АҚ ҚАРҒА ТҮСКЕН айшықты із

Уақыты: 12.12.2016
Оқылды: 2021

Дүбірімен дүйім жұртты ұйытып келе жатқан 28-ші бүкіләлемдік студенттер арасындағы «Ақ Универсиада – 2017» ойындары қалың бұқараның назарын өзіне  аударып қана қоймай, спортқа көңіл бөліп, белсене айналысуға зор мүмкіндік туғызғалы отыр. Жүзден аса ұлт пен ұлыс тұратын Алматы қаласының тұрғындары үшін аталмыш аламан жарыс тарихи спорттық мереке болады деп күтілуде.

Оңтүстік астанамызда осындай қысқы спорт түрлерінен өтетін аламан сайыстар алғаш рет өтіп отырған жоқ. Алматы қаласында 2011 жылы 7-ші қысқы Азиада ойындары өткені әлі есімізде. Азиада ойындары да қаламыздың инфрақұрылымына айтарлықтай үлес қосқан. 
Міне, енді кезекті келе  жатқан бүкіләлемдік 28-ші «Ақ Универсиада – 2017» қаламызда бірталай Спорт сарайының бой көтеруіне өлшеусіз ықпал етуде. Алматыда әлемдік стандартқа сай салынып, қолданысқа беріліп отырған хан сарайындай «Halyk Arena» мен  «Аlmaty Arena» спорт кешені осы универсиадаға ғана емес, келешекте жалпы қала тұрғындарының спорттың қалаған түрімен айналысуына қызмет етпек.
Айталық, «Аlmaty Arena» 12 мың адамға есептелген болса, «Halyk Arena» 3 мың адамдық орын. Ал, жаңадан бой көтерген атлетикалық ауыл 5 мың адамға есігін айқара ашпақшы.
Қысқы универсиаданың  тарихында  тұңғыш рет бізді ң елде, көрікті қаламыз Алматыдағы Алатау ауданында байрақты жарысқа арналып, арнайы атлетикалық ауыл бой көтермекші. Мұндай құрылыс орны бұрын-соңды болмаған.
Универсиаданың қайрат беретін қанатты сөзі, ерекшеленетін белгісі, айрықша тұмары болуы шартты. Елімізде тұңғыш рет өткелі отыр­ған 28-ші Универсиаданың негізгі жарқын символдары ол «Қанатыңды кең серме» деген жастарымызды жігерлендіретін сөз тіркесі болса, биікке ұмтылуды көксеген «U» әрпі белгісі болып танылған. Сонымен бірге елімізге танымал тұлғалардың алып жүретін алауы мен қанатын жайған жас сұңқар құстың суреті белгіленген «Универсиада – 2017» бойтұмарын мақтанышпен айтуға болады. Сонымен қатар классикалық стильде металл қорытпасы арқылы  жиектері ұлттық ою-өрнектермен  айшықталған алтын, күміс, қола жүлделер марапаттайтын салтанатты сәтін күтіп тұрғандай.
Шетелдік спортшылар мен делегация, қонақтардың елімізге ұшып келуіне орай аймақтық және халық- аралық ұшу жолына «Эйр Астана» АҚ біршама жеңілдіктер жасап, универсиаданың басты серіктестіктерінің біріне айналып отыр. «Эйр Астана» АҚ, сонымен қатар «Эстафеталық алаудың» Қазақстанды аралап өтуіне де барынша мүмкіндік жасамақшы. Бұл да бір қуанарлық жай. Ота­ны­мыз­да осындай әлемдік деңгейде өткелі отырған байрақты жарыс барысында  еліміздің маңдайалды салаларының жомарттық жасап жатқандығын ерекше елеп-ескерген орынды.
Айтпақшы, «Эстафета алауын» үздік студенттер алып жүретіні белгілі болғандықтан қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарында конкурстық байқау бойынша «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» ортасынан озып шыққан студенттерді іріктеу жұмыстары белсене жүріп жатыр. Бұл да бір салтанатты шараға деген жақсы бір көзқарасты білдірсе керек. Бір мысал, Италия­ның Торино қаласында кезекті универсиа­да өткеннен кейін бір жылдан соң талапкерлердің оқуға тусуге деген құлшынысы он есе артқан еді. Сондықтан да айтулы универсиада барысында «Эстафета алауын» көтерген студенттерді көрген алматылық жастардың білімге, оқуға деген құштарлығы жақсара түсері анық.
Әрбір қаладан 60-қа жуық адам  «Универсиада алауын» алып жүру мәртебесіне ие болса, Алматы қаласында осы құрметке  100 адам  қатысады деп  жоспарланып отыр. 
Хош, сонымен көптен күткен ұлы думанның да басталар күніне бар-жоғы екі айдың көлеміндей уақыт қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-ші жұлдызы аралығында өтетін бүкіләлемдік 28-ші  қысқы Универсиада ел спортының тарихына жаңа есімдерді тіркетіп, әсерлі естеліктерімен көпшіліктің есінде ұмытылмастай болып қалатынында күмән жоқ. Жан алысып, жан берісетін байрақты бәсекеге 2 мыңға таяу спортшылар қатысып, әр елдің үкілеп қосқан саңлақтары спорттың 12 түрінен күш сынамақ.
