Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАН: КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

Уақыты: 21.10.2019
Оқылды: 313
Бөлім: АЛАМАН

Жастар жылына орай Талдықорған сервис және технология колледжінде ауқымды спорттық шара өтті. Спортшы жастардың басын қосқан шараны Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, аталған білім ордасының директоры Ләззат Базарқұлова ұйымдастырды.

Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараға колледжде оқып жатқан 600 студент қатысты. Олар дәстүрлі «президенттік миля» жеңіл атлетикалық кросы, арқан тарту және өзге де спорттық нормативтер бойынша сынға түсіп, өз араларында кім мықтыны анықтап көрді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, сайыстың мақсаты – үздіктерді анықтау емес, жастарды спортқа баулу.

- Студенттердің барлығын жаппай спортқа тарту мүмкін емес. Дегенмен, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауға күш салу – біздің міндетіміз. Шәкірттер де мұны жақсы түсінеді. Қазір біздің колледж студенттері барлық спорт түрінен жақсы көрсеткіштер көрсетіп жүр. Мәселен, қыздарымыз шағын футболдан Алматы облысының және Талдықорған қаласының чемпионы, волейболдан облыс чемпионатының күміс жүлдегері. Өз ісіңе жаныңды салып, жауапкершілікпен қарасаң, міндетті түрде нәтижесін көресің. Студенттерімізге әлі де береріміз, үйретеріміз көп, – дейді колледждің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бақтияр Әбілтаев.

Колледж директоры Ләззат Базарқұлова тек спорттық шараларды ұйымдастырумен шектелмей, студенттерді оқу-білімге ынталандыру жолында да игі істердің бастамашысы болып жүр. Бүгінде колледж заманға сай және сұранысқа ие кәсіби маман даярлауда облыстағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының сапында тұр.

Дәулет БЕЛЕЖАНОВ,

Талдықорған сервис және технология колледжі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

Алматы облысы