БУДАПЕШТ: ЖЕТІСУЛЫҚ СПОРТШЫЛАР ҮМІТТІ АҚТАП ЖАТЫР

Уақыты: 01.11.2019
Оқылды: 1109

Будапеште жиырма үш жасқа дейінгі жастар (U-23) арасында әлем чемпионаты өтуде. Әлемнің мықтылары қатысатын бәсекеде жетісулық балуандар да бақ сынауда.

Алматы облысынан жеті балуан аттанған болатын. Солардың арасында бірінші болып жүлде салған облыстық олимпиадалық резервтер даярлау орталығының балуаны Адлан Асқаров күміс медальға қол жеткізді. Ол ақтық сында кубалық қабылан Рейнери Андреу Ортегаға есе жіберді. Адлан финалға дейін Қырғыз, Моңғол, Иран балуандарын ұтқан болатын. Мадияр Құрамысовтың қол астында жаттығатын Адлан әлі талай жеңістерге жетеді деген үміт басым.

Жүлдегер әлем чемпионаты алдында Талдықорғанда өткен Аманжол Бұғыбаевтың атындағы турнирде іріктеуден өтіп, сол бәсекеде қарсылас шақ келтірмеген еді. Бапкерлер сенімін ақтаған Адлан әлемдік сында да сенім үдесінен шыға білді. Жүлдеге қол жеткізген Адлан Асқаровты жанкүйерлері мен бапкерлер, спорт мектебінің оқушылары Алматы қаласында әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды. Жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Адлан Асқаровты бапкерлер қауымы құттықтап, алдағы бәсекеде де ел намысын жоғары ұстауына тілектестігін білдірді.

Адланның жеңісті жолы жетісулық балуанға қанат бітірді десе де болады. Қыздар арасында сынға түсіп жатқан балуандардың ішінде 55 келі салмақта өнер көрсеткен Марина Седнева қола жүлдеге қол созды. Болашағынан көп үміт күттіретін Марина осымен әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері атанды. Әділет Ермаковтың қоластында жаттығатын Марина ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, жүлдеге қол жеткізе алмай қалған болатын. Міне, жастар арасында тамаша өнерімен жанкүйерлерін қуантты.

Аталған додаға қатысушылардың арасында Жәмила Бақбергенова, Есқали Даулет, Жұмай Ілияс, Нұрбек Қызыров сынды жетісулық балуандар бар. Олардың да жолына үмітпен қарайтынымыз анық.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