ҮШ ДҮРКІН ЖЕҢІМПАЗ: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ВОЛЕЙБОЛШЫЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 18.10.2019
Оқылды: 1589

Талдықорған қаласында ерлер және әйелдер арасында волейболдан Қазақстан Республикасының суперкубок ойындары өтті. Дүбірлі додаға әйелдер арасында Өскеменнің «Алтай», Павлодардың «Ертіс-Каз-хром», Алматының «Алматы» және Талдықорғанның «Жетісу» командасы қатысты. Суперкубок ойынын Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының президенті Нұртай Абықаев, облыс әкімі Амандық Баталов тамашалады.

Суперкубок ойындарына қара үзіп шыққан төрт команда өзара кубокты сарапқа салды. Әуедопты серік еткен қыздар тамаша ойын өрнегін көрсетті. Әр ойын өзінше қызыққа толы болды. Алғашқы күні жерлестеріміз «Ертіс-Казхром» командасын қабылдады. Тартысты ойында жарыс қожайындары жеңісті жұлып алды. Соққан соққылары діттеген жеріне түсіп, ұпай санын арттыра түсті. Клубтық кубокта жолы болмаған жетісулықтар супер кубокта қапы қалмауды ойлады. Намысқа тырысып, қарсыластарын 3:1 есебімен ұтты. Ал «Алтай» командасы алматылықтарды ойсырата жеңді. Команда сапында Зарина мен Сананы алған алтайлықтар, жанкүйердің делебесін қоздырды. Сойқан соққысымен көпшіліктің таңдайын қақтырып, волейбол ойынының қызығын паш еткендей. Бар талантын алаңда көрсеткен қос аруға қос қапталдағы жанкүйерлер қос қолдап қолдау көрсетіп, тік тұрып қол шапалақтады. Қызығы мен сиқыры көп волейбол ойынының кереметі осында болар. Кез келген адамды баурап алып, ойынның қызығына батырып жібереді. Осылайша тартысты ойын көрсеткен өскемендік команда «Алматы» командасын жолынан ығыстырды. Одан кейін «Жетісу» мен «Алматы» командасы кездесті. Бұл жолғы кездесуде де жерлестеріміздің айдарынан жел есті. Жанкүйерлердің үлкен қолдауын сезген қыздарымыз қарқынға қарқын қосып, жеңісті бір табан жақындатты. Тіпті ұпайдан шашау шығармай, әр соққысын нәтижелі етіп отырды. Үш партия да жеңіске жетіп, қарсыластарын ойсырата ұтты. «Алтай» командасы «Ертіс-Казхром» командасымен жүздесті. Екі команда да аянып қалмады. Бірақ шеберлігі басым өскемендік арулар жеңіске жетті. Олар үш кезеңде де оқ бойы озық болып, ойынды өз пайдасына шешті.

Енді шешуші кезең. Өткен жылы ел чемпионатында ұтылған жерлестеріміз бұл жолы «Алтайдан» есе қайтара ала ма деген ой тұрды. Оның үстіне жуырда ғана ҚР кубогында да есе жіберіп қойған. Бұл жолы қайтсе де намысқа тырысу керек. Команда сапы да жаңа ойыншылармен толығып, бас бапкер де ауысқан. Өткен жылы чемпионаттан кейін В.Шапранды алмастырған Жанболат Бурхан ойынға өзгеріс енгізе ме? Дәл осындай сұрақтар көптің көкейінде болды. Бұл сауалдарға соңғы кездесуде ғана көз жеткіздік. Сонымен Алматы мен Павлодардың командалары өзара тартысты. Қызыққа толы болған кездесуде павлодарлық қыздардың жолы болды.

Соңғы суперкубокты сарапқа салған «Алтай» мен «Жетісу» жанкүйерлерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Екі команда да бар күшін салды. Жетісулықтардың сапында кубалық екі қызға алғыс айту керек. Алаңның екі қапталынан шабуылдаған Батиста мен Паласио ауыр соққылар жасап, қарсыластардың бетін қайтарып отырды. Ал ортаңғы шептен, екінші сызықтан қақырата соққан Сара Лазо кез келген тосқауылды бұзып-жарды. Соңғы жылдары жеңіске бір табан жерден сүрініп жүрген жерлестеріміз бұл жолы алтын тұғырдан қол бұлғады. Үш партия бойы шабулдап, өскемендіктерді 3:0 есебімен ойсырата ұтты.

Осылайша, жетісулықтар Қазақстан Республикасының суперкубогының үш дүркін жеңімпазы атанды. Ойын соңында «Алтай» командасынан Сана Анарқұлова, «Жетісу» командасынан Паласио ең үздік ойыншы атанды. Жарыс соңында жеңімпаздарды волейбол федерациясының президенті мен Алматы және Алматы облысы волейбол федерациясының президенті, облыс әкімі Амандық Баталов марапаттап, кубок табыс етті.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