КҮМІС ПЕН ҚОЛА ҒАНА: НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНАН ӘЛІ АЛТЫН ЖОҚ

Уақыты: 15.09.2019
Оқылды: 1172

Қазақ даласында тұңғыш рет күрес түрлерінен әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Нұр-Сұлтан қаласында 105 мемлекеттің мыңнан аса спортшысы байрақты бәсекеде бас қосты. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен әлем біріншілігінде 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасына арналған 108 жолдама сарапқа салынуда.

Чемпионаттың ашылу салтанатында ҚР Вице-Премьері Б.Сапарбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Ж.Үшкемпіров, Күрес федерациясының президенті С.Мыңбаев, чемпионатты ұйымдастыру алқасының төрағасы Е.Қожасбай, Дүниежүзілік күрес федерациясының президенті Н.Лалович шығып, құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.

Төртжылдықтың басты додасы Олимпиада ойындарынан тыс қалмауға тырысқан балуандар барын салды. Жарыстың бірінші күні 55, 63, 72, 82 келі салмақтағы балуандар бақ сынады. Ең жеңіл салмақта қазақ елі Қорлан Жақаншаға сенім артты. Ә дегенен-ақ қазақ балуаны белдесуді жақсы бастады. Алжирлік А.Фергатты көп қиналмай, оңай ұтты. Екінші кездесуінде Қорлан Жақанша АҚШ-тың мықтысы М.Нойриді атынан аударып тастады.

Ал жартылай финалда әзірбайжандық Э.Азизлимен жолықты. Қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес. Әлем чемпионы деген дардай атағы тағы бар. Әйтсе де, атағынан ат үркетін қарсыласынан қорқайын деп тұрған Қорлан жоқ. Белдесуді ширақ бастады.

Екі балуан да жан алып, жан берісті. Өз жерінде үлкен қолдауды бойына күш етіп құйған Қорлан бірінші минутта өз еншісіне ұпай жазды. Алда әлі уақыт бар. Қарсыласы да қарап қалмады. Реті келсе астыға басып алуды көздейді.

1998 жылдан бері әлемдік сында алтын көрмеген қазақ балуандары бұл жолы есе жіберіп қоймауды қалайды. Оны Қорлан жақсы біледі. Бұл оның мүмкіндігі. Сонымен кездесудің екінші кезеңінде кеудеден асыра лақтырған Қорлан тамаша көрсеткішке қол жеткізіп, ұпай санымен жеңіске жетті. Осылайша әлем чемпионатының ақтық сынына жолдама алды. Қорлан финалдық белдесуде 23 жас мөлшерінде әлемнің алтынын алған грузиндік Н.Цурцумиямен жолықты.

55 келі салмақтың қола жүлдесін әзірбайжандық Э.Азизли мен Жапон балуаны Ш.Огава жеңіп алды.

Ақтық сын. Күллі қазақ сенім артқан белдесу Қорлан Жақанша мен Н.Цурцумия арасында өрбіді. 1998 жылы Алашты қуантқан Б.Байсейтовтен кейін араға жиырма бір жыл түсті. Алтын тұғырдан қол бұлғаған қазақ баласы жоқ. Өкінішті! Алаш жұрты сағына күткен алтын медаль тағы да сусып кетті. Парижде де бұйырмай кетіп еді. Қап тауынан келген оғлан біздің Қорланды алып ұрды. Осылайша Қорлан Жақанша әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атаққа қол жеткізді.

63 келіде біз қазақтың талантты балуаны Алмат Кебіспаевқа да сенім артқанбыз. Бұған дейін әлем, Азия чемпионаттарында жүлде алып жүрген сақа балуанға тек Олимпиада мен әлемдік доданың алтыны жетіспейді. Енді өз елімізде өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын сыйлайды деп ойлағанбыз. Өкінішке қарай, Алмат сенімді ақтамады.

Ол жартылай финалға дейін талмай жетті. Бірінші белдесуінде үнді балуанын таза ұтты. Екіншіде қытайлық Е.Тойоны жеңіп, түрік балуанына қарсылас болды. Жартылай финалға жолдамада түрік балуаны Р.Виликиді жолынан ығыстырды. Осы сәтте біз Алматтың жолына үмітпен қарадық. Екінші топтан қарсыластарын қоғадай жапырған жапондық Ото шықты. Бұл - Алматтың сыралғы қарсыласы. Рио Олипиадасында есе жіберіп қойған болатын. Осы жолы қарымта қайтарады деп есептеп едік. Өкінішке қарай, Алмат бұл жолы да Отаны ойсырата алмады. Керсінше, оттай жанған Ота атойлап сала берді. Қарқынына қарқын қосып, қазақ даласында қазақ балуанының жігерін құм етті. Осылайша жартылай финалда жеңіліс тапқан Алмат қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.

Қола жүлденің бірін армениялық С.Галустян алса, екінші қолаға Алмат Кебісбаев қол жеткізді. Алмат қола жүлдеге таласта қырғызстандық А.Шарсенбековті ұтты.

Алтын жүлдеге Олимпада ойындарының финалисі жапондық С.Ото мен әлем чемпионы С.Марянян таласты. Қос мықтының арасындағы тартыста жапон балуанының бағы жанды. Тіпті, Жопон балуаны нағыз самурайға лайық қайсарлық танытты. Біз бұл алтынға да қызыға қарадық. Отоны орта жолда қапы қалдырғанда Алматтың ресейлік Марянянды атынан аударуға мүмкіндігі бар еді.

