Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТЕКТІ ЖАНУАРЫМ-АЙ: 7 САҒАТ 37 МИНУТ ТОҚТАУСЫЗ ШАПҚАН ТҰЛПАР

Уақыты: 06.09.2019
Оқылды: 942
Бөлім: АЛАМАН

Жайлаудағы малдың қоңын көріп қайтқан Рүстем кеш қарая ауылға оралды. Күн ұясына жаңа батқан кезде үйге кірген отағасы төрде ұялы телефонын шұқылап отырған ұлына: «Балам, саған мен бір сыйлық әкелдім», – деді. Тұрар орнынан атып тұрып: «Бәйгеге қосатын ат әкелдің» бе?», – деп саңқ ете қалды. Жастайынан жылқының жалында өсіп, тақымы суланып жүретін жылқышының баласы одан басқа сыйлықты күтуші ме еді?! Бар арманы сұлу жылқыны мініп, шашасына шаң жұқпайтын сәйгүлікпен топтың алдында жүрсе болғаны. Одан артық сыйлықтың керегі де жоқ.

Баласының көзі жанып кеткенін көрген Рүстем: "Иә, балам, жақында сенің жеке тұлпарың болады. Ақбайпақтың үйіріндегі қасқа биені айдап әкелдім. Кенже буаз екен. Жайлауда малшылар көп, кім біледі, құлынын жоғалтып жіберер деп ауылға алып келдім», – деді.

Бұл кезде күн ұясына батып кеткен кез еді. Бұл жаңалықты естіп алған Тұрар ұйықтасын ба? Таң да ұзарып кетті. Түн ортасына дейін көз ілмей, таң атқанша бар ойы қасқа биені көру болды. Әр нәрсенің қиялына шомылып жатқан Тұрар көзі ілініп кеткенін өзі де білмеді.

Күн арқан бойы көтерілген кезде ұйқысынан атып тұрған Тұрар қораға қарай жүгірді. Әкесінің жайлаудан алып келген қасқа биесі қораны жатырқап тұр екен. Жайлауда еркін жүріп қалған жануар жуан ағаштан тұрғызылған дуалға симай, ары-бері жүгіріп, осқырынып тұр. Көңілі орнына түскен Тұрар қасқа биеге қарап: «Сен маған ешбір жылқы қуып жетпейтін тұлпар туып бер», – деп іштей күбірледі.

Жаратушы баланың тілегін қабыл етті ме, араға аз уақыт салып қасқа бие де құлынын туды. Оны да бірінші болып көрген Тұрар болды. Бесін уақыты кірген кезде үйге жүгіре жеткен Тұрар әкесіне: «Әке, қасқа бие қыздай майысқан құлын туды», – деді. Төрде жантайып жатқан Рүстем: «Әп, бәрекелді, қыздай майысқан құлыныңды көрейік», – деп орынан тұрып, баласының шат көңілін одан ары көтеріп тастады.

Расымен де қасқа биенің құлыны аяқтары шидей, қыздай майысқан жирен құлын екен. Тапыл-тапыл басып, енесінен ажырағысы келмейді. Күннің нұрына бір шомылып, енесінің мейріміне бір еміреніп тұрған құлынға әкесі «Қызжирен» деп ат қойды.

