағы қара жорғасы «Асуар» екпіндетіп екінші жетсе, үшінші және төртінші жүлделерді тағы да айыр қалпақты көрші елден «Лепучий» атты бестісімен Емел Сұрақматов пен он жасар торы жорғасы арқылы Әлікбек Жүнісов алды. Жарыс жолын бесінші, алтыншы болып қаскелеңдік Елена Игорочкинаның «Голкипері» мен Талдықорған қаласынан Қапсаламовтар әулетінің «Космосы» аяқтады.

Қалың көрермен тағатсыздана күткен аламанға да кезек жетті. Жарыстың бас бәйгесі – Тұңғыш Президент кубогі үшін сорғалай тер төгілді. Сөреден тізгін жіберген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар 48 сәйгүлік даланы дүбірлете 25 шақырымға бауыр жаза көсілді. Сегіз жарым айналымнан тұратын мұндай қашықтыққа тұлпардың тұлпары ғана құстай ұшатынын алдын ала топшылаған жұрттың назары түгелдей желдей ескен жануарларға ауды. Жылдамдықтары таңдай қақтырарлық жүйріктер бірін-бірі құйрық тістесе шаң қаптырып, алғашында қатарласа шапса, келе-келе түйдек-түйдегімен, топ-тобымен бөлектене, аралары ұзай берді. Жанкүйер біткен одан көз алмай, дем бере қиқулаған дауыс даланы басына көтерді.

Аламанға жеті атқа бәйге тігілген еді. Жиырма бес шақырымға жылдамдығын үдете желдей ескен шабысқа жүйріктің жүйрігі шыдады. Бабы келіспей, жарыстан шығып қалғандары қаншама?! Сонымен, ұзаққа шапқаннан Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың «Үшқоңыры» озып, бас бәйге – ресейлік жол талғамайтын «Уаз Патриот» көлігін иесіне тақымдатты. Шабандозы – Сабыржан Байқұрман. Екінші болып қырғызстандық Тұрсыналы Мамбетайтовтың үш жасар торысы «Зара», үшінші – алматылық Денис Власовтың «Қаракөзі», төртінші – Қызылорда қаласынан Бердібек Мыхановтың «Қарлығашы», бесінші – Алматы қаласынан Әбдусамат Рүстемұлының «Томирисі» келді. Одан кейінгі ақшалай бәйгелерге «Көкдауыл» деген жүйрігі арқылы Жамбыл ауданынан Ғабит Үмбетов, «Жел» күреңімен Әлнұр Назарбаев ие болды.

Атжарыс жеңімпаздары салтанатты жағдайда жеңіс тұғырында марапатталды. Қазақстанның Еңбек Ері, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров аламан бәйге жеңімпазы, шабандоз бала мен ат иесіне Елбасы Кубогі мен 1-дәрежелі диплом, темір тұлпар кілтін тапсырды. Сол сияқты облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, облыс әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров, ҚР Еңбек сіңірген бапкері Орынтай Әмірғалиев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев топ, құнан, жорға және тай жарыс жеңімпаздарына жүлделерін тапсырды.

Жанкүйердің делебесін қоздырған атжарыстар аралығында аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату сияқты өзге де ұлттық ат спорты ойындары тамашаланды. Жігіттің білек күші мен астындағы аттың белі қатар сыналар аударыспақта Дидар Ноғайбек, Жәнібек Қосымбек, Шыңғыс Әлімбаев, Әлихан Дүйсембайлар ортада тартысып, бірін-бірі аттан түсірісті. Нәтижесінде, жамбылдық Дидардың күші бәрінен басым шықты. Қыз қууға шыққан Назерке Байжұмақызының астындағы ат ұшқыр екен, соңына түскен Мәлік Бауыржанға ә дегенде жеткізе қоймады. Дегенмен, намысқа тырысқан азамат оны қуып жетіп, үзеңгі қағыстыра бере қызыл көйлекті аруды құшақтап үлгерді. Кері қайтар жолда енді жігіттің артынан тізгін босатқан қыз оған қол созым тақай бере жотасына қамшы сілтеп, көрермен қошеметіне  бөленді. Теңге ілуге келгенде ептілік, жылдамдыққа қоса аттың үстіндегі иесінің тақымын сезініп, ыңғайына бағынуы сияқты шеберліктер сыналды.

Бес жерге тасталған теңге түйіншегін шауып бара жатып іліп алуда жамбылдық Мейіржан Мәтжан мен талғарлық Шыңғыс Әлімбеков өнер көрсетті. Жамбы атуда Алдияр Нұрғазиев ат үстіндегі мергендігімен көзге түсіп, жебесін нысанаға дәл тигізді. Жасөспірімдер Нарұл Ерболат пен Мәди Бауыржан да шауып бара жатып садақ тартты. Көшпенділердің бұл жауынгерлік өнері Көкбастау бағдарламасына енгізілуі биылғы жаңалық болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Жамбыл ауданы