72 келіде біз Демеу Жадыраевқа үміт арттық. Бұған дейін әлемдік сынның туын көрген, Парижде өткен әлем чемпионатының күмісін алған Демеу өз жерімізде алтын алады деген сенім мол еді. Оның үстіне екі чемпионатта есе жіберген неміс балуаны басқа салмаққа ауысып, жол ашылды деп ойлағанбыз. Бірақ ойымыз іске аспады.

Бірінші белдесуде Палау Республикасының балуанын жолынан тайдырды. Екінші кездесуінде алдынан тағы бір неміс балуаны күтіп тұрды. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, бұл немісті де айналып өте алмадық. М.Видмаерді ұтып тұрып, ұтылып қалғаны бүтін қазақ жұртын күңірентіп жіберді. Алғашқы минуттарда ұпай санын үшке жеткізіп, алда келе жатқан. Оның үстіне қарсыласын төрт тағанға қойып берді. Осы мүмкіндіктерді пайдасына шеше алмай, кілемде жабысып жатқан неміс балуанын орнынан аудара алмады. Ақырында Видмаер Демеудің артына өтіп, екі ұпай еншілесе, кілемнен итеріп шығып, тағы бір ұпайды қоржынға тоғытты. Осылайша, 4-3 ұпаймен жеңісті жұлып алды. Ал Демеу болса, жанарымен жер шұқып, боз кілемнен түсіп кетті.

Иә, екі әлем чемпионатында Штефлерден жеңілгені аздай, мына немістен тағы опық жегені жарамады. Осының алдында Германияда өткен халықаралық турнирде Видмаерден ұтылған еді. Осы жолы қарымта қайтарып, алтынға қарай аяқ басу керек еді. Өкінішті-ақ, Демеу сенімді ақтамады.

72 келінің қоласын болгарлық А.Мнасаканян алды. Ол Демеуді ұтқан неміс балуанының жауырынын жер иіскетті. Екінші қоланы бұрынғы әлем чемпионы мажарлық В.Корпаша иеленді.

Алтынға Өзбекстандық А.Варданян мен А.Мантцигов таласты. Тартысқа толы болған күресте ресейлік А.Мантциговтың айдарынан жел есті. Ал біздің көзден жас парлады десе де болады. Қазақ Демеуге бұйырмаған алтын Ресейге кетті.

82 келіде Мақсат Ережепов алғашқы кездесуін жақсы бастағанымен, екінші белдесуде Әзірбайжан балуанына жол берді. Төрт балға түсіп қалғаны аздай, қабырғасы сынып, жарақат алып қалды. Қарсыласы финалға шығуына байланысты Мақсатта жұбаныш белдесуге мүмкіндік болды. Өкінішке қарай жарақатына байланысты жарыстан бас тартты. Сонымен, бұл салмақтың бірінші қоласын Қытай оғланы Н.Киан жеңіп алса, екіншісіне ирандық С.Авдвали иелік етті.

Алтынға грузиндік Л.Говадзе мен әзірбайжандық Р.Хусейн таласты. Қос балуан жан алып, жан берісті. Боз кілемнің шаңын қаққан балуандардың осалы жоқ. Қайтсем алтынды алам деген екі балуан да соңғы демі таусылғанша белдесті. Ақыры алтынды Грузин балуаны жұлып алды.

Екінші күні 67, 87, 97 келідегі балуандардың жолына үмітпен қарадық. Сенім артқан М.Шермағанбетовке (65 кг), А.Құстыбаевқа (87 кг), Е.Искаковқа жарысты ерте аяқтауға тура келді.

67 келіде ақтық сынға Куба мен Ресей балуандары шықты. Кубалық балуан И.Ворерро Моли Египед балуанын ұтты. Ворерро - Олимпиада чемпионы. Әлі де өз бабында екені көрініп тұр. Ресейлік А.Сурко - Еуропа чемпионы. Ол жартылай сында даниялық балуанды ұтты.

87 келіде ақтық сынға түскен балуандардың арасында украиндық балуан Жан Венелюк жартылай финалда неміс балуаны Кудланы ұтып алтынға таласуға мүкіндік алды. Екінші кілемнен мажарлық Лоринчи шықты. Ол өзбек балуаны Аксакаловты ұтты.

97 келіде жартылай сынға Ресей Еволов пен Сербия балуаны Кажаиа шықты. Екі балуанның арасында Ресей спортшысының жолы болды. Екінші жұпта біздің Ерұланды ұтқан грузиндік Г.Мелиа мен армяндық Алексаниян жолықты. Бұл кездесуде біз грузиндік балуанның тілеуін тілеген едік. Ақтық сынға шықса, Ерұланға жұбаныш белдесуге мүмкіндік бола ма деп үміттендік. Алайда сенім артқан Мелина ұтылып қалды. Сонымен, ақтық сында Алексаниян орыс балуанымен белдесетін болды.

Екінші күнгі белдескен балуандардың ақтық сыны келесі күні өткізілетін болғандықтан нәтижесімен алдағы уақытта таныса аласыздар. Айта кетейік, күрестен әлем чемпионаты 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Алда әлі үкілеген балуандарымыз бар. Грек-рим күресінің балуандарынан әлі де үміттіміз. Одан кейін еркін және әйелдер күресінің балуандары алтын сыйлап қалар. Лайым солай болғай!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Нұр-Сұлтан қаласы