"Ұлым, құлыныңды Қызжирен деп атайық. Бұл есімнің өзіндік сыры бар. Атаң Әмірғазының «Қызжирен» деген аты болған. Атаң Әмірғазы мен апаң Нұрқамиланы білесің, ауылдың сыйлы адамдары. Атаң талай жыл осы Жетіжал ауылында жылқы баққан. Атақты жылқышы. Сол Қызжиренімен бір қыста қырық қасқыр ұрып алған. Өте жүйрік, шыдамды жылқы болған. Ал мына қасқа биенің тұқымы да осал емес. Шешесінің шешесі сонау Қостанайдың жылқысы. Ал әкесі болса атақты Талисманның тұқымы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары талай мәрте бәйгеге шапқан, Алматыда өткен тұңғыш Тайбурыл тотализатор ойынында елдің ықыласына бөленген жүйрік. Оның үстіне, мына кішкентай Қызжиреннің әкесі Ақбайпақ. Оны өзіңе айтып бергем. Бір жылда төрт көлікті қанжығамызға байлаған сәйгүлік. 2012 жылы Тарбағатай ауданы, Боғас ауылында Қабанбай атамызға үлкен ескерткіш тұрғызып, сол тойда 40 шақырымдық аламан бәйге болды. Дүбірлі додада Ақбайпақ бірінші келіп, Джип көлігін ұтып әкелгенбіз. Осындай мықтылардан туған Қызжиренің де осал болмас. Тек, тіл-көзден сақтасын", – деп ұлының басынан сипады.

Қызжирен әбден аяқтанып болғасын құлағына ен салып, енесімен бірге Ақбайпақтың үйіріне қайта қосты. Жайлаудың саф ауасымен тыныстанып, мөлдір таза суын қанып ішкен Қызжирен күн санап сұлуланып келеді. Бұрынғы майысқан сирақтары жұмырланып, алқымы кеңейіп, жалы күдірейіп, нағыз жүйрікке айналғандай. Тай күнінде Тұрар өзі үйретіп, әбден жуасытып, жануарды қайта еркіне жіберді. Ауыл-аймақта өткен ірілі-ұсақты бәйге жарысына қоспады. Тай күнінде де, құнанында да қоспады. Ал дөнен шықанында ауылда өткен бәйгеге қосып көрді. Шу жануар тұқымына тартқан екен, әккі бәйгелерден қалыспай, шауып өтті. Бәйгенің алдын бермесе де, жетеқабыл, төртінші-бесінші келіп жүрді. Аттың шабысына қарап тынысын байқаған Рүстем кейінгі 25-30 шақырымдық додаға қоспады. Талай аттың сырын білетін, атақты жылқышы Әмірғазының ұлы емес пе. Жастайынан әкенің асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, жылқының қыр-сырын қанып ішіп, көкейіне түйген. Қызжирен ұзақ қашықтықтың жылқысы екенін сезді. Әкесі Ақбайпақ та қырықтан төмен шақырымды бағындырмайтын тұлпар болатын. Бұл да сол, үлкен қашықтыққа бауыр жазуды аңсап жүр-ау деген ой келді.

Осылай жылқының бабын білген Рүстем үлкен аламанның болуын аңсады. Елорда төрінде «Алтын тұлпар» атты 51 шақырымдық дода өткен. Осы доданы көздеді. Бұл жарыстың сыры мәлім. Бір мәрте жүлдені қанжығасына байлаған. Ең ірі жарыс және ұзақ қашықтық осы ғана. Қалғаны айналыммен шабатын қысқа қашықтық. Алтын тұлпарды тосып жүргенде Шығыс Қазақстаннан хабар келді. Ұлттық өнер десе ішкен асын жерге қойып, бар ынтасымен кіріп кететін Бәделхан Камалханұлы деген ағамыз хабарласа кетпесі бар ма?! Бұрын бір-екі ат бәйгесінде дәмдес болғанымен жақын араласпаған адамы. Ол кісі де атқұмар азаматтарды көкейіне тізіп жүрсе керек. Үлкен ат додасын ұйымдастырып, елдегі барлық атбегілерге хабар жібереді. Сол қалыңның арасында Рүстем Досжановқа да хабар келді.

Атақты Сағынайдың асындай үлкен доданың уығы шаншылатын күн белгіленіп, хабар ел ішін аралап кетті. Ырғызбай атамызға ас беріліп, ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс өтпекші. Тойдың төресін осы деп атауға болады. Былайғы бәйгені қойғанда адам сенгісіз 140 шақырымдық ат додасы өтеді деген хабар елді елең еткізді. Бәзбіреулер оған ешкім ат қоса қоймас,140 шақырымға шыдас беретін жануар жоқ бұл жалғанда десті. Ал біреулер қазақы жылқы болмаса, Араб пен Ағылшынның аты жолда қалады деп сәуегейлік танытты. Несін айтасыз, тойдың болатыны анық. Жүйрік ұстаған жігіттің бәрі ат баптауға кірісті. Рүстем де Қызжиренді сынап көрмекші. Сенің күнің туды дегендей бапкерімен бірге күніге айналысатыны Қызжиренді жарату. Бірде 40, бірде 70 шақырымды алдыртып, бабына келтіріп келеді. Таң асырып, суытып, ащы терін алып, шабандозына дейін жаттықтырды. Айтпақшы, атты дайындағанмен шабандозды дайындау қиынға соқты. Талай бәйгеде тақымы суланып, айдарынан жел ескен Тұрар алыс қашықтыққа жарамады. Бір рет 40 шақырымнан кейін Тұрардың әуселесі байқалып қалды. Оны іштей сезген Рүстем де Қызжиренге сенім артқанымен ұлына сенім арта алмады. Тойдың өтуіне де аз уақыт қалды. Ат бабына келді.

Бір күні қорада тұрған Қызжиренді жиені мініп кетіп, аяғын ісіріп әкеледі. Босып кеткен сиырын қуып әкелем деп қорадағы басқа жылқыны емес, дәл бәйгеге қосам деп отырған Қызжиренді мініп кетпесі бар ма?! Мұны кеш көрген Рүстем күңіреніп қоя берді. Жай күні ашу шақырмайтын үй иесіне Қызжиреннің мертігіп қалғаны жанына қатты батты. Қабағы қатулы, ұлы мен жиенінің шалалығына қатты ренжіді. Иә, оңай дейсің бе? Күні-түні ойлағаны Қызжирен. Ол жай ат емес. Бәйгенің аты. Бабына келіп, аламанын тосып тұрған сәйгүлік. Жер-жаһанның тұлпары бас қосқан ұлы дүбірге ермей қалатын болды деген уайым ойынан кетпей қойды. Бірақ сыралғы жылқышының ұлы өзін сабырға шақырып, Қызжиренді қайтсем де дүбірге қосайын деген ойға келді. Көзі жасаурап, иесіне не істедің дегендей жәутеңдеп тұрған Қызжиренді емдеуге кірісті. Бар шеберлігін қосып, бір ай дегенде аяғын емдеп шықты. Енді қайта жаратып, еңселі шақырымды бағындыру ғана қалды.

Жетісудан тиеліп, Шығысқа қарай бет алды. Ұзақ жол, жүрдек көлік зулап келеді. Рүстемде үн жоқ. Іштей Жаратқанға жалбарынып, абыройымды асқақтата гөр деп сиынады. Құдайға бір сыйынып, аруақтарға бір тапсырып сары уайымға батты. Оның үстіне шабандоз бала сол шығыстан келу керек. Шығыстағы жолдасының баласы Русланға күні бұрын келісіп қойған. Бұл бәйге жай жарыс емес. Шарты қатал, он сегіз жастан асқан жігіт шабу керек. Онымен қоса, орта жолда шабандоз айырбастамайтының тағы бар. Енді шабандоздың уайымы қосылды. Ол келмей қалса қайтем, келген күнде Қызжирен үйренісе алмай аттың бағын байлай ма деген жаман ойлар сананы шарлап кетті. Осылайша ойды ой жалғап біткенше, үлкен тойдың ауылына да келіп жетеді. Тойға келген халықтың қарасы көп. Жұрттың бәрі 140 шақырымды әңгімелеп тұр. Біз де атымызды түсіріп болғанша шабандоз Руслан да келді. Енді тек жүйріктердің жарыс жолына шығуы ғана қалды.

