ТАЛДЫҚОРҒАН: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР СУДА ЖҮЗУДЕН ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 1134

Талдықорғандағы «Өркен» спорт кешенінде мемлекеттік қызметкерлер арасында суда жүзу спортынан жарыс өтті. Додаға 8 команда қатысты.

Шара барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сайыс облыстық ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт басқармаларының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің мұрындық болуымен өтті. Өңірімізде мемлекеттік қызметкерлер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған дүбірлі дода тартысқа толы болды. Жарысқа жоғары дайындықпен келген спортшылар жеңістің желкенін көтеру үшін барын салып өнер көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша 100 метр қашықтықта 1-орынды Алмаз Нақыпбаев, 2-орынды Рустам Орсаев, 3-орынды Шынтас Нысаимов жеңіп алды. 25 метр қашықтықта 1-орынды қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы, облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, 3-орынды жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы еншіледі. Эстафета сайысында 1-орынды жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, 2-орынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті, 3-орынды мемлекеттік кірістер департаментінің командасы қанжығасына байлады. «Қорғаушы» сайысында 1-орынды Алмаз Нақыпбаев, 2-орынды  Шынтас Нысаимов, 3-орынды Рустам Орсаев иемденді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды