КӨГАЛДАҒЫ ХОККЕЙ: АЛАҢ ИЕЛЕРІ АЛҒА ШЫҚТЫ

Уақыты: 13.09.2019
Оқылды: 1366

Талдықорған қаласында көгалдағы хоккейден І Орта Азия кубогін сарапқа салған жарыс өтті. Аталмыш жарысқа Оман, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның екі командасы қатысты.

Олимпиадалық спорт түріне енетін көгалдағы хоккей ойыны біртіндеп қарқын алып келеді. Әсіресе, Оңтүстік Азия елдерінде жақсы дамыған бұл ойынды қазақстандықтар да жақсы көреді. Азия чемпионаттарында жүлде салған ұлттық құрама әлемде де өнер көрсеткені мәлім. Әсіресе, Алматы облысының командасы ел чемпионатында топ жарып жүр. Мәселен, төрт жылда бір келетін жазғы спартакиада ойындарында екі алтын, бір күміске қол жеткізген жерлестеріміз бұл сында да жүлдеге үміткер.

Жарыстың бірінші күні Қазақстан мен Өзбекстан құрамасы кездесті. Төрт кезең бойынша бір-бірінің осал тұсын таба алмай, алаңда шелектеп тер төкті. Жерлестеріміз қанша шабуылдаса да, қарсыластарының осал тұсын таба алмады. Ойынның соңғы минутында Өзбекстан командасы есеп ашып, таразы басын өзіне аударды. Ал алаң қожайындары есепті теңестіруге қанша жанталасқанымен, уақыт аяқталып, жеңілісті мойындауға тура келді. Бұл кездесудің ең үздік ойыншысы болып өзбекстандық шабуылшы Ойбек Назаров атанды.

Екінші кезекте Қазақстан мен Тәжікстан командалары жолықты. Республиканың үздіктерінен құралған Қазақстан командасы бірінші таймнан бастап тізгінді қолға алды. Дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырып, қонақтарды біраз әбігерге түсірді. Артынша есеп ашып, ұпай еншіледі. Бірінші кезеңнің өзінде қарсыластар қақпасына жауапсыз үш доп соқты. Тәжікстан құрамасы тек қорғанумен ғана болды. Осылайша төрт тайм бойы толассыз шабуылдың арқасында жерлестеріміз он доп соғып, ірі есеппен жеңіске жетті.

Осылайша бір аптаға созылған жарыстың нәтижесіне келер болсақ, 1-орынды Қазақстан Республикасы, 2-орынды Оман мемлекеті, 3-орынды Өзбекстан Республикасы иеленді.

Жарыстың жеңімпаздарын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, көгалдағы хоккейден Барселона Олимпиадасының қола медаль иегері, әлем және Азия ойындарының жеңімпазы, Пәкістан Республикасы құрама командасының капитаны Тахир Заман, I Орта Азия Кубогы жарысының директоры Абдулла Хариси (Оман мемлекеті), жарыстың бас төрешісі Рашад Батт (Пәкістан), көгалдағы хоккейден Азия федерациясының және осы жарыстың менеджері, Орта Азия мемлекеттері арасында көгалдағы хоккейді дамыту комитетінің басшысы Захид Али (Пәкістан) және Қазақстан Республикасының Көгалдағы хоккей федерациясының бас хатшысы Серік Калимбаев марапаттады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