Ырғызбайдың асына 150 ат жиналыпты. Қазақ даласын былай қойғанда Ресейдің жүйріктері де аламанға келген. Кімнің бағы жанатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Доданы ұйымдастырған жігіттер зыр қағып жүр. Бір кезде ат айдаушы жігіттің айғайы естілді.  Рүстем Әп, бәрекелді, аруақ деп Қызжиренді топқа қостық.

Таңғы сағат 4.35. Сәйгүліктер кетті. Әр отыз шақырым сайын қазақ үй тігіліп, дәрігері, бақылаушысы қойылған. Тоқтаусыз шабуға да болады. Я болмаса, отыз шақырым сайын тоқтап, атты демалдырып, қайта шабуға да рұқсат. Сонымен, 150 ат тізгін босатты. Аруақтаған ат иелерінің дауысы даланы жаңғыртып жіберді. Жер қайыстырып, жүз елу жүйрік таңмен таласып, қарсы соққан желді жарып кетіп барады. Тұяқтан ұшқан саз балшық төңкерілген кеседей болып, жерге қайта жабысып жатыр. Оңай емес, жүз елу жылқы. Бірте-бірте көз ұшына алыстап, көрінбей барады. Қызжиреннің де, менің де аңсағаным осы шығар деген кейіп танытқан Руслан қалың топтың арасына еніп кетті. Қолына таспиғын алып, Жаратқанға тапсырған Рүстем көлігіне мініп, тасжолға түсті. Жүйріктер іркес-тіркес бірде ылди, бірде еңіс түсіп шауып барады. Алғашқы алпыс шақырымға дейін бәйгенің төбесі көрінбеді. Тек рация арқылы хабар алысып тұрды.

Руслан да жастайынан атқа шауып, талай топты көрген әккі шабандоз. Аттың жайын жақсы біледі. Қызжирен де Русланның шеберлігін мойындап, тақымына тез үйренген секілді. Шабандоздар әлсін-әлсін тізгінді босатып, құйысқан тістесіп келеді. Үзеңгі қағысқан шабандоздар  сыр берер емес. Бабы келіспеген жылқылар сол алғашқы алпыс шақырымнан ақ шығып жатты. Көкпектіден шыққан тұлпарлар Екпін деген ауылға тірелу керек. Мәре сол ауылда. Қалың жұрт Екпін ауылын жаулап алғандай тағатсыздана күтіп тұр. Араға қанша уақыт салары белгісіз, жанкүйерлердің назары күндік жолға кеткен бәйгеде. Қазақ даласында бұрын-соңды болмаған дүбір болады дегенді естіген әлемнің бірнеше телеарнасы арнайы осы бәйгені түсіруге келіпті. Ресейден қосылған сегіз жүйрік те осы топтың ішінде келеді. Қаршайлық жігіттің жылқысы бұған дейін 180 шақырымды еңсерген екен. Бірақ қазақ даласына келіп, көшпенді халықтың тұлпарларына ілесем деген сәйгүлік 100 шақырымнан кейін саудасы бітіп жығылды. Ал Ұлы Даланың тұлпарлары қара жерді қайыстырып әлі кетіп барады. Алғадайлаған шабандоздар рухтанып, өзімен қоса тақымындағы жануардың да делебесін қоздырып келеді.

