Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"БАР ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ": АУДАН ӘКІМІ ЧЕМПИОН ҚЫЗДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 24.10.2019
Оқылды: 246
Бөлім: АЛАМАН

Таяуда Өзбекстан астанасы Ташкентте самбодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өткен еді. Кіл мықтылар сайысқан сол байрақты бәсекеде жетісулық палуан қыз Аружан Арман ел намысын қорғады. Ол 44 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, әлемдік додада топ жарды. Қола жүлдегер атанған қаршадай қыздың жеңісіне ел-жұрты сүйінді. Әсіресе, туған өлкесі – Еңбекшіқазақ ауданының жұртшылығы ерекше қуанды.

Іле-шала тағы бір ақжолтай хабар Біріккен Араб Әмірліктерінен келіп жетті. Ондағы әл-Фуджера қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында Мақпал Ерболатқызы есімді жерлесіміз қола жүлдені қанжығасына байлады. Сөйтіп, Есік қаласында тұратын қазақтың екі қызы чемпиондық тұғырға көтеріліп, абыройымызды асқақтатты.

Спортшы қыздарды Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ арнайы қабылдап, жұртшылық атынан алғысын білдірді. Сый-сияпат көрсетті.

– Ұлы Даламыз ақыл-парасатымен жұртты аузына қаратқан асыл аналарымызға, ел басына күн туғанда жаумен шайқасқан батыр қыздарымызға кенде болмаған. Оны тарихтан жақсы білеміз. Қанда бар осы қасиеттің қайталанатыны анық. Соның бір дәлелі – сендердің бүгінгі жетістіктерің. Әлемдік додада топ жарып, мерейімізді өсіріп отырсыңдар. Алдарыңда Олимпиада дейтін асқақ шың тұр. Оның биігіне жету, әрине, оңай емес. Бірақ төккен тер босқа кетпейді. Сендердің үлкен мақсаттарға ұмтылып, алаңсыз жаттығуларыңа біздің тарапымыздан бар жағдай жасалады. Жеңісті күндерің көп болсын! – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.

Бүгінгі таңда аудан жастарының спортқа деген қызығушылығы жыл санап артып келеді. Есік қаласында жаңадан ашылған спорт мектебінде 15 түрлі үйірме жұмыс істеуде. Онда білікті бапкерлер қызмет атқарады. Аружан мен Мақпал да осы мектептің түлектері.

Мәселен, Аружанның бапкері Абай Сырғабаев – аудандағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры. Білікті жаттықтырушы бір жылдың ішінде бес Қазақстан чемпионын дайындап шығарған. Бұл – зор жетістік. Сол жүйріктердің қатарында Аружан да бар.

Ол бұдан бұрын, 2018 жылы Сербияда өткен самбодан әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізген еді. Сөйтіп бүгін екі мәрте әлем чемпионы атанып отыр. Аружан Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт және дене шынықтыру факультетінің бірінші курс студенті.

Ал Мақпал Ерболатқызының бапкері Тілек Манап ауданда бокстан аға жаттықтырушы. Халықаралық AIBA төрешісі. Осыдан-ақ тәлімгерінің қандай дәрежеде екенін аңғаруға болады. Мақпал қазір Алматыдағы республикалық дарынды балаларға арналған спорт интернатында оқып жүр.

– Біздің міндетіміз – ауыл жастарын қанаттандырып, оларды ел чемпионы дәрежесіне дейін жеткізу. Шүкір, жастарымыз өте қабілетті. Аудан басшылары да спорт саласының дамуына қолдау көрсетіп келеді. Шәкірттеріміздің әлемдік додада топ жарғаны – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді спорт мектебінің директоры Абай Сырғабаев.

Чемпион қыздардың алар асулары әлі алда. Біз оларға тек сәттілік тілейміз.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы