ЕҢ КІШІСІ ЖЕТІ ЖАСТА: ТЕКЕЛІ ТАУЫНДА МОТОЦИКЛ МІНГЕНДЕР ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 1249

Облыстық туризм басқармасының бастамасымен Текелі қаласында "HILL CLIMB" (тауға көтерілу) дисциплинасы бойынша "Жетісу Тур-Эндуро-2019" атты мотоцикл спортынан ел кубогі сарапқа салынды. Жарысқа 70-ке жуық спортшы қатысты.

Аламанның шымылдығын Текелі қаласы әкімінің орынбасары Сері Болысбайұлы ашып, жыл сайын спортқа жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын тілге тиек етті. Өз кезегінде сөз алған облыстық туризм басқармасы инфрақұрылым және ішкі туризмді дамыту бөлімінің бас маманы Рауан Мырзағұлов:

– Барлық қатысушылар мен жанкүйерлерге құт қонған мекен Жетісу жеріне қош келдіңіздер дейміз. Біздің бүгінгі шарамыз жастар арасында салауатты өмір салтын сақтауға, туризмнің жаңа түрі ретінде мото-туризмді дамытуға бағытталып отыр. Бізге қолдау білдірген Текелі қаласының әкімдігіне, "Adventure live" қоғамдық бірлестігіне, "Штурм" мото-клубына алғысымыз шексіз. Барлықтарыңызға жақсы көңіл-күй, қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді.

Алтыншы рет қатарынан жалауын желбіретіп отырған жарыстың басты ерекшелігі тауға көтерілу болды. Төрт топ бойынша бағын сынаған қатысушылардың ең кішісі 7 жаста. Тартысты өткен доданың нәтижесінде "Абсолют" санаты бойынша ересектер арасында 1-орынды текелілік Юрий Коваленко жеңіп алса, 2 және 3-орынды алматылық Владимир Яновский мен Андрей Якуба қанжығасына байлады. "Триал" спорты бойынша 1-орынды алматылық Владимир Радостовец еншіледі. Талғарлық Евгений Ложков тұғырдың екінші сатысынан көрінсе, алматылық Павел Гребенников үздік үштікті түйіндеді.

Жасөспірімдер арасында "85 куб" бойынша Вячеслав Русаков чемпион атанса, Альфред Воронцов 2-орынды еншіледі. Ал талдықорғандық Анастасия Татарчук 3-орынды қанағат тұтты. Ең жас қатысушылардан тұратын "65 класс" тобы бойынша Алматы қаласының намысын қорғаған Радмир Машеев 1-орынды еншілесе, Егор Лавренок 2-орынды жеңіп алды. Дэни Салгираев мәре сызығын үшінші болып кесті.

Шара соңында қатысушыларға Алғыс хаттар, ақшалай және бағалы сыйлықтар берілді. "Жетісу Тур-Эндуро-2019" кубогі "Абсолют" санаты бойынша бірінші келген Юрий Коваленкоға табысталды.

Аймарал ОМАР

Сурет ғаламтордан алынды