Ат пен қазақ егіз ұғым екені әлімсақтан белгілі. Жан тапсырған сәйгүлігін көрген қарашайлық атбегі қамшысымен жерді бір соғып: Бұл қазақпен ат жарыстыру бекер екен. Астарына ат емес, пырақ мінгендей құстай ұшады. Оның сырын ұғу үшін қазақ болып туу керек шығар», – деп бармағын жоғары көтерді. Рас, ол біздің қанға сіңген қасиет. Пыраққа мініп, жер әлемді шарлаған да осы біздің бабалар. Біз солардың сарқытымыз. Қызжирен де қанатты пырақтан кем емес. Құстай ұшып, алғашқы отыздықтан суырылып алға шықты. Алпыс шақырымды артта тастаған Қызжирен сағат санап, алғашқы он жетінің ішіне еркін енді. Бір қалыпты ұстап отырған Руслан біртіндеп алдағы сәйгүліктерді артқа тастап келеді. Мәренің де төбесі көрінуге жақын қалды. Тоқсан шақырымға дейін тоқтаусыз шапқан Руслан алдағы шақырымды бағамдап, сәл Қызжиренді тынықтырып алды. Тоқтаусыз шабу жануарға да оңай емес, оның бабын білу керек. Бір минуттай тынысын алдырып алғасын қайта шапты. Мәреге 25 шақырым қалғанда қарқын қосып, алдағы жылқыларды қуып жетті. Алда 15 шақырым қалды. Бар екпінді енді қосу керек. Алға суырылып шықпаса кеш болады. Алда үш тұлпар кетіп барады. Бірін сол он бес шақырымның арасында қалдырды. Ендігі екеуін осы ондықтың арасында қалдырмаса бәрі кеш. Оны Қызжирен де түсінгендей.

Қасиетті жануарым-ай, тақымды тебініп қалғаны сол еді, алдағы қос атты қуып жетті. Енді алға шықты, тек болдырмау керек. Жағалап жүріп келе жатқан иесі Рүстемнің де дауысын сезді ме, қасиетіңнен айналайын Қызжирен қайта түлеп шыға келгендей. Жұмырланып, рухтанып, иесінің дем бергеніне қуаттанып, арындап алып жөнелді. Дәл осы кезде алға сүйіншілеп хабаршылар да кеткен еді. Бәйге келеді, бәйге десті. Ентелеген халық Құлагердің алдын тосқандай шулап қоя берді. Мәре, мәре көз ұшына ілінді. Енді соны қиып өту керек. Жағалаған жанкүйер аруақтап, қиқу қосқан сәтте шабандоз да төбесінен дүр қамшыны ойнатып, құстай ұшты. Жай емес, екі көзден жас парлап, қуанышта шек жоқ. Қызжиренмен бірге тұла бойы шымырлап, рухтанған Руслан  мәрені бірінші болып қиып өтті.

Міне, ағайын, нағыз жүйрік! Күндік жерді тоқтаусыз 7 сағат 37 минутта шауып өткен нағыз тұлпар деген дауыстар қазақ даласын жаңғыртып жатты. Оған әлем таңдай қақты. Қазақтың қарапайым қазанаты ұзақ қашықтықты бағындыра алмайды дегеннің аузына құм құйылды. Бұл біздің ғана қолдан келеді. Ешбір елдің дәті шыдамайтына бәйгеге қазақ жылқысы ғана шыдайтынын біз Ырғызбайдың асында куә болдық.

***

PS: Біздің әңгімеге арқау болған Қызжирен Көксу ауданы, Жетіжал ауылының сәйгүлігі. Атақты жылқышы Әмірғазы атаның ұлы Рүстем Досжановтың тұлпары. Ол жай ғана бәйге аты емес, асыл текті жануар. Қазақ даласында өткен дүбірлі доданың чемпионы десек, артық айтқанымыз емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елінің атынан әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енген тұңғыш сәйгүлік осы – Қызжирен. Тарихта аты қалды. Қазақстан мемлекетін алтын әріппен үздіктер кітабына енгізді.  Айтпақшы, дүбірлі додада ұтқан көлікті Рүстем Досжанов шығыстағы күткен жігіттердің қанжығасына байлап мәрттік жасады. Үй иесі 40 жасына берген сый болды. Бұл да қазақтың бойында бар асыл қасиет. Бұл атаның жолын ұстаған кең жүректі, жомарт қолды, өз басынан ұлттың абыройын жоғары қоятын азамат ісі емес пе?! Мұндай іс атбегі Рүстем Досжановтың қолынан ғана келеді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