АЛТЫН АЛМАДЫ ДЕМЕСЕҢІЗ: БАЛУАНДАР ТОКИОДА БЕЛДЕСЕДІ

Уақыты: 25.09.2019
Оқылды: 1086

Он күн бойы Ұлы Даланы дүбірге бөлеген әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрткүл дүниенің басын қосқан бәсекеде қазақ балуандары алтын алмады демесеңіз, жалпы жақсы өнер көрсетті. Екі балуанымыз ақтық сынға шығып, күміске қол жеткізді. Қалған шамасы жеткен саңлақтар қолаға таласты. Ең бастысы, төрт жылдықтың басты додасы Олимпиада ойындарына жолдаманы еншімізге бастық.

Сонымен әлем чемпионатының боз кілеміне шыққан әйелдер күресі мен еркін күрес шеберлері жақсы өнер көрсетті. Қыздар арасында жүлдеге тек В.Исламова ғана қол жеткізді. Жартылай финалда ұтылған В.Исламова қола жүлде үшін таласта бағы жанып, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сонымен қоса, Олимпиада жолдамасын қанжығаға байлады. Ал Рио Олимпиадасының қола жүлдегері  Эльмира Сыздықова жолдаманы еншілегенімен қола медальді уысына түсіре алмады. Ал қалған қыздарымызға жарыс жолын ерте аяқтауға тура келді.

Еркін күрестің майталмандары тамаша өнер көрсетті. 57 келіде бақ сынаған Нұрислам Санаев жартылай финалға өту арқылы Токиоға бару құқығына ие болды. Өкінішке қарай, Нұрислам жартылай сында түрік балуанына жол берді. Ол қола жүлдені жеңіп алды. Ал 65 келіде бақ сынаған Дәулет Ниязбеков ақтық финалға шықты. Дәулет те жолдаманы еншілеп, алтынға таласта ұтылып қалды. Финалда тамаша өнер көрсетті дей алмаймыз. Қарсыласы ресейлік Гаджимурад Рашидов болды. Ресейлік балуанға тек алтын керек. Ол бұған дейін екі әлем чемпионатының финалында ұтылған. Бұл жолы есе жібермеуге тырысады. Тіпті, бірінші кездесуінде әзірбайжандық балуан үш дүркін әлем чемпионы Алиевті ығыстырып тастады. Ал финалда Дәулет айтарлықтай қарсылас атана алмады. Әрине, Дәулетке өкпе жоқ. Жасы да келіп қалды, араға сегіз жыл салып әлем чемпионатының ақтық сынына шығу оңай емес. Ол 2011 жылы Түркияда қола алған болатын.

70 келіде бақ сынаған Нұрғожа Қайпановқа да разымыз. Жастар арасынан ересектерге жаңа өткен жас қыран финалда белдесті. Оның да қарсыласы ресейлік балуан. Давид Баев жастар арасында күміс, әлем кубогының жеңімпазы. Енді ересектер арасында әлем чемпионы деген атақ ғана жетіспей тұр. Сол үшін бар күшін салды. Біздің де бала қалыспады. Боз кілемде шелектеп тер төккенімен қарсыласын атынан аударып тастай алмады. Осылайша күмісті қанағат тұттық.

74 келідегі Данияр Қайсановқа обал болды. Ширек финалда атақты италиялық Шамидзоға жол берген Данияр жұбаныш белдесуін тамаша өткізіп, қолаға таласқанда жеңіс біздің балуандікі еді. Ортадағы төреші Даниярдың ұпайын есепке алмай, жеңісті өзінің бұрынғы отандасына алып берді. Голландияның чешені, өзінің жерлесіне бүйрегі бұрып кетті. Жанкүйерлердің де ызасын туғызған, өкінішке қарай, төрешілер алқасы орыс балуанының пайдасына шешіп берді. Осылайша қолда тұрған қоладан айырылып қалдық.

79 келіде Ғалымжан Өсербаев күрескен. Екінші белдесуінде әзірбайжандық Жабырайыл Хасановқа есе жіберді. Қарсыласының финалға өтуінің арқасында Ғалымжан жұбаныш белдесуіне шықты. Жұбаныштан өткенімен қоланы қоржынға түсіре алмады. Сол секілді 86 келіде күрескен Әділет Даулымбаев та жұбаныш белдесуге өтті. Ол алғашқы қарсыласын ұтқанымен, соңғы шешуші кезеңде ұтылып қалды. Қола да, жолдама да жоқ.

Чемпионаттағы ең жас балуанның бірі жетісулық Нұрғали Нұрғайыпұлы қолаға күрескенімен, жүлдеге іліне алмады. 97 келіде күрескен Әлішер Ерғалиға да ерекше рахмет айтуға болады. Жартылай финалға өтіп, атағынан ат үркетін Абдулрашид Садулаевпен белдесті. Әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиада жеңімпазына мықты қарсылас болды. Әрине, шеберлік пен күш жетіспеді. Есесіне қола жүлдеге таласты. Бұл салмақтың ақтық айқасын күллі әлем күтті. АҚШ-тың Снайдері мен Ресейдің Садулаевінің арасында триалогия болады деген. Әзірге екеуі тең түсіп тұр. Осы жолы кімнің мықты екенін анықтайтын кез еді. Бірақ америкалық балуан жартылай сында әзірбайжандық балуанға ұпай санымен ұтылып қалды. Осылайша Нұр-Сұлтанда триалогия өтпейтін болды. АҚШ-тың мықтысы Снайдер Нұр-Сұлтан қаласынан қола жүлдені арқалап қайтты. Қолаға таласқан Әлішер Ерғали соңғы сәтте сыр берді. Алғашында жеңіп жатқанымен, қарсыласқа есе жіберіп қойды.

Ал ресейлік Абдулрашид Садулаев пен әзірбайжандық С.Шариповтың арасындағы белдесуде ресейлік балуанның жолы болды. Осылайша төрт дүркін әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында қазақстандық балуандар Грек-рим күресінен 2 жолдама, қыздар күресінен 2 жолдама, еркін күрестен 4 жолдамаға қол жеткізді.

Грек-рим күресінен:
55 кг. Қорлан Жақанша – күміс,
60 кг. Мейрамбек Айнағұлов  – қола,
63 кг. Алмат Кебіспаев – қола.

Әйелдер күресі:
50 кг. Валентина Исламова – қола.
Еркін күрес:
57 кг. Нұрислам Санаев – қола,
65 кг. Дәулет Ниязбеков – күміс,
70 кг. Нұрқожа Қайпанов – күміс.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Нұр-Сұлтан қаласы