Универсиада  барысында 3 мыңға тарта шетелдік және өзіміздің елдің еріктілері атсалысуға білектерін сыбанып әзір тұр. Сонымен қатар, аталмыш доданы 30 мыңнан астам қазақстандық және шетелдік турис­тер келіп тамашалайды деп күтілуде. 
Сайыстар өтетін жерлер телекөрсетілімдер арқылы әлемнің 80 мемлекетіне таралып, 1 млрд.-тан астам көрермен тамашалайтын болады.
Міне, осындай ауқымы кең бү­кіләлемдік жарыстың қазақ жерінде өтуінің өзі еліміз үшін үлкен мәртебе.
Қазіргі таңда допинг дауы әлем­дік ақпараттар ағымының басты назарында тұрғаны белгілі. Оған дәлел ауыр атлетикадан айды аспанға шығарып, әлемдік рекордтар жасаған олимпиада чемпиондары, жұлдыз­дарымыздың допинг дауына ілігіп, бар медаль, атағынан жұрдай болып тақырға отырып қалуы. Сондықтан да осы қоғамда ушығып тұрған уытты мәселені де ерекше назарда ұстауды жөн көрген «Универсиада –2017» дирекциясы FISU медициналық комитетімен бірігіп, бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада жарыстарына қатысты жаңадан допинг-бақылау жұмысын жасап шығарыпты. Сонымен бірге спортшыларды сынақтан өткізу де жоспарда қатаң қаралған. Допинг-бақылау жүйесі бүкіләлемдік допингке қарсы кодекс пен халықаралық сынақтан өткізу стандартына сай жасалып отыр.
Спортшылар үшін жарақат алып қалмаудың өзі бір жеңіс. Бетін ары қылсын, бәсеке барысында ауыр жарақат алып қалған спортшыларға «жедел жәрдем» көрсету қалалық медициналық орталықтарының жауапкершілігіне жүктелген. Сондықтан да жарыс кезінде Алматы қаласының 8 стационарлық орталығы көмекке тартылып, 30 медициналық «жедел жәрдем» бригадалары қамтылған.
Мұның өзі спортшыларымыз бен келген қонақтардың аман-сау­лығы айрықша назарда дегенді білдіреді.
Универсиадаға қатысып ел намасын қорғағалы отырған 227 спортшының 121-і ұл, 106-сы қыз бала екендігін айта кеткеніміз жөн. Студент жастарымыз еліміздің Көк байрағын көктен желбіретіп, табыс­ты өнер көрсетуді мақсат етуде. Қазақстанның намысы үшін сынға түскелі отырған спортшыларымыздың ішінде Денис Тен, Юлия Галышева, Роман Керч, Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша секілді алтыннан үміткер маңдайалды спортшыларымыз бар.
Алдағы Универсиада барысында еліміздің әр аймағынан «Эстафета алауының» тұталуы аталған  бүкіләлемдік студенттер арасында жалауын желбіреткелі отырған байрақты сайысты насихаттаудың маңызды бір бөлігі болып саналады.
Қаңтардың 25–29 аралығында Алматы мен Астанадан өзге Қазақстанның әр облысының орталығында Алау оты жағылады.
Жарыстың ашылуын білдіретін Алау оты 2017 жылдың 25 қаңтар­ында Астанадағы Назарбаев университетінің қабырғасында тұталып, ақпанның 9 жұлдызында «Эстафеталық алаудың» жабылу салтанаты Алматыда өтеді. «Эстафеталық алауды» елімізге танымал қоғам, мәдениет, спорт саласындағы белгілі тұлғалар және студенттер алып жүретін болады.
Жалпы еліміз егемендік алғалы бері қазақстандық спортшылар бүкіләлемдік студенттер арасында өтетін Универсиадаға 12 рет қатысып, 44 медаль жеңіп алған. Оның 18-і алтын, 13-і күміс,13-і қола медаль.
Қазақстанның Универсиада тарихындағы ең жарқын жеңісі 2015 жылы Словакия мен Испанияда өткен жарыс болып есептелінеді. Сол сында саңлақтарымыз  шаңғы жарысы, биатлон, фристайл секілді спорт түрлерінен 5 алтын және өзге түрлерден 6 күміс жүлдені ел қоржынына түсіріп, Қазақстан командасы «Fisu» ресми емес есебі бойынша үшінші орынды иеленген.
Ал енді қазақ жерінде тұңғыш «Эстафета алауы» жағылатын аламан жарыста қазақстандық спортшылардың командалық үздік үштікке таласудың талабы қаншалықты екендігін алдағы бәсекеде көре жатармыз. Әзірге 28-ші рет өткелі отырған бүкіләлемдік «Универсиа­да – 2017» жарысына дайындық жоғары деңгейде жасалып жатыр деп  толықтай айтуға болады.
Уақыт өзі  сыншы. Көппен күткен ұлы мереке халықтың есінде ұмытылмастай әсерде қалар деген ойдамыз.


Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген 
Мұрат БЕЛГІБАЕВ.